Еліміздің бас қаласында «GUMOL» стратегиялық зерттеу орталығы Еуразия қорының қолдауымен «Азаматтық журналистердің азаматтық белсенділігін арттыру» жобасы аясында азаматтық журналистер мен белсенділерге арналған жазғы мектепке қатысудың сәті түсті.
Сан түрлі өңірдің белсенділерінің басы қосылған тренингтің алғашқы күні журналист, білікті тренер Айнұр Коскинаның «Эдвокаси негіздері» тақырыбында сабағына қатыстық. Қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді қалай көтеру керек, эдвокаси кампанияларға БАҚ назарын қалай аудару керек және де басқа да табысты эдвокаси кампанияларды жүзеге асыру жолдары талқыланды. Әр қатысушыға өздерін жеке-жеке таныстырудың сәті түсіп, әр өңірге тән басты мәселелер туралы айтылып, талқыланды.
Ал екінші күні заңгер,ұлттық және халықаралық медиа құқық саласы сарапшысы Гүлмира Біржанова мен «Правовый медиа центр» қоғамдық ұйымының директоры Диана Окремованың «Медиасауат» тақырыбына арналған сабағы болып өтті. Бұл тренингте «Желідегі құқықтық қауіпсіздік шкаласы», «Ақпаратқа қол жетімділік құралдары,ұлттық процедуралары,ақпарат категориялары» тақырыбына арналды.
Тренингіміздің соңғы күні журналист-фактчекер, медиа-тренер Жансерік Тілеуханның «Фактчек және оның құралдары» атты сабағында өзімізді толғандырып жүрген сауалдарымыздың жауабын алдық десек те болады.
Әлеуметтік желі арқылы хабар тарату маңызды коммуникация құралы ретінде танылып үлгерді. Кейде дәстүрлі медиада жарияланбаған эксклюзив кадрлар мен оқиғалар желіде көбірек таралады. Бірақ ол ақпарат рас па, қандай мақсатта жарияланғанын қаперге ала бермейміз. Себебі таралған бейнежазбалардың барлығы шындыққа жанаспай қалуы мүмкін. Әлемнің басқа бұрышында түсірілген осыдан 10 жыл бұрын болған оқиғаларды «қазіргі сәт» деп таратқан жағдай қазіргі заманда көп кездеседі. Осындай жайттарға баса назар аударып, жалған мен шындықтың ара-жігін ажыратып, сыни ойлау керектігін қаперімізге алдық.
Көзді ашып-жұмғанша өте шыққан үш күндік тренингімізде санамызға көп нәрсені тоқыдық. Елорданың төрінде білім алуыма мүмкіндік сыйлаған «GUMOL» стратегиялық зерттеу орталығының ұйымдастырушыларына, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарыма және маған бағыт-бағдар берген жанашырларыма ризашылығымды жеткізгім келеді. Сондай-ақ, қанаты енді қатайып келе жатқан жас буынға қолдау білдірген аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Асылжан Саматұлы мен Есбол ауылдық округінің әкімі Мереке Бағытжанұлына алғысымды білдіремін.
Бексұлтан МАРАТҰЛЫ, Ортақшыл ауылдық «Самал» мәдениет үйінің директоры, белсенді жас