Балалық шағымды еске алып қоятыным болмаса, Нұр-Сұлтан қаласы жаныма «майдай жақты».
Болашағын елордамыз Нұр-Сұлтан қаласымен байланыстырған адамның алдынан екі бірдей есік ашылады: бірі – ғылым-білімге деген, келесісі – жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеяларға толы жарқын болашаққа деген бастау. Бұл үлкен қалада - үнемі қайнаған тіршілік, бәсекелестік жоғары, ал бәсекелестік бар жерде ғана алға жылжуға, дамуға мүмкіндік бар.
Мен Махамбет ауданында орналасқан Дүйсенғали Төленов атындағы мектеп-гимназиясын 2011 жылы «Алтын белгімен» аяқтап, қазіргі О.Шонаев атындағы орта мектептің директоры, бұрын сынып жетекшіміз болған Жанаргүл Дүйсенғалиева апайымның бағыттауымен, ақыл-кеңесімен журналистика мамандығын таңдадым. Сол арманмен Л.Н.Гумилев атындағы университеті «журналистика және саясаттану» факультетінің «журналистика» мамандығына грантқа оқуға түстім. Кейіннен «Тұран-Астана» университеті «педагогика және психология» факультетінің «қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша магистрлік дәрежені қорғап шықтым. Астана қаласын (қазіргі Нұр-Сұлтан) таңдап, «журналистика» мамандығына түсу үшін шығармашалық емтихан тапсырдық. Соның ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен «сен тұр, мен атайын» дейтін мірдің оғындай оғландар жиналып, сынға түскен кезде менің бойымда сәл де болса қорқыныш болғандығын жасырмаймын. Өйткені, мысалы менің достарым, сыныптастарым жоғары орнын 4 түрлі қаладағы білім ордаларын таңдады, менде тек бір ғана мамандық және қала таңдау мүмкіндігі болды. Қадалған жерден қан алатын қайсарлығымның арқасында, тәукелеге бел буған едім. Міне, журналистика қазанында қайнап жатқаныма бес жылдан асып бара жатыр екен. Еңбек жолым «Қазақстан» ҰТА-ның «Таңшолпан» таңғы ақпараттық-сазды бағдарламасында 2015 жылы, яғни студенттік кезеңде басталды. Қазіргі таңда 5 жылға жуық тәжірибесі бар, өзіндік стилі бар сайт журналисімін.
Алғаш келген жылдары елордамыз едәуір бос қала боп көрінетін. Әйтеуір есімде, оқуға түсуге келген жылы «Бәйтерек» монументі, халық арасында «зажигалка» аталып кеткен кешен, «Нұр-Астана» мешіті секілді нысандар ғана ерекше көзге ұратын. Кейін астанамыз жыл санап емес, күн санап өсе бастады. Сәулет өнерінің теңдессіз үлгілері саналатын кешендер бой көтеріп, сүйікті қаламыз ғажайып шаһарға айналды. Білім ордам Есілдің оң жағалауында орналасты, ал сол жағалауға қыдыруға анда-санда келетінбіз. Қазір астанамыздың атауы да өзгерді. Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқаның төсінде құшағын кеңге жайып, көркіне көрік қосып келе жатыр. Бас қаламыздың келбеті жаңа ғимараттармен, тұрғын үйлермен толығып, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Бұл жерге келгенде мен аса көп қиындық көрдім деп айта алмаймын. Әке-шешем жанымда болғандықтан, ауылымды қатты сағынып үлгермедім. Балалық шағымды еске алып қоятыным болмаса, Нұр-Сұлтан қаласы жаныма «майдай жақты». Бұл қалада жаныңа керектің бәрі бар, ал оның артықшылықтарын көре білу және мүмкіндік ретінде пайдалана білу – әр адамның өз қолында.
Елордада өзімді жайлы, өмірге құштар жан ретінде сезінемін. Өзге қалада 2-3 күн жүре қалсам, Нұр-Сұлтанға деген сағынышым одан бетер арта түседі. Себебі қалаға мен ерекше бауыр басып қалдым, қанша дегенменде тоғыз жылдан бері «астаналықпын» ғой. Бұл қаланың адамдарына бауыр басу өте оңай, ауасы да өзгеше, көздің жауын алатын әдемілігі айтпай кетпеуге болмас. Жұмысымнан бөлек, ата-анам, бауырларым, достарым, туысқандарымның барлығы дерлік осы жақта. Сол себептен де ерекше ыстық шығар деп ойлаймын.
Есілдің оң жағалауында студент кезімде ғана тұрдым, қазіргі күні сол жағалау тұрақты мекеніме айналды. Мен үшін сол жағалау тиімді, себебі жұмыс орным, тұратын үйім осы жағында, қатынау ыңғайлы. Батыр бабамыздың атымен аталатын ауылыңды, түлеп ұшқан жеріңді сағынып-ақ тұрасың, әрине. Көзімді ашқалы бірге ойнап, бірге өскен достарым сол жақта шаңырақ көтеріп, қазіргі таңда бір-бір үйдің шырағы. Жұмысымнан кезекті демалысымды алған кезде, барынша уақыт тауып ауылыма барып келгенді құп көремін. Ұстаздарымды көріп, алғысымды жеткізіп, соның ішінде Жанаргүл апайыма ерекше рахметімді айтып кететінмін. Қазір заман дамыған ғой, телефон, интернет бар, ауылдағы құрбыларымды сағынып кеткен кезде бейнебайланыспен сөйлесіп, олар маған ауылдың суреттерін жіберіп, солай мауқымды бір басып аламын.
Әлемді аяғынан тік тұрғызған коронавирус пандемиясы елімізді де айналып өтпегені белгілі ғой. Осы орайда барша қазақстандықтардың денсаулығы үшін дәрігерлеріміз аянбай күресіп, қолдан келген көмектерін көрсетіп жатыр. Елордамызда инфекциямен күрес өзге аймақтарға қарағанда өте жоғары деңгейде жүргізілуде. Төтенше жағдай енгізілген уақытта да тәртіпке қатаң түрде бағынып, есік алдына азық-түлік алуға ғана шығып, басқа уақытта үйде отырдық. Коронавирус пандемиясының өсім пайызының жоғарылауына байланысты алдыңғы аптадан бастап сенбі, жексенбі күндеріне шектеу шараларын енгізіп, Ақмола облысына блок-бекеттерді қоймаса да, ол жерлер тәртіп сақшыларының тікелей бақылауына алынды. Дәлірек айтқанда, тұрғындар енді Бурабай сынды демалу аймақтарына бұрынғыша кіріп-шыға алмайтын болды. Сенбі, жексенбі күндері тек қана азық-түлік дүкендері кешкі сағат 17.00-ге дейін жұмыс істесе, бұл күндері саябақтар толықтай жабылып, кофейнялардың жазғы террасалары ғана қызмет көрсетуін жалғастырды. Алайда адамдар қазір өзінің және жақынының денсаулығын ойлағандықтан, бей-берекет жиналуды едәуір қысқартты.
Астана – жастығымның, болашақтың қаласы! Астана - өз орнын таба білген әр адамның басына қонған бақ! Астана – ғылым-білім қуған жастар үшін мүмкіндіктер ордасы! Армандар орындалады. Тек армандап қана қоймай, мақсатқа айналдыру жолында әрекет ету қажет. Еңселі елордада тұруға мүмкіндік алып, жаңашылдыққа қадам басқан біз – бақытты ұрпақпыз! Рахмет саған, Астана! Туған күніңмен, Нұр-Сұлтан!
Армангүл НҰРЛАНҚЫЗЫ,
Skifnews.kz ақпарат порталының редакторы