Ауылдар ажарланып, әлеуметтің әлеуеті артуда

Ел экономикасы мен әлеуетінің артуы ұлттық рухтың қайнар көзі – ауылдардың көркейіп, ондағы тұрмыстың түзелуімен тығыз байланысты. Ел дамуының негізгі өзегі ауылдық елді мекендердегі оң өзгерістер жайлы баяндасақ дейміз. Әсіресе, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық ахуалын арт­тыру және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатын көздейтін мемлекеттік бағдарламалардың ауылдарға тигізген шара­патын саралап көрсек.

Бүгінгі таңда елімізде халықтың негізгі шоғыры ауылдарда тұрады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша республикада 6 295 ауылдық елді мекен болса, онда тұратын қазақстандықтардың саны 7,7 миллионнан асады.

«Алдымызда тұрған аса маңызды міндет бұл – ауылды жан-жақты дамыту. Себебі ауылды дамыту – түптеп келгенде, бүкіл Қазақстанды дамыту деген сөз» деп Президент Қ.Тоқаев айтқандай, ауылдардың дамуына жағдай жа­сау - мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Осыған орай, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту және ауылдардың инфрақұрылымын дамыту бағытында түрлі мемлекеттік жобалар жүзеге асуда. Ауыл жолдарының жөндеу жұмыстары, әлеуметтік тұрғыда маңызды нысандар мектептер мен мәдени ошақтардың жаңартылуы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарын да­мыту жұмыстарының барлығы мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі.

Соның ішінде, «Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы», «Ауыл– ел бесігі» сынды жобалар мақсаты ауылдарда газ және электр желілерін жүргізуге, ауыз сумен қамтуға, көшелерді жарықтандыруға, жол са­пасын жақсартуға бағытталады. Бұдан бөлек, елдімекендердегі тұрғындардың өмір сүру са­пасын жақсарту үшін денсаулық сақтау ны­сандары, мәдениет, спорт, білім ұйымдарын салуды көздейді. Ал бұл бағытта ауылдық елді мекендердегі жүзеге асқан жұмыстарға тоқталып өтсек.

АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАНДА ӨЗЕКТІ

Таза ауыз су мәселесі қай-қай ауылда да өзекті. Ауданда «Махамбет-Су» мекемесі құрылып, барлық ауылдың таза су қондырғыларын теңгеріміне алды. Қазіргі таңда жазғы су жұмыстарын игеру «Жомартжан» ЖШС-не берілген. Ауданға қарасты 13 ауылдық округте (Махамбет, Сарытоғай, Жалғансай, Есбол, Таңдай, Ақтоғай, Ортақшыл, Бейбарыс, Талдыкөл, ескі Сарайшық, Сарайшық, Ақжайық, Алға) су тазарту қондырғыларын қайта жаңғырту үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталды. Қазіргі таңда мердігер мекемелер анықталып, құрылыс жұмыстары басталуда. Махамбет ауылындағы №1 су тазарту қондырғысын қайта жаңғырту үшін жоба жасақталып, сараптама­дан өтуде.

Махамбет ауылындағы «Ақшолан» мөлтек ауданындағы ауыз су және жазғы су­ару құбырларын жай жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жауапты мекеме «Western Construction Team» ЖШС өкілдері бұдан бөлек орталықтағы кей көшелерге жазғы судың пластикалық құбырларын тартып, тұрғындардың өтініші қанағаттандырылмақ.

Есбол ауылдық округі, Еңбекшіл ауылында қолданыстағы су тазарту қондырғысына су құбырының желісі жүргізілді. Қазіргі таңда пайдалануға беру үшін құжаттары рәсімделуде. Сонымен қатар Еңбекшіл ауылына жазғы су құбырының құрылысы жүргізілуде.

Ақтоғай ауылдық округіне қарасты Бала Ораз, Есмахан, Көздіқара, Атамбаев елді мекендерін ауыз су желісін жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу арқылы құрылыс-монтаждау жұмыстарының мердігері анықталды.

Талдыкөл ауылының жазғы су құбырларын жөндеу үшін 2 млн 677 мың теңгеге жеке кәсіпкер «Бақыт» ұтып алып, жұмыстарын жүргізді. Талдыкөл ауылындағы таза су жүйесі мүлдем жүргізілмеген 12 үйге таза су құбырларын тарту жұмыстары толық аяқталды.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бой­ынша бөлінген 2469, 0 мың теңге қаржыға Таңдай ауылына кіреберіске жер телімі құжаты жасақталып, алаң қоршалып, су желісін жүргізу жоспарланған еді. Мемлекеттік порталға са­лынып, «Жомарт-жан» жеке кәсіпкерлігі жеңімпаз деп анықталып, қоршау мен су жүргізу үшін тұрбаларын тарту жұмыстары жүргізіліп, аяқталды. Таңдай ауылындағы жазғы су құбырларының 982 мың теңгеге жай жөндеумен 300 метрі ауыстырылды.

ЖОЛДАР ЖӨНДЕЛУДЕ

Махамбет ауылы бойынша 11,2 шақырым ауылішілік жолдардың құрылысы басталды. Жобаның мердігері – «Толағай 20/50» ЖШС. Жоба құны 2 млрд 488 млн теңге. Аталған құрылыс жұмыстары 19 көшені қамтиды. Оның ішінде 500, 300 метрлік көшелер де бар. Осы жылға 500 млн. теңге қаржы бөлінді. «Шаттық» мөлтек ауданындағы орналасқан Күләш Бәйсейітова және Шәкен Айманов көшелеріне тас жол салу жұмыстары жүруде.

Ақтоғай ауылдық округіндегі төрт көшеге тақтайдай тегіс асфальт төселді. Округке қарасты Бала Ораз бен көршілес Сарытоғай ауылы аралығына 1,4 шақырым жол салынып, аялдама орнатылды. Ауылдың кірме жолын жөндеуге қажетті 522 млн теңге қаражаттың биыл 300 млн-ы бөлінді. Конкурсқа беріліп, мердігер мекеме анықталды. Сонымен қатар асфальтталмаған ауылдың кей көшелеріне жол салу үшін 269 млн теңгеге жобалау-сметалық құжаттамасы жасалды. Бұл жұмыстарды «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүргізу жоспар­лануда.

Есбол ауылдық округіне қарасты елді мекендердегі жол жабындысы төселмеген көшелерді асфальттау және көше жарығы жоқ көшелерді жарықтандыру жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталуда. Округке қарасты елді мекендердегі жол жа­бындысы төселмеген көшелерді асфаль­ттау және көше жарығы жоқ көшелерді жарықтандыру жұмыстарына жобалау- сметалық құжаттамалары жасақталуда.

Алға ауылдық округінің ауылішілік 5 шақырым автомобиль жолын күрделі жөндеуге ЖСҚ үшін 5 397,0 мың теңге қаралып, мемлекеттік сатып алулар өткізілді. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу порталында «АВS лимитет» ЖШС мекемесі жеңімпаз болып жұмыстарын бастап кетті. Сол секілді Талдыкөл ауылының кірме жо­лын күрделі жөндеуге 302,5 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен Жалғансайда 9,6 шақырым ауылішілік жолды күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Сарайшық ауылында жалпы ұзындығы 10,2 км ауылішілік жолдау салу жоспарланып, өткен жылдың қазан айында басталған болатын. Қазіргі уақытта төтенше жағдайға байланысты тоқтап тұр.

ОЙЫН АЛАҢДАРЫ КӨБЕЮДЕ

Ойынмен өсетін ауыл баласы үшін таза ау­ада ойнаудың маңызы зор. Ауданға қарасты Ақтоғай, Таңдай, Талдыкөл, Есбол, Жалғансай ауылдарына 5 ойын алаңын салу жоспарла­нып, бүгінде жасанды төсеніші бар шағын фут­бол алаңының құрылысы жүруде. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 90%-ға аяқталды.Соны­мен қатар Сарайшық ауылында балалар ойын алаңының құрылысы салынып, қазіргі таңда аяқталуда. Толықтай аяқталып, құжаттары рәсімделгеннен кейін пайдалануға беріледі.

Махамбет ауылының Жаңа ауыл шағын ау­даны мен «Жайық шұғыласы газетінің 50 жылдығы» атындағы көшеге жаңадан ойын алаңы салынды. «ЖарқынҚұрылысСервис» мердігер мекемесі қосымша жабдықтар ор­натып, жасанды төсенішін төсеп, жай жөндеу жұмыстарын жасады.

Ақтоғай ауылында орналасқан балалар ойын алаңына ойын кешенін қондыру жұмыстарына «Эко Сауда» мекемесімен келісімшартқа оты­рылып, 890900 теңге қаржы толықтай игерілген. Ағымдағы жылға арналған ауылдық бюджетке «Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде 1155,0 мың теңге бөлініп, ойын алаңына жай жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланған болатын. Алайда төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік сатып алу бойынша хабарлама берілген жоқ. Ес­бол ауылында балалар ойын алаңын жаңарту жұмыстары жүргізілді.«Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының» қаражатына жергілікті қоғамдастық шешімімен бір дана ойын жиынтығы орнатылды.

Алға ауылдық округінде ойын алаңына бе­тонды төсеніш төсеуге 475,0 мың теңге қаржыға «Аружан Кеңес» жеке кәсіпкерлігі арқылы келімімшарт жасалды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балалар ойын алаңы алдына автокөлік жылдамдығын баяулату үшін 2 дана жол кедергісі орнатылды.

Жалғансай ауылдық округінде 4 млн 608 мың теңгеге балалар ойын алаңы салынған болатын. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен өткізілген мемлекеттік сатып алу бойынша тендерде жеңіске жеткен «JBS Company» мекемесі ба­лалар ойын алаңын орнату жұмыстарын жасап, ойыншықтар орнатқан. «Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында ауылдық бюджет есебінен балалар ойын алаңы жаңа ойын бұйымдарымен толықтырылды.

Сарайшық ауылында «Еламан Ойл» ЖШС ашық спорт алаңының құрылысы жалғасуда. Жуық арада халық игілігіне берілетін болады. Сондай ақ, округ орталығындағы Ы.Алтынсарин көшесіндегі «Боздақтар» саябағын және А.Иманов көшесіндегі саябақты қайта жаңғырту жұмыстары басталды.

ҚАРҚЫН АЛҒАН ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ

Қазіргі таңда Махамбет ауылында құрылысы «НКОК» компаниясының демеушілігі арқылы жүріп жатқан 3 қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйге инженердік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйесі және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Еңбекшіл ауылындағы білікті мамандар­дан жиналған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін заманауи медициналық ұйым фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Талдыкөл, Аққайың елді мекендерінде де жаңадан дәрігерлік емхана бой көтерген болатын. Әзірге Талдыкөлдегі емхана пайдалануға берілді.

Талдыкөл, Сарайшық, Алға, Ортақшыл ау­ылдарына 200 орындық мәдениет үйлерін салу үшін, Махамбет ауылында 400 орындық мәдениет үйінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама жасақталуда. Бейбарыс және Алға ау­ылдарын электрмен қамтамасыз ету мақсатында қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Алға ауылынан жаңа балабақша ғимаратын салу да күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Балабақша құрылысын салу үшін 2019 жылы аудандық әкімдікпен жобалық-сметалық құжаттама (жобаның құны 696 860,0 мың теңге) жасақталған болатын. Алайда бюджет­тен 3 жыл мерзім ішінде қаржыландырмауына байланысты аталған жобаның мерзімі өтіп кетті. 2021 жылдан бастап білім беру нысан­дары облыстық білім беру басқармасының бағыныстылығына өтуіне байланысты жобалар басқармаға ұсынылды. Қазіргі уақытта білім беру басқармасына аталған жобаға қайта түзету енгізу туралы ұсыныстар берілді.

Таңдай ауылында өткен жылдың шілде ай­ында «Сұңқар-құрылыс» ЖШС 150 орындық денешынықтыру- сауықтыру кешенін салу жұмыстарын бастаған еді. Тапсырыс беруші –Атырау облыстық құрылыс басқармасы. Облыстық бюджеттен 1 млрд 254млн 580 мың теңге қаражат бөлінген.Таңдай ауылында жа­санды төсенішті ашық спорт алаңын салуға ЖСҚ жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Өткен жылы құрылысқа облыстық бюд­жеттен 193 млн 641 мың 584 теңге бөлінген. Тапсырыс берген аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы мемлекеттік мекемесі. Ауылда ашық спорт алаңы мен «street workout» құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысанды ағымдағы жылдың қарашасында аяқтау жо­спарлануда. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша бөлінген 2 824,0 мың теңге қаржыға «Көкбелдеу» алаңын қоршау жоспарланған бо­латын. Бұл жұмыстарды атқаруда «Жомартжан» жеке кәсіпкерлігі жеңімпаз болып анықталып, қазіргі уақытта қоршау жұмыстары жүріп жа­тыр. Ақжайық ауылында бағдарлама шеңберінде екі көшенің ескі жарық шамдары жаңартылды. Сарайшық ауылының жарық жүргізілмеген көшелері толықтай жарықтандырылды. «SAB Barakat» ЖК барлығы 345 нүкте көше шамдарын орнатты. Сонымен қатар, ауылдың кіреберісіне орнатылған LED экран ауылға ерекше сән беріп тұр.

Талдыкөл ауылындағы жаңа шағын аудандарды электрмен жабдықтау және сумен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. 2024- 2025 жылдары құрылыс жұмыстары жүзеге аса­тын болады.

Көріп отырғанымыздай, күн өткен сайын ауылдардың ажары кіріп, әлеуметтің әлеуеті арта түсуде. Ауыз су желісі тартылып, ескілері қайта жаңғыртудан өтіп, жолдар жөнделіп, жаңа мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулаториялар салынуда. Аудан орталығы ғана емес, ауылдық жерлерде де сәнді де, сәулетті ғимараттар бой көтеруде. Мұның барлығы мемлекеттік бағдарламалардың жемісі. Мұндай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, ауылдық елді-мекендердің ажары айшықталып, абыройы асқақтай беретініне сеніміміз мол.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521