Бейбарыс ауылының өнерпаздары көпшілікті тамсантты

Батыр баба Махамбет Өтемісұлының туғанына -220 жыл толуына орай басталған ауылдар фестивалін бейбарыстықтар жалғастырды.

 Бейбарыс  ауылдық округінің әкімі Сейілбек Зұлхашев  өнерпаздардың үлкен концерттік бағдарламамен келіп отырғанын айтып, фестиваль жұмысына сәттілік тіледі.  Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйін Рамиль Елемесовтің орындауында тыңдадық. Елімізге танымал сазгер, бард әнші, ақын Табылды Досымовтың «Биіктік» әнін «Жас дәурен» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ислам Нұрмұхаммад нақышына келтіріп шырқады.  Ауылдық мәдениет үйінің басшысы Тәттімбет Дауылбаев «Қазақтай ел қайда?!» әнін орындаса, Дильназ Әділбай  Молдабайдың термесін көсілтті.  

Ауылдағы Жайлашевтар жанұялық халықтық ансамблі «Туған жер», «Туған ел» әндерімен көрінді. Жас өнерпаз Бибі-Фатима Әділбекова Махамбеттің «Мен, мен едім» термесін, «Қазағымсың» әнімен көпті өзіне тәнті етті.  Бейбарыс ауылдық әжелер ансамблінің «Дедімай-ау» әніне көрермен ерекше қошемет көрсетті.

Жас өнерпаз Нұрай Сарсебаева қобызда «Ақ сиса» шығармасын, ал Нұрай, Нұршат Сарсенбаевалар Шәмші әндерінен попурриді,  Дильназ Марат жетіген аспабында «Жез киік» шығармасын орындаса, әкелі-балалы Сұпығалиевтар «Жайықтың толқындары» әнін шырқады.  Ескендір Хасанғалиевтің  «Атамекен» әнімен концерттік бағдарлама өз мәресіне жетті.

Әділқазы мүшесі, аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ақжол Қонысбаев өнер додасын қорытындылап, фестиваль талапқа сай өткенін, барлық жанр қамтылғанын атап өтті.

А.Қуанышқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT