Ажырасу азаяр емес

Махамбет аудандық сотында "Отбасылық сот" пилоттық жобасы енгізілді.

Біздің мемлекетімізде отбасы құндылықтарын сақтаудың түрлі жолдары бар небір бағдарламалар мен жобалар жүзеге асып жатыр, қанша психологтер жұмыс атқарып жатыр. Алайда, бұл шаралардың бәрі ерлі-зайыптылардың ажырасуын азайтып жатқан жоқ. Ажырасып жатқандардың көбі ерлерде де, әйелдерде де 30-45 аралығындағы орта жас шамасындағылар. Некені бұзу туралы талап арызды көбі әйелдер жағы береді.

Сот тәжірибесіне жүгінсек, ажырасудың негізгі себептері - ерлі-зайыптылардың тұрмыста бірін-бірін түсінбеуі, олардың біреуінің араққа салынуы немесе опасыздық жасауы, зорлық-зомбылық көрсетуі, отбасындағы материалдық қиыншылықтар.

Бүгінде жаңадан тұрмыс құрған жастардың ажырасуға деген бірінші себебі, ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірге дайынсыздығы, қаржылық және тұрмыстық мәселелерді бірге шеше алмаулары, отбасын құрғанда жауапсыз қараса, некені бұза салуға да дәл солай жауапсыз қарайды. Шын мәнінде себеп өте көп. Әркімнің жеке тағдыры бар, проблемалары әртүрлі.

Әрине, заң тұрғысынан алғанда неке қию, некені тоқтату ерлі-зайыптылардың өз еріктері. Алайда, қоғамдағы мінез-құлық ережелері бекітілген әдептілік қағидалары, кез келген мемлекеттің саясаты ажырасуға қарсы. Тек белгілі бір жағдайларда ғана - некедегі ерлі-зайыптылардың біреуі зорлық-зомбылық көрсетсе немесе онымен бірге тұру жұбайының, балаларының және өзге де отбасы мүшелерінің өміріне, денсаулығына қауіп төндірсе, қандайда бір психологиялық қысым көрсетілсе, ажырасу абзал ғана емес, міндетті. Ондай некені дер кезінде бұзбаса, арты қандайда бір қайғылы оқиғаларға соқтыруы мүмкін.

Кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ, бір-біріне мүліктік және өзге де талаптары болмаған кезде ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша бұзу туралы арызы ең алдымен азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мемлекеттік мекемелерінде қаралуы керек.

Егерде ерлі-зайыптылардың арасында кәмелетке толмаған ортақ балалары бар болса, некені бұзу туралы талап арызды ол өзінің мекенжайы бойынша аудандық сотқа бере алады. Кейбір әйелдер жұбайының жылдар бойы зорлық-зомбылығына шыдап келсе, ал кейбіреулер себепсізден-себепсіз болмашы нәрсеге ренжісіп қалып, сотқа жүгініп, ажырасып жатады. Ал ата-аналарының арасындағы некенің бұзылуы есі кірген балаларына моралды жағынан ауыр тиетіні сөзсіз. Ажырасу балаға өте ауыр әрі қиын процесс, ол стресс.

Ерлі-зайыптылардың ажырасу көп жағдайларда бала тәрбиесіне кері әсер етеді. Бала тәрбиесі - тек ананың емес, балаларға жақсы білім беру ата-ананың екеуінің де міндеті, олар балаларды бірге тәрбиелеуі тиіс.

Елбасы Н.Назарбаев халыққа Жолдауында «Бала тәрбиелеу - болашаққа ең үлкен инвестиция» деген.

Қазақстандағы әрбір баланың отбасында тәрбиеленуі және өмір сүруі, ата-ана қамқорлығына бөленуі, олармен бірге тұруы заңды құқығының бұзылуына жол бермеу керек.

Сондықтан да соттарға заң арқылы ерлі-зайыптыларды татуластыру жөнінде шаралар қолдану міндеттері жүктелген.Егер ерлі-зайыптыларды татуластыру жөніндегі шаралар нәтижесіз болса, екі жақ ажырасуды талап етсе, неке бұзылады. Тараптар татуласпаған жағдайда сот кәмелетке толмаған балаларының кіммен тұратындығы туралы, оларды асырауға арналған қаражаттардың төлену тәртібі, алимент өндіру, мүлікті бөлу туралы бірқатар мәселелерді анықтайды. Неке сот тәртібімен бұзылса, заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.

С. АМАНТАЕВ,

Махамбет аудандық сотының судьясы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT