Балалардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Махамбет аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері балалар тасымалын жүзеге асыратын автокөліктерге профилактикалық тексеру жүргізді.
Тексеру барысында автокөліктердің техникалық жағдайына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, қауіпсіздік белдіктерінің болуы мен жарамдылығы, арнайы таным белгілерінің орнатылуы, сондай-ақ жүргізушілердің қажетті құжаттарының толықтығы жан-жақты қаралды.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері жүргізушілермен жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, балаларды тасымалдау талаптарын бұзбау және жауапкершілікті арттыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Балалардың өмірі мен қауіпсіздігі – басты назарда екені атап өтілді.
Мұндай профилактикалық тексеру шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
Өз тілшіміз


