Ақын ағамен әріптес болдым

Мен «Атырау-Ақпарат» ЖШС жолдамасымен 2006 жылдың 18 қаңтарында ең алғаш рет «Жайық шүғыласы» газетіне жұмысқа келген едім. Ол кезде редакцияда бас редактор Нұрым Ерғалиев болса, бас редактордың орынбасары, жау­апты хатшы болып, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қажымұқан (Қорқыт) Есқалиев ағамыз жаңа бекітілген еді.

Махамбет ауданына келмес бұрын белгілі ақын, журналист, Қазақ теледидарындағы «Тамаша» ойын-сауық отауының іргетасын қалаушылардың бірі, жазушы Қойшығұл Жылқышиев ағамызбен кездесіп, «Мені аудандық газетке тілші етіп жіберіп жатыр» дегенімде, «Ол жер талай ақын- жазушылар түлеп ұшқан жер ғой. Қасиетті қара шаңырақта ақын Қорқыт Есқалиев, Нұрым Ерғалиев бар, менен сәлем айтарсың» дегені есімде.

Мен келгенде Қажымұқан ағай, Сауле, Ақлима апайлар, Гүлфара, Кенжегүл, Нұргүл бәрі жылышыраймен қарсы алды. Ауданға белгілі Жолдас ағай, Бағыт ағайлар зейнеткерлікке шығып жатты. Сауле апамның қазаққа тән қасиетпен «Қай жақтан келдің? Қай елсің, руың қандай?» деп сұрағаны да есімде. Туып-өскен жерім Индер ау­даны өзім беріш-қаратоқай, нағашым себек деп таныстырып, олар да мені апамдай жақын тартып, араласып кеттік.

Біз Қажекеңмен төрт-бес жылдай бірге жұмыс жасадық. Ол кісі өз ісінің маманы, тіл жанашыры еді. Ақын болғандықтан поэзияға жақын, тіпті ерекше шабыты келген кезде өлеңін оқып отырған газетінің шетіне жаза салатын еді марқұм. Сылтау айтпай, жұмсаған жерге барғанды тәуір көретін.

...Бірде ол кісі маған тапсырма беріп, мені аудан әкімінің бейресми кездесуіне жібергені бар. Ол кезде аудан әкімі Ғ.Сисатов еді. Сөйтіп Сарайшық ауылының маңындағы мекен-жайға жетіп қалып, кездесуге кіруге болмай­тынын естіген соң қайта алмай тұрып қалғаным бар. Сөйтіп жолаушы жолда қалмайды деп, кешқұрым ауылға зорға жетіп, ағайға ренішімді білдірген едім. Ол кісі сол салмақты мінезімен бірден сабырға шақырды. «Аузы күйген үрлеп ішер» деп содан бері бейресми кезде­сулерге тап болып қалмайын деп ба­рар жерімді қайта-қайта сұрап алаты­ным бар.

Қажекеңмен алдыңғы аға буын әріптес болғанымен, кейінгі жастар ол туралы біле бермесі анық. Журналистикаға жанын берсе, жазушылық та болмысы бөлек еді. Барлық тақырыпқа қалам тербейтін қаламгер еді. Әсіресе, ұлы Абайдың сарынымен табиғат лирика­сына тамсанатын. Жылдың төрт мезгілі туралы, экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, патриоттық тақырыптарға да еркін жазатын. Әңгіме жазудың хас шебері еді. Әсіресе, «Ондық шеге» де­ген мысал әңгімесі оқырмандар аузында жүретін.

Бір уақыттарда Қажекең қазақтың белгілі айтыскер ақыны Мұрат Мөңкеұлы атындағы қорды да басқарды. Махамбетте облыстық көлемде М.Мөңкеұлы атындағы қордың ғылыми конференциясы өтіп, оған жан-жақтан ғалымдар, өлкетанушылар, ақын- жазушылар келіп, Мұрат ақынның толғауларын, өлеңдерін оқып, әсем әндер шырқалған еді. Кейін құрметпен зейнеткерлікке шыққан соң да Қажекең жазудан қол үзбей, жеке кәсіппен ай­налысып, қоғамдық қор ашты. Ме­рейтой, туған күн, мерей жастарға (балаларға да), қоныстойларға арнап өлең шумақтарын жазып, өмірден озған жандарға қазанама, еске алулар арна­уды қолға алды. Қазіргідей заманауи орталықтар тек қалада болған уақытта аудан халқы үшін тиімді, қолжетімді қызмет түрін ұсына білді. Еңбекқорлығы мен жауапкершілігін үлгі тұтатын ақын ағамыз бүгінде арамызда жоқ. Әйтсе де ол кісінің қолтаңбасы қалған газет сан­дары, кітаптары мен еңбектері артында мәңгі естелік болып қалды.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT