Өңірімізде қазақша куиз ойындарының қарқынды тұрде дамып келе жатқаны көңіл қуантады. 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай осымен үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан BAQ QUIZ интеллектуалды ойынын биыл «Атырау-Ақпарат» ЖШС және Қазақстан Журналистер одағының Атырау облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды.
Оған қоса бұл ұл атаулы мереке облыстық «Прикаспийская коммуна» қоғамдық-саяси газетінің 105 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Облыстық телеарналар, баспасөз хатшылары, радио, облыстық, аудандық газеттер, ассамблея құрамасы, тәуелсіз журналистер мен тұрақты оқырмандар командасы бас қосқан ойын өте тартысты өтті. «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің бас директоры Нұрболат Елеусінов қатысушыларға сәттілік тілеп, озық ойдың сынға түсер алаңында шын жүйріктер білімімен алға шығарына сенім білдірді.
Ал, дәстүрлі BAQ QUIZ-дің тұрақты жүргізушісі Нұрлан Азаматов бұл жолы алты турдан тұратын ойынның сұрақтарын барынша жан-жақты, әрі күрделі етіп дайындапты. Ғасырлық тарихы бар басылымға қатысты сұрақтардан бастап, әлем әдебиеті, салт-дәстүр және логикалық мазмұндағы сұрақтармен командалар арасында тартысты ойын өтті. Журналистердің басын қосқан білім бәйгесінің бас жүлдесін бұл жолы да «KEZDEISOK QUBYLYS» командасы алды. Медиа саласында белгілі маман Дәурен Мақым бастаған құрама екінші жыл қатарынан жеңісті қолдан бермей келеді. Ал, аудандар атынан барған жалғыз топ – «Жайық шұғыласы» газетінің «Тілшиш» командасы екінші мәрте екінші орын тұғырынан көрінді. Облыс деңгейінде өткен додада осындай нәтиже көрсетудің өзі үлкен жетістік деп санаймыз.
А.САТАЕВА