Махамбет ауданында әскери міндеттілер оқу-жаттығудан өтуде

Әскер қатарында қызмет еткен азаматтар 5 жыл сайын оқу-жаттығудан өтіп, әскери шеберлігін шыңдап отыруы тиіс.

Махамбет ауданындағы «Арай» жазғы демалыс лагері базасында өтіп жатқан жиынға қала, аудандардан 80-ге жуық азамат қатысуда. Бұған дейін әскери борышын өтеп келген 40 жасқа дейінгі ер азаматтар 12 күндік әскери жаттығулары бары¬сында өздерінің әскери мамандығы және жалпы әскери пәндер бойынша теориялық және практикалық сабақтар курсын меңгеруі тиіс.

asker1-2

– Мен әскерден келгелі 22 жыл уақыт өтіпті. Шымкент қаласындағы №6506 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышымды өтеп келген едім. Қазіргі күні «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамында қызметтемін. Жұмыс барысында түрлі оқыс оқиғалар орын алады, сондай кезде салқынқандылық таныта отырып, әрекет етеміз. Мұның бәрін әскери өмірден үйреніп, қызметімізде кәдеге асырып отырмыз. Әскери жаттығуға шақырылғанда қуана бара¬мын деп шештім,- дейді оқу-жаттығу жиынына қатысушысы, запастағы аға сержант Аманжол Атшыбаев.

Әскери жиынға шақырылған барлық әскери міндеттілер қауіпсіздік шаралары бойынша сабақтардан кейін қару-жарақ пен әскери техниканы зерделейді, оларды пайдалану жөнінде нұсқама алады. Содан кейін практикалық сабақтар ұйымдастырылып, полигондағы шатырлы қалашықтарға орналасады. Жиынға қатысушылар Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен тамақпен және заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі.

asker1-1

– Жыл сайын әскери қару- жарақтар, әдістер мен тех¬ника жаңарып отырады. Оларды меңгеру үшін әскерилер тұрақты жаттығу өткізіп отыруы қажет. Оқу- жаттығу жиыны әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру, әскери оқытылған резервті даярлау, қайта даярлау және жинақтау мақсатында өткізіледі. Мемлекет болғаннан кейін тыныштығымызды нығайту үшін Қарулы Күштер әскері қай кезде де дайын болуы шарт,- дейді оқу-жаттығу жиынының нұсқаушысы, сержант Берік Құбашев. Айта кету керек, жиын кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны, лауазымы, оған сәйкес келетін орташа айлық жалақысы сақталады және бұл республикалық бюджет қаражаты есебінен төленеді.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT