Қазақтарға мың алғыс! Қазақстан сонау тәуелсіздік алған жылдары татулық пен келісім формуласын ұқыпты іске асырып, биік белеске жетті. Осы бағытта жылдар бойы қажырлы жұмыс атқарылды.
Ел тұрғындары тыныштық пен қоғамдық келісімнің мәнін ұқты. Өзара сыйластық пен бірліксіз қоғамда береке болмайтынын әр қазақстандыққа түсіндіру жолында ауқымды жобалар іске асты. Елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының орны мен абыройы айрықша. Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиялары жыл сайын өзіндік ерекшелікте өтеді. Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылған институт қазақ жерінде татулық пен келісім идеясының қалыптасып, іске асуына сүбелі үлес қосты. Жүзден астам этнос өкілдерін берекелі шаңырақ маңайына топтастырылып, елдің қарышты өсіп-өркендеуіне септігін тигізді. Этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін ұстануға, дәріптеуге жағдай жасады. Бірлік бар жерде нәтижелі тірлік болатынын бүгінде барша ел-жұрт ұғынды. Сонау Қиыр Шығыстан әкеміз 1937 жылы жер ауып, киелі қазақ жері-Атырауға(Гурьевке) арып-ашып, әзер жеткен екен. Содан өгіз арбамен Бейбарысқа(Чкалов) келген кезде жергілікті қазақтар оларды ақ нанмен құшақ жая қарсы алғанын айтушы еді. Мен де 1958 жылы осы киелі топырақта өмірге келіп, өсіп-өнгенімді айтсам деймін. Өмірлік серігімді осы жерден жолықтырып, қазақтың хас сұлу бойжеткені, Беріш руының қызымен шаңырақ құрып, ұрпақ өрбіттім. Қысылғанда қол ұшын берген, ас-дәмін ұсынып, паналатқан қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз. Елімізге тыныштық пен бақ-береке, баянды ғұмыр тілеймін.
В.Юн,
корей ұлтының өкілі Махамбет ауылы.