Балдырған қалай демалады?

Оқу жылы аяқталып, жадыраған жаздың алғашқы күні де келіп жетті. Бұл күнді жаны таза, жүрегі пәк бала атаулы ерекше ықыласпен күтетіні жасырын емес. Жазғы каникулдың басталуымен бірге Балаларды қорғау күні атап өтіледі. Атаулы күннің мақсаты - балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау ғана емес, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесіне қоғамның назарын аудару болып табылады.

Өңірімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты мерекелік шаралар жүзеге аспағанымен, балалардың жазғы демалысында денсаулығын нығайтып, дене тәрбиесін шыңдап, күш жинауға, білімін толықтырып, жаңа әсер алу­ына ықпал жасайтын жазғы лагерь­лер ұйымдастырылатын болады.

Жыл сайын тегін лагерьлермен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасы­лардан, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен әрі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардағы оқушылар, жетім балалар, ата- анасының қамқорлығынсыз қалған отбасыларда тұратын балалар және өзге де санаттары қамтылады. Балалардың бос уақытын тиімді әрі қызықты ұйымдастыру бағытында жұмыс жоспары құрылып, шаралар өткізіледі.

Жуырда Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылын аяқтау және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру ту­ралы мәселе қаралды.

«Балалар демалысы, бос уақытты өткізу орындары, орталықтар, Оқушылар мен шығармашылық сарайлары көпфункциялы болуға тиіс. Олар балалардың жан-жақты, зияткерлік, шығармашылық әрі физикалық жағынан дамуын қамтамасыз етуі керек. Барлық объектілер сауықтыру маусымының ашылуына толық әзір болуға тиіс. Ол үшін өңірлік штабтар жергілікті жерлерге барып, лагерлердің санитариялық-эпидемиологиялық, өртке, терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сай келуін бақылауы қажет. Балалар лагерлерінде, бұқаралық орындарда бақылау ка­мералары жұмыс істеп тұруға тиіс. Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне толық кепілдік берілуі тиіс», — деп атап өтті Премьер-Ми­нистр.

Білім берудегі олқылықтардың орнын толтыру үшін биыл су тасқынынан зардап шеккен және қыста ауа райының қолайсыздығына байланысты қашықтан оқыған 2,6 мың мектептің 832 мың оқушысы үшін «Жазғы мектеп» ұйымдастырылмақ. Жазғы демалы­сты ұйымдастыру үшін дайындалған қажетті нормативтік-құқықтық актілер негізінде 2,9 млн кішкентай қазақстандық жазғы демалысты 10,7 мың демалыс орталығында өткізетін болады.

Осы орайда, аудандық білім бөлімінің тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскері Гүлнәр Хасанқызынан биылғы жазғы уақытта бала­лар мен жасөспірімдердің дема­лысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жұмыстары жайлы сұраған бола­тынбьыз.

- Аудан бойынша 1-10 сынып оқушылары арасынан 5511 бала жазғы сауықтыру лагерьмен қамтылатын болады. Атап айтсам, 6 мектепте Д.Төленов, Қызыл үй, Есбол, Қосарал, А.Байтұрсынұлы, Қ.Қарашаұлы атындағы орта мек­тептерде ұйымдастырылатын тамақтандыратын күндізгі лагерьде 1090 бала, Мектеп жанындағы бейіндік лагерьде 1243 бала, Қ.Ахмедияров мектебіндегі шипа­жай үлгісіндегі лагерьде 60 бала, Арай демалыс лагерінде 480 бала, Міндетті оқу қорынан 100 бала, Железноводск қаласы, Инозем­цево поселкесінде орналасқан «Қазақстан геологі» емдеу пан­сионатына 130 бала, Қазақстан қоғамдық қоры бойынша ауданның 123 баласы Алматы және Шымкент қалаларына жіберілетін болады.

Айта кетер жайт, жоғарыда атап өткен жазғы сауықтыру лагерьлеріне оқушылар ата-ана­лар өтініші және әр мектептің қамқоршылық кеңесінің шешімі негізінде ғана жіберіледі, - дейді Г.Хасанқызы.

Жазғы лагерьлерде – әр бала де­малып қана қоймай, денсаулығын түзеп, білім мен тәрбие нәрін бой­ына сіңіріп, қоршаған ортаны та­нып, достыққа бейімделсе, талан­тын шыңдауға мүмкіндік алса ең жақсы демалыс деген осы емес пе? Бұл әр ата-ананың өз қолында. Ал сіз балаңыздың жазғы демалысын жоспарладыңыз ба?

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521