Аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Махамбет ауданы әкімінің кубогіне» арналған жайдарлы жазғы «Жайдарман» ойыны өтті. Оған облыс бойынша он команда қатысып, әзіл алаңында өзара бақ сынасты.
«Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен шараға жиналған жастардың қарасы көп болды. Кеш жүргізушісі де бір кездері «Жайдарман» ойындары арқылы республикаға танылған «Сағыз» құрама командасының капитаны Жасұлан Сапаров болды. Қатысушыларға сәттілік тілеу мақсатында кештің алғысөзі аудан әкімінің орынбасары Арман Әділғалиевке берілді.
Ойын барысында байқағанымыз, сыни пікір, сындарлы ойын әзіл астына жасырып жеткізген, жас та болса жақсы ойын көрсеткен командалар жетерлік. Ойыншылардың өзара үйлесімі, сахналық көрінісі, дайындығы жоғарғы деңгейде. Әсіресе, мектеп оқушыларының да Жайдарман ойындарына қатысуы елімізде дәстүрлі үрдіске айналғаны да қуантады. Жүйрік көп болғанымен, жеңімпаз – біреу. Ақтық сайыста әділқазылар алқасының шешімімен ең көп ұпай жинаған командалар анықталып, жүлделі орындарды иеленді. Атап айтқанда, сонау Қызылқоға ауданынан арнайы келген «Қарабау» командасы 3 орын, «Исатай» ауданының құрамасы 2 орынды иеленсе, Атырау қаласы атынан шыққан «Q-елі» командасы жеңімпаз атанды. Жүлделі орындарға аудан әкімінің атынан «Алғыс хат» пен арнайы ақшалай сертификаттар табысталды. Ал, үздік ойын көрсеткен «Еркінқала», «Доссор», «Махамбет жастары» командаларын да әділқазылар ерекше атап өтті. Сонымен қатар дәстүр бойынша үздік ойыншы анықталып, бұл кубок те «Q-елі» командасына бұйырды.
Аудандағы жастар саясатын дамытуда облыстың, өңірдің белсенділерін бір арнаға тоғыстыруда «Жайдарманның» алар орны ерекше. Республика көлемінде өзінің негізін қалаған «Жайдарман» мектебінің талай түлегі қазір де әртүрлі салада, қоғамдық жұмыстарда белсенді еңбек етіп жүр. Халықтың көкейіндегі үлкен сауалды, кішігірім әзілмен жеткізе білу де үлкен өнер. Сондықтан алдағы уақытта да аудан көлемінде жайдарманшы жастардың жұмысы қолдау таба береді деген сенімдеміз.
А.САТАЕВА