Махамбет аудандық сотында «Отбасылық сот» пилоттық жобасы енгізіліп, «Отбасылық сот» кабинеті ашылды. Осы жобаға сай өзара түсіністік және өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасақталды.
Оған аудандық әкімдік ғимаратында аудандық сот төрағасы Б.Қадырғалиев пен аудан әкімінің орынбасары М.Сейтқалиев, білім, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу, полиция бөлімдері, «Атырау облысы бойынша Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігі төрағасы, аналар кеңесі төрайымы, «Исатай-Махамбет» аудандық мешітінің бас имамы қол қойды.
Аудандық сот төрағасы Б.Мамышұлы «Отбасылық сот» пилоттық жобасының маңызы зор екенін, ол отбасы құндылықтарын сақтау, жанұялық дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін орындай отырып, бітімгершілікпен шешу, балалардың толыққанды отбасында тәрбиеленуіне ықпал ететінін айтты.
Кәсіби емес медиатор М.Ещанов сонау соғыс жылдарында да отбасы ажырасуы деген мүлдем болмағанын, ол кезде ауыл болып, балалардың жетім қалмауын басты назарда ұстағанын, аналарымыз қара шаңырақты сақтап, қайта тұрмыс құрмай, балаларын өсіріп-жеткізгенін мысалдар келтіре отырып, әңгімеледі. Ол жаңа кабинетке келушілерге мінсіз қызмет етіп, шаңырақ шайқалмай, ажырасулар азайсын деген ақжарма тілегін арнады.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.