МҰҒАЛІМ – ҰЛТТЫҢ ЗИЯТКЕРЛІК ҚУАТЫ

Президент Қ.Тоқаев елімізде өткен педагогтер съезіне қатысып, ел болашағы жарқын, дамыған мемлекетке айна­лу үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүргенін атап өткен еді. Мемлекет басшысы ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, беделін арттыруға мемлекет тарапы­нан ерекше көңіл бөлініп жатқанына назар аударды.

Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы екі есе өсті. Балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейіп, еңбек демалысы да ұзартылды. Мұғалімдер міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тастал­ды. Ұстаз кәсібін, біліктілігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылып жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетел­де оқып келді. Соңғы кездері мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Бүгінде педагогика са­ласы ғылымның ең маңызды тармағына айналып отыр. Осы ретте Мемлекет басшысы ұстаздар біліктілігін арттыру қажет екенін атап өтіп, педагогтардың бүгінде тек пәнді ғана үйретіп қана қоймайтынын, олар балалардың әлеуметтік дағдылары мен эмоциялық интеллектісін дамытуға ықпал ететінін айтты.

Қазақстанда жыл сайын 400 мыңнан астам бала өмірге келеді. Бұл қуанышты жайт. Алайда демографиялық өсу қарқыны білім беру жүйесіне үлкен салмақ түсіреді. Тәуелсіздік жылда­ры елде 2300-ге жуық мектеп салын­ды. Үш ауысыммен оқу жүйесі әлі күнге дейін бар. Көптеген мектептің техникалық жағдайы ескірген. Елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Мемлекет бас­шысы елдің кәсіпкерлерімен кез­десу барысында қайырымдылық ретінде облыс, қалаларда мектеп салу мәселесін қозғағанын білеміз. Пре­зидент мектепті ең қауіпсіз орынға айналдырудың білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесін орнатудың маңызды екенін еске салды. Мектеп оқушылары ара­сында белең алған буллинг, әлімжеттік, зорлық-зомбылық көрсету проблема­лары да Мемлекет басшысы назары­нан тыс қалмады.

Тағы бір маңызды міндет – қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасының теңсіздігін жою. Ауыл мектептерін зияткерлік, қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды екенін айтты. Мек­теп бірнеше әлеуметтік нысан рөлін атқарады. Онда қоғамдық жиындар, мәдени іс-шаралар, спорт жарыстары да өтеді. Президент білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету қажет екенін еске салды. Цифрлан­дыру шешімдері озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Сол арқылы тіпті шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің, әлемнің үздік ұстаздарының материалдарын, сабақтарын қамтамасыз етуге бағытталады. 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жыл­дам жоғары интернетке қосу қажет екенін де айтқан еді.

Оқушыларға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру керек. Мем­лекет тірегі – адал азаматтар. Елде осы қағидаға негізделген жаңа қоғамдық этика орнығуы тиіс. Мек­теп ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды балалар бой­ына сіңіретін орталыққа айналуы тиіс. Қазақстан- зайырлы мемле­кет. Бұл қағида барлық білім беру мекемелерінде қатаң сақталуы тиіс. Мектеп – білім ордасы. Балалар мек­тепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Бала есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс. Ең ба­стысы, көзқарасы айқын, санасы сер­гек, дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек.

Президент «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» Жолдауында білім саласына ерекше тоқталды. Жыл сайын мектептерді жаңа үлгідегі тех­нологиялармен жабдықтау, балабақша, мектеп, колледж, ЖОО педагогтерінің жалақысын көтеру, мұғалімдікте оқитын студенттер шәкіртақысын арттыру, салаға бөлінетін гранттар санын көбейту секілді игілікті істер артып келеді. Жолдауда мұғалімдер біліктілігін арттыруға, әлеуметтік мәртебесіне көңіл бөлінген. Сондай-ақ білім саласындағы мәселе орта білім беру жүйесін жетілдіру болып табы­лады. Жолдауда «ел кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады» деп, «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асы­рылып, 2025 жылдың соңына дейін за­манауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланғаны да ай­тылды. Сала мамандарына маңызды міндеттер жүктелді.

Осы орайда ауданның білім са­ласында атқарылған жұмыстарына тоқталып кетуді жөн көрдік. Бүгінде ауданымызда 1052 педагог еңбек етеді. Атап айтсақ, мектептерде – 745 пе­дагог, бөбекжай-бақшаларда – 245, қосымша білім беру ұйымдарында- 40, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде -13, аудандық білім бөлімінде- 9 педагог. Педагогтардың 930-ы – жоғары білімді, 118-і арнаулы орта білімді мамандар. Біліктілік санат­тары бойынша жіктесек, басшылық қызмет бойынша 5 адам – І біліктілік санатты, 6-ы – ІІІ біліктілік санатты. Басшы орынбасарлары бойынша 8-і – І санатты, 12-сі ІІ санатты, 11-і ІІІ са­натты. Сонымен қатар педагогтар бой­ынша «педагог-шебер» біліктілік са­наты – 3, «педагог-зерттеуші» – 174, «педагог – сарапшы» – 194, «педагог- модератор» – 185. 2024 жыл бойынша 407 педагог және оларға теңестірілген тұлғалар біліктілік санаттарын көтерді.

- Жаңа 2024-2025 оқу жылына кон­курс негізінде барлық білім беру ұйымдарына 59 педагог жұмысқа орна­ласты, оның 15-і – жас маман. Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарына 15 педагог қызметкерге қажеттілік бар. Осыған байланысты облыстық Білім беру басқармасына және жоғары оқу орындарына сұраныстар жіберілді. Жұмысқа орналастыру бойынша ма­мандар жәрмеңкесі 2025 жылдың на­урыз айынан басталады. 2023-2024 оқу жылында 14 педагог 345 000 теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақыға ие болса, төрт педа­гог тұрғын үй алу үшін 5,175 000 теңге көлемінде бюджеттік не­сие алды. Педагогикалық әдепті сақтау мақсатында барлық білім беру ұйымдарында педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестер құрылып, өз қызметін қолданыстағы заңнамаларға және объективтілік пен әділдік, әдептілік қағидаларын басшылыққа алып, атқарып жатыр. Кеңес құрамы үлгілік қағидаларға сай тағайындалған. Аудан педагогтері тарапынан оның кәсіптік қызметін жүзеге асыруға кедергі келтіргені туралы өтініштер түспеді, кәсіби құқығы мен материалдық құқығын шектеу тура­лы фактілер анықталмады. Ауданның барлық педагогтеріне ұзақтығы күнтізбелік 56 күн жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы, жылына бір рет кемінде бір лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы беріліп төленуде. Ауылдық жерде еңбек ететін мұғалімдердің жалақылары 25 пайызға арттырыл­ды. Сондай-ақ республика бойын­ша педагогтің жалақысы 2020-2023 жылдар аралығында әр жылы 25 пайыздан, төрт жылда 100 пайызға еңбекақысы өсті. Аудан педагогтерінің кәсіби қызметтегі міндеттерін толық орындауы, педагогикалық әдептің негізгі қағидаларын сақтау, олардың педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестер тарапынан қатаң қадағаланады, -дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Берікқызы бізбен әңгімесінде.

Қыркүйек айынан бастап тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларға арналған «Цифрлы ұстаз» жобасы іске қосылды. Жоба аясында 15 мектептің 620 оқушысы қосымша біліммен қамтылады. Ерекше балаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер «МаLaHiT» бірыңғай платформасы арқылы автоматтандырылды. Бүгінде отбасыларда 21 жетім бала тәрбиеленіп жатыр.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT