Ауданда 6 шілде Астана күніне орай «Нұр-Сұлтан – жасампаз Елорда» атты мерекелік шара өтті.
Елдігіміздің, бірлігіміздің ұйытқысы болған – айшықты Астананың мерейтойына арналған мерекелік кеште Махамбет аудандық мәслихатының шешімімен саналы ғұмырын туған жерінің гүлденуіне жұмсаған қажырлы қайрат иелері, ауданымыздың бірқатар азаматтарына «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атағы табысталды.
Заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға қосқан елеулі еңбегі үшін марқұм Базарғали Қадырғалиевқа, өскелең ұрпақ бойында азааматтық пен патриотизмді тәрбиелеуде және білім беру сапасын жетілдіруде айрықша үлес қосқаны үшін Самат Жайлашевқа, ауданның мәдениет және бұқаралық ақпарат саласына қосқан елеулі еңбегі үшін Қадыржан Қазымбекұлына және халық шаруашылығы саласына инновациялық озық технологияларды енгізгені және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Владимир Розметовке «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
- Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласы күн санап көркейіп жайнай түсуде. Жастық пен жасампаздықтың жарқын бейнесіне айналып, әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол тартты. Елордамыздың асқақтауына, дамуына атыраулықтар да өз үлестерін қосқаны белгілі. Халқымыздың рухани жаңғыруына серпін, саяси-экономикалық тынысына қуат беретін астанамыз жасай берсін. Бүгінгі салтанатты шараға қатысушыларды, барша аудан тұрғындарын мерекемен құттықтай отырып, әр отбасына мол ырыс пен байлық тілеймін, - деді аудан әкімі Р.Бауыржанұлы.
Сонымен қатар ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне зор үлес қосқан Әлимұхаммед Құттымұратұлы мен халық шаруашылығына еңбегі сіңген Күләш Темірғалиеваға да ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілді.
Бұл марапат – елі үшін еңбек еткен азаматтардың еңбегінің өтеуі. Құрметке бөленген еңбеккерлер өздерінің мерекелік ыстық лебіздерін де жеткізді. Шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Суреттер автордікі