Бала - адам өмірінің жалғасы, оның өмірі бәрінен қымбат. Алайда балалардың қауіпсіздігіне жіті мән бермеу салдарынан түрлі жазатайым оқиғалар орын алып жатады. Өткен қараша айында Атырау қаласындағы көп қабатты үйлердің бірінен екі жастағы баланың бесінші қабаттағы пәтердің балконынан құлап, алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмғаны туралы хабар тарады. Облыстық жедел медициналық көмек станциясының мәліметіне сәйкес, оқиға күндізгі уақытта болған. Сәбидің алған жарақаттары өмірге қауіпті болғандықтан, “103” бригадасы келгенге дейін жан тапсырды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы жеті жылда осындай оқиғалардың саны артқан.
Әрине баланың өміріне ең алдымен ата-анасы жауапты. Осындай жазатайым оқиғалардың алдын алу және болдырмау үшін қоғам болып күш салуымыз керек.
Осы орайда аудандағы жалпы білім беретін мектептерде «Жазатайым оқиғалардан балаларды қорғау және алдын алу» жөнінде оқушылар мен мұғалімдерге және ата-аналар арасында мектеп медбикелері дәрістер оқып, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді.
Облыс бойынша қаңтар-қазан айлары аралығында 0-17 жасқа дейінгі балалардың жазатайым оқиғалар бойынша 59 жағдайы тіркелген екен.
- Жазатайым оқиғалардың негізгі себебі – балалардың қасындағы ата- аналардың немесе ересектердің жауапсыздығы, бала күтімі бойынша жауапкершілікті жасы үлкен балаларға немесе қарт туыстарына беру, терезелерде қорғаныс шектеулерінің болмауы, сонымен қатар жол-көлік оқиғалары, суға бату, улану, күю, құлап қалу және тұншығу жағдайлары да бар.
Балалық шақта алған жарақаттар дене дамуындағы тұрақты ауытқуларды немесе психологиялық зақымдануды оның ішінде бас сүйек-ми жарақаттарын тудыра отырып, денсаулықтың дамуына өмір бойы әсер етуі мүмкін, - дейді Е.Ағелеуов орта мектебінің медбикесі Ш.Тұрсынова.
ӨЗ ТІЛ ШІМІЗ


