«Бүгін менің туған күнім ой пәлі-ай, Мына жұртым неге жатыр тойламай?» деп Мұқағалиша жырлап жүретін тағы бір ақжарқын жан арамызда жоқ бүгін. Таңдайынан топ жарып шығып, топырағына жерленгенше туған жерім деп кеткен ақын, журналист Қадыржан Қазымбекұлы тірі болса биыл 65 жасқа толар еді...
Оның туған күнінде еліне сыйлы болған азаматтың ет жақындары мен өмірдегі, өнердегі достары, шәкірттері мен әріптестері бас қосып, еске алу кешін өткізді. Қадыржанның қаламынан туған отты жырлар, сезімге, сағынышқа толы, әзілмен астарланған шоқты жырлар сол кеште оқылып, қара өлеңді Қадыржанша сөйлетті.
Тірісінде ақын, журналист, Махамбет ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі деген ресми атақтарын алып кеткен Қадыржан Қазымбекұлы онсыз да халықтың ықыласы мен батасына бөленген жан еді.
Бар саналы ғұмыры, балалығы, шалалығы, бозбала шағы мен жігіт ағасы, ел ағасы болған еңселі шағы бәрі осы Бақсай, Таңдай топырағында өтті. 1960 жылдың 15 қаңтарында әкесі Қазымбек пен анасы Мынташтың шаңырағында өмір есігін ашты. 1967 жылы Таңдай орта мектебінің табалдырығын аттаған ол - бастауыш сыныптарда оқып жүргенінде-ақ газетке өлеңдер мен мақалалар жазуға машықтанады. Аудандық бұрынғы «Малды өңір», қазіргі «Жайық шұғыласы» газетінде оның мақалалары жиі жарияланған. Сөйтіп орта мектепті 1977 жылы бітірген бала Қадыржан мектеп партасынан Новобогат аудандық «Нарын таңы» газетінің редакциясына ауысады. «Журналист болам деген арманы орындалып, 1979 жылы Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің редакциясына тілші, бөлім меңгерушісі болып жұмысқа орналасады. Ұзақ жылдар бойы аудандық газетте белсенді қызмет етіп, өзінің қайталанбайтын қолтаңбасын қалдырды. Әсіресе, ағамыздың әңгіме, фельетон сынды жоғалып бара жатқан жанрлардағы қолжазбаларын күтіп жүріп оқитынбыз. Арасында қолқа салып, шығармаларын сұрап алып жариялаушы едік. Оның қағытпа қалжың мен астарлы әзілдерінде шымбайыңа батып кетер бір шындығы болатын. Әуел бас- тан жаны шығармашылықты сүйетін жан журналистика мен мәдени қызметінде ақындықты қатар алып жүрді. Сондай-ақ, отыз жылға жуық Бақсай ауылдық мәдениет үйін басқарып, бүгінде ұйымшылдығымен елге үлгі болып отырған Таңдай ауылының дамуына өз үлесін қосты.
Ақынның мерейтойына арналған «Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен «Бақсайынан алысқа жыр асырған» атты еске алу кешінде ол туралы жақсы естеліктер айтылып, қаламынан шыққан қара өлеңдер көрерменге жол тартты. Ал, туған жеріндегі «Таңдайдың топжарғаны» атты кеште өзімен үзеңгілес жүрген достары, замандастары, ізбасар шәкірттері, ауылдастары қатысып, оның қайраткерлігін, елді аузына қаратқан шешендігін, іскерлігін айтып, өзінен кейін мәңгі мұра боп қалған жырларын жатқа оқыды. Жергілікті ақын, мәдениет майталманы Амангелді ағамыз кеш соңында қимас досына арнап жазған өлең шумақтарымен Қадыржандай қадірлі азаматын сағынған халықты бір жылатып алды.
ӨНЕРДЕГІ ӘКЕМ БОЛАТЫН
Қадыржан Қазымбекұлы жанына жақсы жолдас жинап қана қоймай, артынан шебер шәкірт тәрбиелеп кеткен білікті ұстаз десек артық емес. Оның өмірдегі өткірлігін, өнердегі алғырлығын, жан-жақты болмысын өзіне үлгі тұтқан жандар аз емес. Солардың бірі аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің режиссері Элеонора Файзуллаева ақылшы ұстазы туралы мынадай естелікпен бөлісті:
Қадыржан Қазымбекұлы өнердегі әкем, ұстазым десем артық емес. Оның шығармашылық жолы, азаматтығы, әділдігі мен шынайылығы халыққа жақын жайдары мінезі жүректерге жылу беретін. Жан досым Жанеркенің ата-анасы Қадыржан аға мен Ақзия апа менің де өмірімде ерекше орын алды. Сол жандардың арқасында Таңдайға өз төркініме барғандай еркелеп баратын едім. Ұстазымның терең ойлары мен жалынды сөздері үнемі жігерлендіріп, өз жолымды табуға жетеледі. Тек Таңдайдың емес, тұтас елдің ардақты азаматы болған Қадыржан ағаның өлеңдері туған жерге деген шынайы сүйіспеншілікке толы. Қаламынан туған әр өлең, әрбір мақаласы шындықты, адалдықты дәріптеді. Ағайдың жаны жомарт, жүрегі кең адам болғанын бәріміз білдік. Ол өмірде қарапайымдылық пен терең даналықты үйлестіре білген тұлға еді. Айтқан сөздері мен өнегесі, жарқын бейнесі, ізгі істері әрдайым жадымызда сақталады. Жанымызда жақын жүргенде қадірін біліп үлгермеген асыл жандардың бірі Қадыржан Қазымбекұлы болып қалды. Ұстазымыз туралы естеліктер мен жүрегіміздегі сағыныш ешқашан өшпейді, –дейді өмірде де, өнерде де үлгі тұтқан шәкірті.
Қадыржан Қазымбекұлы шәкіртін алыстан аңғаратын, оның жандүниесін басқалардан бұрын түсініп тұратын аңғарымпаз ұстаз болғанын көпшілік біле бермес. Ол өзі секілді шығармашылыққа бейін, еркіндікте жүріп емін-еркін, көсіліп жазатын жандарды жақсы байқайтын. Солардың бірі – «Бақсай» мәдениет үйінің басшысы Жадыра Есенова. Оның бойындағы ұйымдастырушылық қабілетін, шығармашылық мүмкін- діктерін бірден байқаған ағайымыз оны әкімдіктен мәдениет үйіне жұмысқа шақырып, бүгінде өзінің ізбасары ретінде дайындап кетті. Мамандық таңдауда ақылшы, қамқоршы ұстазы болған Қадыржан ағай туралы Жадыра өз естелігін жариялаған еді.
АҒАЙЫМДЫ АЙТЫП, АҢСАП ЖҮРЕМІН...
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына із қалдырған» ... деп хәкім Абай жырлағандай, елдің жанына сая болған, өмірден ерте кеткен қайталанбас тұлға ғой ағамыз... Олай болса, менің де сондай сағынатын, аңсап жүретін адамым – ол Қадыржан ағайым. «Біздің ағай тамаша» деген ән осы біздің ағайға арнап жазылғандай. Еш уақытта дауыс көтеріп сөйлегенін, біреудің көңілін қалдырғанын көрмеппіз. Ұжымды да, басқасын да өз баласындай бауырына басып жүретін. Ел ішінде бір кісідей беделді еді. Ақылымен, ісімен халықты тыңдата білді. Кешегі өткен Таңдайдың тоқсан жылдық торқалы тойында бастан-аяқ өзі жүріп абыроймен атқарып еді. Еліне жасап кеткен ақын ағамыздың соңғы сыйы да осы болса керек. Білікті басшы, талантты ақын, халық сыйлаған азаматтың артында қалған мұрасын, өзі үйреткен әрбір даналығын сақтап өтуге барымды саламын. Мен Қадыржандай ұстазға шәкірт болғаныма қуанамын,-дейді әріптесі, шәкірті Ж. Қуанышқалиқызы.
«Ұстаздан шәкірт озар» демекші, бүгінде «Бақсай» мәдениет үйінің түтінін түзу түтетіп, іс-шараларды жоғарғы деңгейде өткізіп жүрген Жадыра да ағайы салған сара жолды жалғастырып келеді.
«ТАҢДАЙ СЕНСІЗ ЖЕТІМ ҚАЛҒАНДАЙ...»
Бір кездері әзіл-қалжыңы аралас әңгімесін айтып, елдің мұңын, сырын айтып келетін досы, қатарласы, әріптесі Қадыржанды сағынып, жоқтап жүрген жанның бірі – аудандық мәслихаттың төрағасы Қайыржан Мәжиев. Көзі тірісінде досына «Таңдай сенсіз жетім қалар» деп жиі айтушы еді, енді сол сөздің растығына көзі жеткендей. «Таңдайға барған сайын бір нәрсе жетпей тұрады. Ол Қадыржанның бірауыз жылы сөзі екен» –дейді ағамыз.
Қадыржанмен таныстығымыз біраз жылдар бұрын басталды. Бірге жүріп ел ішіндегі талай істі тындырдық. Менің ісім мен оның сөз тапқыш шешендігімен жақсы үйлесім тауып, Таңдайдың мұң-мұқтажын өтеп беруге жарап тұрдық. 1985 жылы журналист Сабиров Қадыржан болған кезінен жақсы жолдас едік. 2016 жылы Бақсай ауылдық округінің әкімдігіне кандидат болып қатар ұсынылдық. Бірақ, Қадекең мен сайланып барғанда құшақ жая қарсы алды. Бірлескен жұмысымыздың нәтижесінде ауылдың түлектерінен жиналған қаржыға үлкен саябақ салдырдық. Таңдайдың жас- кәрісі қатар Қадыржанды жақсы сыйлады. Соның арқасында олар кез келген мәселеде ақыл сұрап, көмек сұрап бірінші маған емес, Қадекеңе баратын. Ол болса әр мәселені егжей-тегжейлі маған түсіндіріп, өз ұсынысын айтып отыратын. 1964 жылы салынып, тозығы жеткен каналдағы ағаш көпірдің ауысуына да осы Қадыржан себепші болған. 2007 жылдардан бері халық сол көпірді ауыстырып беруді сұрап жүрген-ді. Қадекең бірде қасында Нұрғалиев Ғұднан есімді досымен келіп жаңағы көпірдің жобасын салдырған құжатты көрсетті. Жалпы сомасы 25 миллионды құрайтын жоба қолдарында тұр. Енді қаржы бөлдірейін десек, спецификасы келмейді. Сөйтіп, Жайық өзіне өткел салып жатқан мердігерлермен келісіп, облыстағы басшылықтың араласуымен, Әлібек Ибатоллаұлы мұрындық болып, ескі көпірді жаңартатын болып шештік. Біз келіскен мердігер жұмысын бастап кетті. Ал жұмысшыларға тамағын, ауыз суын тасуды, басы-қасында жүруді мен толықтай Қадекеңе тапсырдым. Сөйтіп, ол да «жоқ» демей, еңбек демалысына шығып, сол көпірдің басында күні-түні жүрді. Көпірдің жұмысына 15 миллиондай қаржы жұмсаған соң әзірбайжандық мердігер әрі қарай мүмкіндігі жоғын айтты. Сөйтіп, тағы да Қадыржанның көмегімен бүгінде Мәжіліс депутаты болып отырған кәсіпкер Әділ Жұбановқа хат жаздық. Хат болғанда жай емес, өлеңмен өрнектелген, туған жердің мұқтажы жеткізілген хат еді. Қадыржанның Құдай берген сол дарыны депутат ағамыздың көңілін босатып, ауылға бірден техника жіберіп, жұмысты 15 күнде аяқтап берді. Артынан сол көпірді ауыл халқы «Қадыржан көпір» деп атап кетті. Мәдениет үйін басқарған тұста да ауыл көшелері күнін ұйымдастырып, Есмахан мен Көздіқарада дүбірлі той өткіздік. Ауыл тұрғындарының ұйымшылдығын нығайтуға осы шаралар үлкен үлес қосты. Көршілес Исатай ауданының Тұщықұдық ауылымен өзара меморандум жасадық. Таңдайдың тоқсан жылдық тойында өзі бастан-аяқ жүрді. Ауылдың көнекөз ақсақалдарына дейін өмірбаянын Қадекеңе тапсырып, жаздырып жүретін еді. Сөйтіп, қапыда өмірден өткен құрдасымды, жолдасымды бүгінде мен де сағынышпен еске аламын. Қамшының сабындай өте шыққан ғұмырында ол ел мен жерге көп еңбегін сіңіріп кеткен беделі биік азамат еді. Халықтың өзі «Бақсайдың Бөкен биі» атап кеткен, болмысы қайталанбайтын Қадыржан еді, -деп еске алды Қайыржан Мәжиұлы. Әңгіме соңында жұмыс үстелінде тұрған ақын ағамыздың «Тәңірге табыныс», «Таңдайым – тал бесігім» сынды кітаптарын көрсетіп, оқыған сайын көз көрген досымен сырласқандай болатынын айтты.
А.САТАЕВА