Басқа жұртты бауырына басу қазақ елінің қандай екенін әлемге танытты

Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің киелі қара шаңырақта тату-тәтті өмір сүруі үшін береке мен ынтымақ, бірлік пен бейбітшілік өте қажет. Сондықтан бұл мерекенің маңызы өте зор. Мерекені тойлаудың басты мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін одан әрі арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықты насихаттау.

Жыл сайын атаулы мереке күні Қазақстан аумағында тату-тәтті, береке мен бірлікті, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Бұл күні әр түрлі ұлт өкілдері ән айтып, би билеп, дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер көрсетіледі. Халықтың көңіл-күйін көтеру үшін түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Еліміздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер өтеді.

Қазақстан халқының бірлігі мерекесі Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 18 қазандағы Жарлығымен белгіленіп, 1996 жылдан бері тойланып келеді.

Көптеген ұлттардың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгілік жолды нұсқауда. Әйтсе де, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың алтын бесігін тербеу аяқ астынан туындаған немесе қазақ даласында өздігінен пайда болған дүние еместігі бесенеден белгілі. Ел мен жер иесі саналатын қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған тағдыр тәлкегімен босып келген басқа жұртты бауырына басты. Өзінің тоз-тозы шыққанына қарамастан, басқаның қайғысына да ортақтығын танытты. Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған бөтен жұрт осында мәңгілік тұрақтап қалды. Тәуелсіздік тұсында да қырық жамаудай болған ұлттың құрамындағы осы ерекшеліктерді негізге алғандар «жаңадан пайда болуы ықтимал үлкен қақтығыстар алаңы ретінде даласын меңзеген еді. Алайда қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этностық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына себепші болды.

Қазақстан Республикасындағы халықтардың ынтымақтастық, бірлік, тең құқықпен өмір сүріп жатқандығына әр халықтың салт-дәстүрлерін сақтап келе жатқан қаншама ұлттардың салт-саналарының сақталуына Қазақстан халқы Ассамблеясының қосып келе жатқан үлесін атап өтпей болмайды.

1995 жылы Тәуелсіздігін күллі әлемге паш етіп, өзін егемен ел ретінде жариялағанына бірнеше жыл ғана болған Қазақстанның күйреген империядан мұраға қалған құлдыраған экономиканы түзету, жолындағы арпалыспен қатар, шекарасын шегендеп, мемлекеттілігін нығайтып, алдағы даму жолын айқындау мақсатында әлемдік үрдістердің беталысын байыптап, ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын бірегей мемлекет жолын салуға кіріскен кезі болатын. Сол жылы наурыздың 1-і күні Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативті кеңесші органды құру саяси тұрғыдан ғана емес, жаңадан құрылған, тәуелсіз полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуына жағдай жасау қажеттілігінен туындаған еді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT