Қос дөңгелекті көліктің қаупі көп

БҮГІНДЕ ЕЛІМІЗДЕ БАЛАЛАРДЫҢ ЖОЛДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІГІ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ БІРІ. СЕБЕБІ ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЕРЕЖЕЛЕРІНІҢ САҚТАЛМАУЫ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУ МӘДЕНИЕТІНІҢ ТӨМЕНДІГІ МЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТСЫЗДЫҚТЫҢ САЛ­ДАРЫНАН ЖЫЛ САЙЫН МЫҢДАҒАН ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАСЫ ТІРКЕЛУДЕ. СОНЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ 2 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАЗА ТАУЫП, 19 МЫҢНАН АСА АДАМ ТҮРЛІ ЖАРАҚАТ АЛАДЫ.

Соңғы кездері бұл қатарға мопед пен самокаттың қатысуымен бола­тын апаттар да қосылды. Мұның өзі – мемлекет пен әр отбасы үшін орны толмас шығын, ауыр қайғы. Атырау об­лысында жыл басынан бері мопед пен скутердің қатысуымен 35 жол апаты тіркеліп, олардың жүргізушілері 840 әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны анықталған.

Осыған байланысты 15-30 қыркүйек аралығында «Қауіпсіз жол» атты республикалық профилактикалық іс- шара өтіп жатыр. Соған орай аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының учаскелік инспекторы, по­лиция майоры Бауыржан Аманов Ма­хамбет көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжінде студенттермен және ата- аналармен кездесу өткізді.

Жиынға 30-ға жуық 1-курс студенті, олардың ата-аналары және ұстаздар қатысты. Кездесу барысында жол қозғалысы ережелері, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жауапкершілігі, жол апаттарының алдын алу жолдары түсіндіріліп, қатысушыларға жадынамалар таратыл­ды.

– Елімізде мопед мінгендердің қатысуымен болған апаттар жиілеп кетті. Өкінішке қарай, жолдағы ең қайғылы жағдайлардың көбі осы қос дөңгелекті көліктермен байланысты. Жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу салдарынан адам өліміне әкеліп отыр. Жүргізуші тек өз өміріне емес, жолаушылардың да өміріне жауапты,- деді Б.Аманов.

Колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асия Рыскалиева да жастарға:

– Мопед пен мотоциклді құжатсыз тізгіндейтіндер бар. Бірақ бұл қайғылы жағдайға соқтыруы мүмкін. Заңға бағынбағандардың жауапкершілігі ал­дымен ата-анаға жүктеледі. Сондықтан әрбір бала ата-анасына салмақ салмауы тиіс,- деп ескертті.

Сонымен қатар шара барысында ску­тер мен мопед жүргізудегі қауіпсіздік шаралары түсіндіріліп, ата-аналарға балалардың жолдағы тәртібі үшін жау­апты екендігі баса айтылды.

Айта кетейіік, жол қозғалысы ережесіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, мопедте мемлекеттік тіркеу нөмірі болуы қажет. Ал иесі А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алуы шарт. Бірақ А немесе В санаты бар бол­са, мопедті басқаруға рұқсат беріледі. Мопедті тіркеусіз жүргізгені үшін айыппұл қарастырылған. Оның көлемі – 39 320 теңге. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік нөмірі және тиісті құжаты жоқ мопедтерді жүргізуге тыйым салынған. Бұл шектеу максималды жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын мопедтерге де қатысты.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT