Репрессияға ұшыраған кәріс халқы өкілдерінің Махамбет ауданына келіп қоныстанғаны биыл 85 жыл толды.
Жолдан әбден қажып, қалжыраған кәрістерді қазақтар болмысына сай құшағын айқара ашып, емін-жарқын көңіл күймен қарсы алды. Бүгінде Атырау облысында 3 мыңға жуық корей этносының өкілі тұрады. Қиыр Шығыстан 85 жыл бұрын Қазақстанға күштеп депортацияланған кәрістердің бір тобы Атырау облысына қоныстанған. Олардың алғаш табан тіреген орны – Бейбарыс ауылы. Кәрістер тұрақталып, етек-жеңін жиған соң саманнан үйлер соғып, күріш егіп, күнкөріс қамына кіріскен еді. Қазақстанда тұрған 85 жыл ішінде кәріс диаспорасының арасында өз интеллигенциясы қалыптасып үлгерді. Әлеуметтанушылардың айтуынша, кәрістер мектепте математика, физика, химия сияқты нақты ғылымдарды жақсы меңгерген. Бейбарыс ауылының кәрістері арасынан генерал, вице-министр, танымал профессорлар шықты. Қазақстанды өз Отаны санайтын бүгінгі ұрпақтары алдымен өздері орнатқан «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Сталиндік зұлмат пен зобалаңның, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып, жазықсыз жапа шеккен ата-бабаларының рухына тағзым етті. Кейін география пәнінің мұғалімі, Чкалов орта мектебінің директоры, кеңшар төрағасы қызметтерін атқарған Шин И Хён (Сергей Иванович) атындағы көше мен ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев жиналғандарды құттықтап, ауылға қолдау көрсетіп келе жатқан ұрпақтарына алғыс білдірді.
– Корей ұлтының 100 мыңға жуық өкілі қақаған қыста жүк вагондарымен айдалаға жер аударылып келгенде кеңпейіл қазақ халқы оларды жатсынбай, бауырына басып, қиын-қыстау заманда көмек қолын созған еді. Қазақ қай ұлтты болмасын құшақ жая қарсы алып, құрметтеген, қамқорлаған. Жер аударылған кәрістерді қоныстандырып, бір халық болып өмір сүре бастадық. Жақсылықты түсіне білген кәріс ұлтының өкілдері қашанда қазақ халқына қарыздар екенін айтудан жалыққан емес. Бүгін біздің достығымыз бен ынтымағымыздың беріктігі – халқымызды біріктіретін айтулы оқиғаларды еске алып, өткен тарихты жадымызда сақтау,-деп ізгі тілегін білдірген аудан әкімі Қайрат Есқабылұлы туған жеріне қамқорлығын аямай келе жатқан Бронислав Сергеевичке алғыс хат табыстады.
Шин И Хён (Сергей Иванович) Ресейдің Примор өлкесінде 1919 жылы өмірге келген. Сол өңірдегі барлық кәріс ұлтының өкілдері 1937 жылы Гурьев облысы, Чкалов селосына жер аударылған еді. Осы жерде бір бөлмелі саман тастан қаланған шатырсыз орыс-кәріс бастауыш сыныбын ашуға мұрындық болды. 1952 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен тасымалдау саласында алдыңғы қатардағы кеңшарға төраға болып сайланды. Ұлағатты ұстаздың есімін ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында өткен шара барысында оның ұлы Бронислав Сергеевич те жергілікті халыққа ризашылығын жеткізді.
– Бүгін – менің өмірімдегі ең маңызды сәттердің бірі. Жергілікті тұрғындардың әкеме деген құрметін көріп, толқып тұрмын. Бұл ауылдың әр тасы мен үшін ыстық, өйткені сонау 1937 жылы ата-анамызды бауырына басқан еді. Сол жылдары бұл жерде түк болмаған. Жергілікті қазақтар қолдарындағы бір үзім нанын бөліп беріп, 10 мың шақырым жерден келген кәріс халқының аман қалуына септігін тигізді. Әке-шешеміз жертөле қазып, қамыстың үстінде ұйықтады. Бүгінде олардың ұрпақтары еліміздің, әлемінің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет атқаруда және туған жерлеріне қолдарынан келгенше жәрдемін тигізіп келеді. Мен де әрқашан туған жеріме көмек бергім кеп тұрады. 1999 жылы Атырауға келгенімде сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов өңірде жол салу жұмыстарын жасау қажеттігін айтты. Содан бері облыс көлемінде, соның ішінде Махамбет ауданында тасжол салу жұмыстарын атқарып келеміз. Себебі Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылы – менің туған өлкем. Сіздердің корей халқына жасаған жақсылықтарыңыз ешқашан ұмытылмайды,- деді «Алматыинжстрой» АҚ құрылтайшысы, меценат, Махамбет ауданының Құрметті азаматы Бронислав Шин.
Меценат Бронислав Шин еліміздің көптеген қалаларына жол салу жұмыстарын атқарып келеді. Сонымен қатар демеушілікпен әлеуметтік нысандардың да құрылысын жүргізіп, халық игілігіне беруде. Бейбарыс ауылындағы за¬манауи футбол алаңы да Б.Сергеевичтің қолдауымен салынды. Ауылдық округ әкімі мен мердігер мекеме өкілі келісімшарт жасасып, ресми түрде ойын алаңының лентасын қиды. Спорт алаңына жасанды төсеніш төселіп, үстіңгі бөлігі тормен жабылып, жарықпен қамтамасыз етіліпті. Мерекелік шараға орай ардагерлер арасында кіші аяқдоптан жолдастық кездесу де ұйымдастырылып, жеңімпаздарға ақшалай сыйақы ұсынылды.
Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ