Қазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрландыру мен инновациялық технологияларды енгізу жүйелі түрде жалғасып келеді. Медициналық қызметтің сапасын арттыру, басқару тиімділігін күшейту және ерте диагностиканы дамыту бағытында бірқатар ауқымды жобалар іске асырылуда. Бұл бастамалар Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты негізінде жүзеге асуда.
РЕСУРСТАРДЫ БАСҚАРУДЫҢ ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛУДЕ
Денсаулық сақтау жүйесінде медициналық ұйымдарды, кадрларды, жабдықтар мен медициналық техниканы онлайн режимде есепке алуға мүмкіндік беретін ресурстарды басқарудың жаңғыртылған электрондық жүйесін енгізу басталды.
Жүйенің негізгі мақсаты – деректерді қолмен енгізу көлемін азайту арқылы жоспарлау дәлдігін арттыру және адам факторының әсерін төмендету. Жаңа плат¬форма медициналық ресурстарға қажеттілікті бес жылға дейінгі кезеңге болжауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жүйе мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланып, медициналық ұйымдардың активтерін нақты әрі ашық есепке алуды қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда жоба пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Оған еліміздің барлық 20 өңірінен 672 медициналық ұйым қатысуда. Пилоттық кезеңнің нәтижесіне қарай жүйені кең көлемде енгізу жоспарланған.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ДӘРІГЕРДІҢ СЕНІМДІ КӨМЕКШІСІ
Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект дәрігерді алмастырушы емес, керісінше кәсіби шешім қабылдауда қолдау көрсететін құрал ретінде қарастырылады. Бүгінде сарапшылар қолдану бағыттары, жетілу деңгейі және клиникалық маңыздылығы бойынша 50-ден астам MedTech шешімін талдаған.
Жобалардың басым бөлігі диагностиканы жақсартуға, оңалту үдерісін жетілдіруге, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және медициналық деректерді өңдеуге бағытталған. Инсультті, өкпе және сүт безі обырын ерте диагностикалау, сондай-ақ стоматологиялық суреттерді талдау салаларындағы Ж И - жобалардың тізбесі қалыптастырылды.
Аталған шешімдер бүгінде еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі медициналық ұйымдарда сәтті енгізіліп, кеңейтіліп келеді. Алдағы уақытта медициналық қызметтердің сапасын талдау және басқару, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау, сондай-ақ созылмалы жүрек жеткіліксіздігін ерте анықтау үшін де жасанды интеллект құралдарын қолдану көзделіп отыр.
Денсаулық сақтау саласына цифрлық басқару жүйелері мен жасанды интеллект технологияларын енгізу – медициналық көмектің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастамалар ресурстарды ұтымды пайдалануға, диагноз қою дәлдігін жақсартуға және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді.
Қ.БАҒЫТ


