Егіннің жайын еккен білер.
Ризығын жерден тапқан диқан қауымы үшін тынымсыз тірліктің ақталғанынан артық не бар, сірә?! Жердің жайын, егіннің бабын білген шаруаның ғана еңбегі еш кетпесі анық. Таңдайдың кәрістерімен тайталасып, егін егіп, жерінің көлемі олардан анағұрлым кіші болса да, алған өнімнің көлемі бір елі кем емес Жанболат Бисекенов күні кеше ғана облыстың үздіктері қатарынан табылып, «Үздік егінші – 2020» номинациясының көк лентасын иығына ілді. 2017 жылы «Абай» шаруа қожалығын құрып, отбасылық кәсіпті дөңгелетіп отырған жас кәсіпкермен тілдесіп, шаруасының жай-жапсарына қаныққанбыз.
Тоғызыншы сыныпты аяқтай сала, оқудың артынан түспей, бірден еңбекке араласқан шаруагер бұл кәсіпке жайдан-жай келмегенге ұқсайды. Вахталық әдіспен 5-6 жыл жұмыс жасай жүріп, осыдан үш жыл бұрын өз ауылынан жер алып, дала төсіне дән сеуіп, егін егуге бел буады.
Бір кездері әкесі Абай егін салған, бірақ бір себептермен кәсібінен қол үзіпті. Егіншілікпен айналысатын әкесінің інісі Талғат Биғалиевтың ақыл-кеңесімен бастапқыда өз тапқан-таянғандарын жұмсап, тәуекел етеді. Еңбектің қадірін ерте біліп, ағасындай болуға ұмтылған Жанболат та жел қайыққа отырып, есті де кетті. Отбасылық кәсіпті қолға алғаннан кейін әкесі, ағасы мен жан жары жанынан табылды. Тынымсыз еңбектің арқасында жұмысын оң жолға қойған кәсіпкер бүгінгі күні 10 гектар жерге қауын,қарбыз, қияр, қырыққабат секілді түрлі дақылды егіп, облыс халқын қамтамасыз ететіндей өнім алып отыр. Бұл кәсіпке келгеніне көп бола қоймаса да, жомарт жер жемісін беріп, ісінің берекесін арттырғаны көрініп тұр.
- Алғашқыда Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарына жолықтым. Олар бағыт-бағдар беріп,суға, тыңайтқышқа субсидия алу секілді мәселелерді түсіндіріп, көп көмегін берді. Дәнді дақылдың сапалы тұқымын қай жерден алу қажеттігін де меңгердік. Сол жылы қарбыз, қауын, қияр егіп, жақсы өнім алдық.Таңдайдың жерінің құнары жақсы ғой. Бірақ бір жылдан кейін егін салатын қаржы таппай, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан 4 миллион теңге несие алдым.Соның арқасында жақсы өнім алып, несиемді толық жауып, кәсіпті бір жолға қойып келеміз. Ауылдың азаматы Тілеген Жарылғапов осы істі бастағалы шаруа қожалықта бригадир болып, қызмет етіп келеді. Ал өнім жинау кезеңінде ауылдық округ әкімі аппаратынан бөлінетін қоғамдық жұмыспен айналысушылар еңбекке тартылады,-дейді Жанболат Абайұлы.
Биылғы жыл карантиндік шектеулерге, төтенше жағдай режиміне қарамастан өнімді жинау мен өткізуде ешқандай кедергі болмаған. Кәсіпкердің сөзінше, осындай қиын кезеңде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының көмегі көп болыпты. Соның арқасында шаруалар жанқиярлықпен еңбек етіп, өлке тұрғындарын жергілікті табиғи өніммен қамтуға мүмкіндік алды.
- Төтенше жағдай мезгілінде қалаға тауарды өткізуге бару үшін блок бекеттен өту керек. Ол жерден анықтамасыз өткізбейтіні белгілі. Осы кезде бөлім мамандары шаруашылық иелеріне анықтама қағаздарын беріп, соның арқасында еш кедергісіз өнімді өткіздік. Жердің көлемі бойынша кәсіп шаруалармен бәсекелесе алмасам да,шығарған өнім бойынша бәсекеге толық қабілетім жетеді. Өйткені қарбызды орташа есеппен 80-100 тонна алып отырмыз. Білмегенді сұрағанның айыбы жоқ, керісінше білуге ұмтылып, ізденіп, талпынса, қай істі де икемге келтіруге болады. Мысалы, мен ағамнан сұраймын, болмаса қазір интернеттің дамыған заманы ғой, Youtube-ты ашып жіберіп, сұрақтардың жауабын тауып аламын. Бастысы – жұмысыңа деген ықылас-ниетің болса жеткілікті,- дейді егінші.
Осылайша, «Абай» шаруа қожалығы үкімет тарапынан қарастырылған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, жергілікті тұрғындарға да жағдай жасап отыр. Техникасы сақадай сай кәсіпкер жерді жыртып, келер жылға дайындап қойыпты. Жер-Ананың адал кәсіптің тұтқасын ұстап, ерінбей еңбек еткеннің жігерін құм қылмайтынының дәлелі бұл. Тәуекел еткеннің аузы аққа тиіп, ала жаздай атқарған еңбегінің еселеніп қайтуы диқан үшін де жеңіс.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ