Ауылдастарының алғысын арқалаған талдыкөлдік Бақытгүл

Жұмысын жанынан артық қоятын, антына адал, ауылына қамқор дәрігерлер арамызда жүр.

Елді індет жайлап, дәрігер мен дәрі жетіспей халық біраз әуре-сарсаңға түсті. Әсіресе, ауылдық жерлерде, шалғай елдімекендерде адамдар ауырып көмек сұрап келгенде қарлығаш қанатымен су тасып, жанұясын, бала-шағасын тастап жүгіріп кететін ақ халатты абзал жандардың қадірін қоғам енді түсініп жатқандай.

Аядай ғана Талдыкөл ауылының халқы ақ батасын беріп, алғысын жаудырып жүретін жаны жайсаң жандардың бірі - Бақытгүл Қабдолқызы. Ол осы ауылда туып-өсіп қана қоймай, оның дамуы үшін айтулы үлесін қосып келеді. Қалай десеңіз? Бақытгүл өзі білімді мейірбике әрі Атырау қалалық №7 емханасының фармацевті әрі ауылдан дәріхана ашып, халықты қажетімен қамтамасыз етіп отырған жеке кәсіпкер. Аты жаман ауру біздің облысымызға жеткен уақытта ол әріптесі Сәуле Қашағановамен бірге ауыл тұрғындарына қолдан келген медициналық көмектің барлығын көрсетті. Дәріханасы көршілес Бейбарыс, Алмалы, Сарайшық ауылдарын қоса қамтып, кезек күткен тұрғындардың керегін тауып берсе, өздері күн-түн демей арнайы емшара бөлмесінде науқастарға укол, системасын салып, төсек тартып жатқандардың үй-үйін аралады. Тіпті, үлгермей жатқан уақытта көше бойынша бөліп алып, барлығына көмекке жетуге асықты.

Осының арқасында ауылымызда аты жаман індеттен ауырғандар саны аз болса, қайтыс болғандар мүлдем тіркелмеді. Бақытгүл сынды жұмысын жанынан артық қоятын, антына адал, ауылына қамқор дәрігерлер арамызда жүр.

Солардың қадірін білейік, ағайын! Талдыкөлдің жас-кәрісі алғыс айтып, амандығын тілеп отырған Бақытгүлдің бұл еңбегін, ерлігін, аудан әкімі Ж.Бахуұлы да естіп, хабардар болып отырғаны белгілі. Осындай білімді, тәжірибелі ақ халатты абзал жандардың игі ісі, елдің бірлігі, саулығы сынға түскен уақытта жасаған жанкешті қадамдары қашанда көпке үлгі болып, дәрігер дейтін есімдері дараланып тұрса дейміз.

Гүлзада САБЫРҒАЛИҚЫЗЫ,

Талдыкөл ауылының тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT