Ауыл мұғалімі жүлдемен оралды

Таяуда Алматы қаласында өткен дәстүрлі «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауының республикалық кезеңі қорытындыланды.

Педагогтардың кәсіби өсуін ынталандыру, Қазақстанның мектеп бас­шылары мен мұғалімдерінің инновациялық тәжірибесін зерделеу, тарату мақсатымен жыл сайын өткізілетін бұл байқауда биыл республиканың 235 пе­дагогы бақ сынаған. Солардың арасында жүзден жүйрік шыққандар ішінде бейбарыстық Гүлден Жайлашева да бар. Ауыл мектебі ұстазының еңбегі оң бағаланып, таратуға лайықты идеясын ұсынғаны үшін марапатталды. Осылайша, республикалық байқаудың қорытындысымен А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Гүлден Жайлашева «Шеберлік палитрасының ағылшын тілі» бағыты бойынша қатысып, жүлделі ІІ орын иегері атанды.

Ата-анасы облысқа танымал «Жайлашевтар» отбасылық ансамблін құрған мәдениет майталмандары болғанымен, Гүлден Жаңабайқызы ұстаздық жолды таңдап, осы салада табысты еңбек етіп жүр. Айтуынша, бұл қабілеті оның нағашы ата-әжесінен дарыған.

– 2001 жылы Чкалов атындағы орта мектебін қызыл аттестатпен аяқтап, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжге оқуға түскен ол аталмыш гуманитарлық колледжді ағылшын тілі пәні бойынша қызыл дипломмен аяқтаған. Кейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жоғары білім алып, ең алғашқы ұстаздық жолын №6 мектепте бастайды. Қазіргі таңда Бейбарыс ауылдық округіндегі А.Байтұрсынұлы атындағы орта мек­теп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, ағылшын тілінің мұғалімі болып, қызмет атқарады. Он сегіз жылдық педагогикалық өтілі бар Гүлден Жайлашеваның білім ордасында беделі зор. Ол білім берген шәкірттер еліміздің түкпір-түкпірінде еселі еңбек етіп жүр.

2006 жылы Берқайыр есімді азаматпен шаңырақ көтеріп, 5 бала тәрбиелеп отырған Гүлден үлгілі жанұяның отанасы. Осы жылдар ішінде оның ұстаздық жолда алған марапаттары да жетерлік. Атап айтсақ, 2022 жылы аудан әкімінің Алғыс хатымен, 2023 жылы аудандық білім бөлімінің, 2024 жылы Бейбарыс ауылдық округі әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

А.ТЕКЕБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT