Ауылының атын алысқа танытқан...

1986 жылдың ақпан айында мен, сәуірінде Тарас аудандық газет редакциясына қызметке қабылдандық.

Біз келгенде, мұнда жұмыс жасайтын жігіттердің ішіндегі жасаңдауы, яғни жасы жағынан кішісі Қадыржан Сабыров болатын. Соңынан Қазымбекұлы деп тегін өзгертті ғой.

Сол кездің өзінде ол біраз тәжірибе жинақтап, тіс қағып қалған жігіт еді. 1977 жылы Новобогат (бүгінгі Исатай) ауданының қайта құрылуымен байланысты өңірдің өз газетін шығару қажеттігі туындады. Ең әуелі редакция құрамын жасақтап, шығармашылық ұжымын қалыптастыру міндеті күн тәртібінде тұрды.

Міне, осылайша, сол жылы ғана өзінің туған ауылы - Таңдайдағы орта мектепті тәмамдаған Қадыржан бірден жаңадан құрылған ауданда «Нарын таңы» атауымен ашылғалы жатқан басылым редакциясына жұмысқа алынады.

Мектеп қабырғасында оқып жүргенінде-ақ, жазуға қабілеттілігімен көзге түскен оның есейген сайын бұған деген машықтығы артады. Алақандай ғана ауылдағы көзге қораш көрініп, көңілге қаяу түсіретін кемшіліктерді байқап, сын тілімен түйреп, нысанаға алуға дағдыланған бала тілші кейде ойындағысын айыптау өлеңімен өріп, уытты әзіл, қабырғаңды тіліп өтердей қазақы қалжыңымен, қаймағы бұзылмаған қара сөзбен жеткізуге тырысатын. Тіпті, оның жазған қысқа да шағын хабарлары, әлгіндей «әттеген-ай» дегізер жайларды арқау еткен өлеңдері ауылдың атқамінерлері мен аудан басшыларын да бейжай қалдырмайтын. Алқалы жиында өзекті мәселе тұрғысында қаралып, тиісті шарасы алынатын. Міне, осылай кішкентайынан «Таңдайдың тілші баласы» атанған Қадыржан редакцияға жұмысқа келгенде іркілмеді. Жарыста тайпалған жорғадай шабысынан жаңылмай, төселіп кетті, тіпті төпелетті.

Әскер қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп оралғасын журналистік жолын қайта жалғастырды. Кейіннен Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газеті редакциясына.жұмысқа ауысты. Ойлап қарасам, сол кездің өзінде Қадекең жалпы жұмыс өтілі он жылға жуықтаған тәжірибелі журналистердің қатарына ілігіп те қалған. Бір күні редактор - басшымыз Сайлаубай Тәжбентаев ағамыз күнделікті жоспарлау жиналысынан соң үшеумізді (Қадыржан, Тарас және мен) шақырып алып:

«Өздерің де білесіңдер, қазір қай салада болмасын еңбек ететін адамдардың жоғары білімі, атқарып жүрген қызметіне сәйкес мамандығы болуы шарт. Мына Қадыржанның азды-көпті тәжірибесі болғанымен, бұның да әлі күнге кәсіби білімі, дипломы жоқ. Ал, сен екеуің енді ғана үйреніп келесіңдер. Алдарыңда жасы үлкен, көргені көп ағаларыңның бары әрине жақсы, олардан үйренерлеріңнің де аз емесін білемін. Бірақ, практикамен қоса теорияны да меңгерген дұрыс. Осыны ескеріп, үшеуің де осы жылдан қалмай университетке құжат тапсырып, бақтарыңды сынап көрсеңдер қайтеді. «Талаптыға нұр жауар»демекші, бәлкім жолдарың болып, түсіп кетсеңдер құба-құп. Қолдарыңдағы барларыңды папкіге салып кетсеңдер, біз де соны талғажау етіп, сендер оқуда болғанда бірдеңе қылып күнімізді көрерміз. «Қадыржан өзің де түсінесің, сен мына екеуінен гөрі естиярлаусың ғой, қарағым. Сол себепті қасыңдағы екі бала әуелі Аллаға, қалаберді өзіңе аманат» деп ағалық ақылын айтып, батасын бергені есімізде.

Әкеміздей қамқор болған басшымыздың батасы қабыл болып, бәріміз де Алматыға аттанып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түстік те кеттік. Сол бір шақтардан бермен қарай Қадекең шынымен де естиярлығын, көргендігін байқатып, ізіне ерген інілеріне жөн сілтеп, жол көрсетумен келді. Жолдастығымыз достыққа, бауырластыққа ұласты. Отбасымызбен араласып, қуанышымыз бен қайғымызды бөлісетін, қиналғанда жанымыздан табылатын жанұяларға, жақын, жанашыр адамдарға айналдық. Қадекеңнің жақсылығын бір біздер ғана емес, бірге оқыған курстас қыз-жігіттер де көрді.

Расында, Қадыржан ішіміздегі естиярымыз, елгезегіміз, елге болсын деп, жұртының қамын жеп жүретін, туып-өскен, кіндігін кескен, топырағында тербеткен алтын бесік ауылы - Таңдайының абыройын асқақтатып, өсіп-өнген өңірі - Махамбет есімін еншілеген ауданының атын алысқа танытқан нағыз нар тұлға-азамат.

Иә, ізінен ерген інілеріне ақылшы да қамқор аға, алтын тонды жаға бола білген атпал азамат, қимас бауыр, жақсы жолдас, адал дос, Таңдайдың тілші баласынан Атырау өлкесінің айтулы тұлғасына, ардақтысына айналған Қадекең – Қадыржан Қазымбекұлы біздің жадымызда осындай бейнесімен жатталып, есімізде сақталып қалды. Қош, бақұл бол, қадірлі Қадеке!

Дәулетқали АРУЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT