Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында: “Қазақстан – әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет.
Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек”, – деген болатын.
Иә, салмақты көзқарас пен көреген саясаттың арқасында ғана мемлекет көрші елдермен ынтымақтастық орнатып, қоғамдағы түрлі қауіп-қатерлерге, қылмыстың өршуіне тосқауыл бола алады. Өйткені еліміздегі құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық немесе табиғи апаттар тек Қазақстанның ғана мәселесі емес. Бүгінгі дүрбелең дүниеде кез келген үдеріс – бүкіл әлем халқы үшін ортақ өзекті мәселе.
Сондықтан күн санап қарқындап дамып жатқан технологиялар дәуірінде көштен қалмай, әлемдік озық тәжірибелерді енгізу барысында көршілес мемлекеттердің пікірін тыңдау, өзара ойласу – жалтақтық емес, қайта достастықты бекіте түсетін маңызды қадам.
Бейбіт заманда қарама-қайшылық туғызып, соғыс отын тұтату – өзара түсіністік пен келісімнің жоқтығынан.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан бастамалары – қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған нақты шаралар. Сондықтан Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыруға қолдау көрсету, оны орындауға атсалысу – әрбір қазақстандықтың абыройлы парызы деп білемін.
А.Бақтыгерейқызы
"Қоғамдық келісім" КММ-нің Махамбет ауданы бойынша бас сарапшысы