Амангелді Тұқпашев ұлын-ұяға, қызын-қияға қондырған бір әулеттің тірегі, бірнеше немере-жиендердің асқар тау атасы. Өз заманында ауылдың өркендеуіне елеулі үлес қосқан еңбекқор жан.
Жуырда Таңдай ауылдық кітапханасымен бірлесе отырып, Бақсай кеңшарында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагер Амангелді Тұқпашев ағамыздың шаңырағына бас сұғып, амандасып келдік. Қазақта «ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең» демейме?! Ардагерді Бақсай ауылдық округінің әкімі Ермұрат Сұлтанов та өткен мереклерімен құттықтап, сый-сияпаттар ұсынды. Сонымен қатар кітапханашы Амангелді ағаны жаңадан кітапхана қорына келген әдебиеттермен таныстырып шықты.
Бүгінде қазыналы қартымыз өзінен өрбіген ұрпақтың тәрбиесіне мән беріп, тәлімгер болып отыр. Бала үшін ананың орны қандай маңызды болса, әкенің рөлі де жоғары тұрады емес пе? Әке-отбасының қамқоршысы, тіреуі ғана емес сол шағын мемлекеттің жауапты басшысы іспеттес. Бүгінде әкенің алдына шығып ақыл айтып, әкесіне қол көтеріпті деген небір сұмдық жайттарды естіп жатамыз. Отбасылық құндылықты сақтап қалу үшін ең алдымен әкенің қатал мінезі, ананың парасаттылығы керек әрине. Қазақта «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демей ме. Амангелді ағаларымыздай ардагер, жастарға үлгі азаматтардың ауылымызда, арамызда болғаны көңіл қуантады.
Жадыра Есенова,
Таңдай ауылы