Ауыз су аулаға келіп тұр, бірақ...

ЕСБОЛ.

«2018 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2019 жылы алда тұрған міндеттер» туралы тұрғындар алдында есеп берген Есбол ауылдық округінің әкімі М.Әділғалиевтың айтуынша, салыстырмалы түрде мал басының, одан өндірілген өнімнің өсімі байқалады. Мал азығын дайындау жұмыстары да біршама ұйымшылдықпен атқарылып, қажетті мал азығы толықтай дайындалған (6984 тн.). Бұл бағытта жеке қожалықтар Қ.Аманбаев, А.Бөлеков, С.Құлжанов дайындаған шөптерін ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен сатуды іске асырды.

Есепті мерзім ішінде жүргізілген ауылшаруашылығы құрылымдарының қарамағындағы жер телімдерін түгендеу бағытында қазіргі уақытта округ көлемінде 92 адамның тізімі тұр. Олардың иелігінде барлық жердің жалпы көлемі 22585 га. Осыдан күні бүгінге шаруашылық қожалықтарын есепке алу дәптерінде 60 шаруа қожалығы тіркеліп, жұмыс жасап отыр.

Жол, инфрақұрылым және құрылыс

«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша «Таза су» қондырғысы Есбол ауылында тұрақты жұмыс жасап, су тұрғындарға беріліп отыр. Еңбекшіл ауылының таза су қондырғысынан берілетін суды қанша тазаласа да көлдің иісі кетпей тұр. Жаз айларында шарбақтағы баубақшаларын суаруға халықпен келісіліп берілді. Қазіргі уақытта фильтрлері ауыстырылып, алдағы уақытта пайдалануға берілуге жұмыстар жүргізілуде. Ортақшыл ауылы бойынша таза су қондырғысы мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару заңдылығына байланысты осы уақытқа дейін үш рет тендер жарияланған болатын. Алайда, тендерге ешкім қатыспай отыр. Тағы да төртінші рет тендер жарияладық. Сол себептен қазіргі уақытта жергілікті қоғамдастық мүшелерінің келісімімен уақытша сенімгерлік басқаруға беріліп, су тазарту қондырғысынан тұрғындарға ауыз су таситын көлікпен (водавозбен) қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар жазғы су желісі үш елді мекенде де тұрақты жұмыс жасап келеді. Ауыл тұрғындары үй бақшаларынан жеміс-жидек пен көкөністер және бақша өнімдерін өсіріп отыр.

Есбол орта мектебі күрделі жөндеуден өтті. Мердігер мекеме «АқтөбеСтрой Комп» ЖШС. Күрделі жөндеуге округтегі ресми жұмыссыз азаматтар ішінен 6 адам қатысты.

Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 2018 жылы Еңбекшіл ауылына 1284,0 мың теңгеге балалардың аула ойын алаңы орнатылса, 2019 жылға Ортақшыл ауылындағы саябақты ұлғайтуға жергілікті бюджеттен 1 891,0 мың теңге бөлу көзделіп отыр.

Округ бойынша тұрғын үй салуға жер кезегіне 53 адам тіркелген, өткен жылмен салыстырғанда саны көбейген. Осыған орай, Ортақшыл ауылындағы жаңа мөлтек ауданға газ, электр желісінің ЖСҚ дайындалуда. Көгалдандыру жұмыстары бойынша округ мекемелері мен Ортақшыл ауылындағы саябақтағы егілген ағаштардың саны жылма-жыл көбейіп келеді. Былтырғы жылы Есбол ауылында жастардың қолдауымен саябақ салынып, жері заңдастырылды.

Жұмыспен қамту

Округ көлемінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған" бағдарламасына орай жұмыстар жүргізілуде.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 8 адам қысқа мерзімді курсқа жіберілді, оның 3-і курсты аяқтағаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасты. Екінші бағыты бойынша «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізде 9 адам оқытылды.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің шартсыз бағыты бойынша да әлеуметтік жәрдемақылар берілді.

Ауылдастардың айтары бар

Жарыссөзге шыққан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Салтанов Атырау-Индер тас жолының игілігін көріп отырғандарын айта келіп, өкінішке қарай, ұзын жолдың бойында жоғары жылдамдықпен келе жатқан көліктер малды қағып, мерт қылатын жағдайлар көбейіп кеткендігін қынжыла баяндады. Осы бетке жол-патрульдік бақылауды күшейту және Қазыбай каналына су шығару керек деген ұсынысын айтты. Сондай-ақ ардагер ағамызды тазалық мәселесі де алаңдатынын жеткізді. «Қазпошта» АҚ аудандық бөлімшесінің жұмысына да орынды сын-ескертпелерін айтты.

Бұл мәселелер бойынша аудан басшысы Ж.Ахметов құзырлы орын басшыларын орындарынан көтеріп, шешілу жолдарын сұрады. Аудандық бөлімше басшысы А.Аймишева ауылдан пошта таратушы штатын ашу үшін облыстағы басшылығымен сөйлесетінін жеткізді. Ал Есбол-Қазыбай каналының жағдайы жөнінде түсінік берген «ҚазСушар» АҚ аудандық бөлімшесінің басшысы Б.Бисалиев оны жүзеге асыру үшін кем дегенде екі жылдай уақыт кететінін нақты деректермен түсіндірді. Жағдайға қаныққан аудан басшысы Жәрдемғали Бахуұлы мәселенің оңтайлы шешілуінің тиімді жолдарын қарастыру, зерделеу жөнінде тапсырма берді.

Ауыл тұрғыны Т.Қабесова шарбағына келіп тұрған суды пайдалана алмай, су таситын көлікпен (водавозбен) тасымалдап ішіп отырғандығына қынжылыс білдірді. Ауылды ауыз сумен қамтып отырған кәсіпкер Е.Қабазов 217 үйдің шарбағына су құбыры барып тұрғанын, 50 үй өз қаражаттарына су желісін құдығына тартып алғандығын, қалғандарына арнайы көлікпен су тасымалданатынын түсіндірді. Сөзге араласқан ауылдық округ әкімі М.Әділғалиев суды сенімгерлік басқаруға беру үшін үш рет тендер жарияланса да, үміткер шықпай отырғандығын, соған байланысты суға субсидия да ала алмай отырғандықтарын айтты. Жағдайға қаныққан аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы А.Зиноллаевқа, ауыл әкімі М.Әділғалиевке ауыз су мәселесін бірлесіп шешу, субсидия алуға көмектесу жөнінде тапсырма берді. Жиын барысында тұрғын үйдің жер актісін алу, кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімін аукцион арқылы беру,малдан қан алу, егу, сырғалау кезінде қосымша жұмысшы күшін бөлу туралы мәселелер көтеріліп, тиісінше жауабы берілді.

Аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы «Ауданның 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2019 жылы алда тұрған міндеттер» жөнінде («Жайық шұғыласы» газетінің 17 қаңтардағы санында толық нұсқасы жарияланды) қысқаша тоқталып өтті.

- Шарбаққа келіп тұрған судың игілігін көрмеу дегенді түсінбеймін. Әлі күнге дейін сумен қамтуды дұрыс жолға қоятын жауапты мердігер табылмауы – ауыл әкіміне сын. Пайдаланылмай отырған ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді заңды жолымен түгел кері қайтару керек,-деді жиынды қорытындылаған Жәрдемғали Бахуұлы. Мал жайылымы тарылып кеткен. Жерді, суды қоршап, жолды жауып тастағандармен де түсінік жұмыстарын жүргізу керек. Есбол орта мектебінің интернаты талапқа сай емес, білім сапасы түсіп кеткен. Осындай сын-ескертпелерін айтқан аудан әкімі Қосарал орта мектебін бір ауысымдық оқу кестесіне көшіру жөнінде тапсырма берді. Ауылды аралау барысында нан қолжетімді бағамен (65-70 теңге) сатылып жатқандығына ризашылығын білдіре келіп, неге нан Атырау қаласынан тасымалданады, осы ауылдан наубайхана ашуға болмай ма? деген сауалды төтесінен қойды. Ауыл тазалығы төңірегінде де өз ойларын ортаға салды.

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT