Ауған асуында от кешкен жауынгерлердің бірі – махамбеттік Юсупов Нұрлан Төлегенұлы. Махамбеттен 8-сыныпты бітірген соң, Атыраудағы теміржол техникумына оқуға түскен. Ол 1985 жылдың мамырында әскер қатарына шақырылып, Түркіменстанның Теджент қаласында 6 айдай оқу жаттығуға қатысқан. Бұл оқу командирлік, сержанттық құрамға арналыпты. Сұрапыл жылдардағы Ауған жеріндегі қызметі туралы Нұрлан былайша еске алады.
- 1985 жылдың қарашасында Ауғанстанға аттандық. Өзбекстан шекарасынан өтіп, Ауған жеріне 28 жігіт болып барған едік. Әмудария үстімен өткенде Ауғанстанның шеті көрініп жататын. Алдымен жауынгерлерді Термизден, одан әрі Қайыртон деген жерден бөліп тастады. Мен Ташқорған полкіне, №122 мотоатқыштар полкіне, №9 Р барлаушылар ротасына түстім. Бір айдай оқу- жаттығудан өтіп, миналарды таныстырып, олармен қалай жұмыс істеу, әсіресе, үлкен итальяндық миналарды көріп, олардан қалай қорғану жайын білдік. Барлаушылар ротасында БТР, БМБ көліктерін жөндеумен де айналыстық. Өзім БМБ, БТР көліктерін айдадым. Жігіттерге жүк, ауыр көліктерді жөндеуге жәрдемдесіп, бірге жүрдік. Кейін Маймене деген провинцияда болдық. Провинция қақ таудың ортасы, құмды, таулы жер еді. Ол Пәкістан шекарасына өте жақын орналасқан жер болатын. Полкке тек хат- хабар алу үшін анда-санда ғана келеміз. Көбінесе тау басында Майменеде болдық. Сонымен қатар, Баграмда, Кундузда да барлауда жүрдік. Ұрыс қимылдарына да қатыстық. Барлау ротасының басты қызметі автоколоннаны, заттар артқан түйе керуендерін өткізу еді. Сондай-ақ, заты бар керуендер, автоколонналар келе жатқанын хабарлап отыру да міндетімізге кірді. Дұшмандар Пәкістан шекарасында үнемі оқу-жаттығулар үйрететін. Олар тіпті мектеп жасындағы жап-жас балаларды, жас жігіттерді де соғыс өнеріне, қару-жарақ ұстауға үйретіп жататын. Біз елеңдеп, ел жақтан хат-хабар күтетінбіз. Бірде БТР көлігімен минаға түскенім бар. Жалпы колонна алдында саперлер ротасы минаны тексеріп жүретін, бірақ асығыс болып, дұрыс тексерілмеді ме, ол жағын білмеймін. Мина жерастында көмілген күйде қалып қойған екен. Бір БТР өтіп, екінші мен БТР-мен өткен кезде 26 т салмақтан мина жарылып кетіпті. Мина көліктің артынан соққан екен. Пулеметші украин жігіт Анатолий Павлюк қаза тапты сол минадан. Ал, мен бір ай госпитальда жатып, емделіп шықтым, - дейді ол әңгімесінде.
ОН БІР ДУШМАНҒА АЙЫРБАСТАЛҒАН МАМОЕНКО
- Кундуз жақтағы Балх деген жерден тұтқынға түскен 11 дұшманды ұстап әкеліп, қамадық. Бір күні бір дұшман келіп, «бізде бір сарбаз бар кепілдікте, соны 11 дұшманға ауыстырыңдар» деген шарт қойды. Оны су алуға барғанда ұрлап алып кетсе керек. Ол сарбаз елінен кеткелі 9 ай болған екен. Оны жоқтап тума-туыстары, ата-анасы Қазақстан Қорғаныс министрлігіне хат жазыпты. Ол украин жігіт Мамаенко екен. Дұшмандар қолына түскен соң ол жігітке ислам дінін қабылдатып, ауған қызына үйлендірген екен. Ауған халқының ұлттық киімін киіп, сақалын өсірген. Содан 11 ауғанды апарып, украин Мамаенконы ротаға алып қайттық. Ол орыс тілін де, украин тілін де ұмытқан. Ешкімді танымады. Оны дезбатқа Мәскеуге жіберді. Оның ендігі тағдырын «сот, әскери трибунал шешеді» деді бізге. Оның алдында құрманғазылық Берік есімді жігіттің де жоғалғанын естіген едік. Әлі күнге дейін өлі-тірісі белгісіз. Мүмкін Мамаенко сияқты сол жақта құл болып жүр ме екен?
БАУЫРСАҚ ПІСІРГЕН АҚЫЛБЕК
Бірде Поликовода түнде жүруге болмайды деп қондық. БТР қасына кеште бір қазақ жігіт келіп, жөн сұрасты. Ол Атыраудан, әскерге жаңадан келген сарбаз екен. Ротадағы наубайханада жұмыс істейтін болып шықты. Оның қасында Сайбек деген сыңары барын білдік. Отбасында екеуі егіз болғандықтан әскерге бірге алынса керек. Содан Ақылбек бізге түнгі 12-де бауырсақ пісіріп әкелді. Өзбектің палауын жемей, түн жарымында бауырсақ жеп, мәре-сәре болдық. Өзбек, грузин, орыс жігіттерге бауырсақ таратып, бәрі таласып жегені есімде қалыпты.
МАЗАРИ ШАРИФТЕГІ ЗӘКІР АТА
- Ауғанстанда Мазари Шариф деген қала бар. Онда қазақтар көп тұрады екен. Сонда мен бір қазақ қартпен таныстым. Аты - Зәкір екен. Атамыздың руы Адай екен. Өзінің шыққан тегі Маңғыстау өңірі. Сонау 1918-1920 жылдары Кеңес өкіметін орнату, революция кезінде шетелге қашқан. Елге барып өлсем, арманым жоқ дейтін. Сол кезде ол кісінің жасы 50 жаста болса да, егде көрінетін еді. Зәкір атаның отбасында 4 ұл, 3 қызы бар екен. Ауғанстанға келген соң Зәкір ата егін егіп, мал баққанын айтты. Қалайда тірі қалып, жан бағып, отбасын асырау керек болған көрінеді. Мен әскерден кеткенше Зәкір атамен жақсы араласып, ол кісіге жоғары сортты 50 кг ұндарды қапшықпен, секер, өзіме берген ет қалбырларын да жолшыбай тастап кетемін. Ондағылар айырбас ретінде тамақты қол сағатқа, магнитофон сынды тауарларды алмастыратын. Талай рет сарбаздарға Ауған ақшасын бергені есімде. Ақшаның көлемі табақтай үлкен болатын. Атамыз бізді жолда күтіп тұратын еді. Мен машинамнан тамақтарын, астықтарын түсіріп кеткенде «Аман жүр, балам! Жолың болсын! Аман-сау еліңе орал!» деп батасын беретін еді. Кейде сол атаның батасы шығар елге аман жеткеніміз деп те ойлаймын.
Ауған халқы дінге аса берік еді. Күнде мешіттерден азан шақыратын . Қарауылда тұрсақ та, БТР-да отырсақ та, азан даусын тыңдап отыратынбыз. Орыстар «не тыңдап отырсың?» дейтін бізге таң қалып. Біз барған Мазари Шарифта үлкен, әдемі мешіт бар. Бұл ең әдемі қала екен. Оның Кабулдан бұрынғы астана болғанын білдік. Халқының тұрмыс- жағдайы төмендігіне қарамастан ауған елі саудагерлері шекара асып, ол көп заттарды, шетелдік қымбат киім-кешекті де жеткізіп отырған. Шекара арқылы дұшмандар да түйе керуендерімен есірткі, қару-жарақтар таситын.
Біз сол кездері 1986-1989 жылдар аралығында 6 полкті Ауғанстаннан шығарып салғанбыз. Тіпті бір отбасынан ағалы-інілі өзбек жігіттер Ауғанстан жерінде Отан алдындағы борышын өтеген екен. Сол жігіттердің ағасының мерзімі бітіп, елге оралып жатса, соңынан келген інісі де бірге кеткісі келіп, жер бауырлап жылап жатқанын көзіміз көрді. Тек үш ай ғана қызмет етіп, полкпен бірге елге оралғандар да кездесті.
Ауған жерінде жүргенде БТР-ді, пулеметті жинап, жөндеуге байланысты Баграмға оқуға жіберді. Баграм тау арасындағы провинция болатын. Ол жақтағы полкте Өміржан, Серіктерді іздеп барғаным есімде. Біз барғанда Өміржан қарауылда тұр екен. Ол жерде Серікті де көріп, жолықтық. Біз ол жақта 15 күндей болдық деп есептесек, тау арасында 1,5 айдай болыппыз. Автоколонналар келе жатқанын көрсек, машиналарында «Гурьев» деген жазу жоқ па екен деп қарайтынбыз.
ЖАНТАҚТЫ ҚАЙНАТЫП ІШТІК
Ол жақтағы провинциялар өте ыстық жер еді. Ми қайнатар аптап ыстықта оқу- жаттығуларда сарбаздар сағаттап сап түзеп тұратынбыз. Қазақтар қашанда шыдамды ғой, бәріне төзетін. Ал өзбек, орыс жауынгерлер аптап ыстыққа шыдай алмай, бастары айналып, құлап жататын. Ал қазақ солдаттары ауруға көп мойынұсына қоймайтын. Әсіресе, молдаван, орыс сарбаздарына жара шығып жатқанын да көрдік. Ол жақта үнемі күн ыстық, тұманды, жаңбыр көп жауатын еді. Шынымды айтсам, Ауғанстанда әскерде болған қазақ сарбаздарын көп ешкім елеп-ескермеді, оларға ешбір жағдай туғызылмады. Кей жарақатымыз жеңіл болса, оны халықтық ем қолданып, емдейтініміз есімде. Сол кезде мезгілінде медициналық ем-дом алмағасын, алған жарақаттары іріңдеп асқынып, кей жауынгерлеріміз елге оралысымен аурудан көз жұмды. Жұқпалы ауру да өршіп тұратын. Соның салдарынан өмірден озғандар да бар. Тау басында ас-сусыз ашқұрсақ жатқан кезіміз болғанын жасырмаймын. Тек арасында ғана вертолетпен қапшықтап нан, су тастап кететін. Түйенің шөбі -жантақты қайнатып, шай қылып іштік. Жантақ өте пайдалы, емдік қасиеті бар шөп екенін білдік. Өз басым соны ішкесін жұқпалы ауруларға көп бой алдырмай, аман қалдық деп ойлаймын. Содан 1987 жылдың мамырында елге оралдық. 1988-2001 жылдары Теңіз кенішінде ауысымдық жұмыстар атқардым. 2001- 2007 жылдары Қазмұнайбұрғылау АҚ – да жүргізушілік қызмет істесем, кейін әртүрлі жұмыстар атқардым. Ал 2020 жылдан бастап «Атырау-Махамбет- Сарытоғай» бағытындағы автобуста жүргізушімін. Отбасында үш ұлым бар. Бүгінде екеуі үйленген, кіші ұлым студент. Жолдасым Шолпан «Нұршуақ» бөбекжайында мейірбике болып қызмет етуде, -деп Нұрлан әңгімесін аяқтады.
Ауған соғысының тағы бір ардагері Қауынбасов Лес Төлеуұлы. Ол да Ауғанда өткен күндері туралы бізге сыр шертті.
-Мен де 1985 жылдың мамырында әскер қатарына шақырылдым. Алдымен Түркіменстанның Тенджент қаласынан алты айлық командирлер оқуынан өткен соң сержанттық шен алып, 1985 жылдың қарашасында Ауғанстанға аттанып кеттік. Тағы бір айдай оқу-жаттығудан өтіп, Қайратон деген жерде бөлініп, Пулихури деген жердегі №624 автомотоатқыштар батальонына түстік. Осы жерде Пулихури деген үшбұрышты тау бар, елді мекенді сол таудың атымен атаса керек. Ауғанстан бағытындағы кеңес әскерлерінің барлық дивизия, рота, бөлімшелері, басқа да әскери құрылымдарға келетін азық- түліктің қорымен қамтамасыз ету барысы осы Пулихуриде шешілетін. Үштік құрылымдарға, әскери базаға келген тамақты осы жерге әкеліп, бөлетін еді. Мұнда төрт автоколонна қызмет етті. Атап айтсақ шаруашылық, қару-жарақ, оқ-дәрі таситын, құймалы жанар-жағармай таситын колонналар. Мен №1023 колоннасында үшінші бөлімде қызмет еттім. Біздің басты мақсат автоколоннаны Баграм, Гератқа, басқа қалаларға аман-есен жеткізу еді. Колонналардың өзі әртүрлі болатын. Мәселен, бір колоннада 100-ге жақын машина болады. Кейбірінде тек 50-80 машина болады. Ең азы шаруашылық колоннасында 30-40 машина ғана. Әсіресе, құймалы жанар-жағармай колоннасы аса қауіпті еді. Дұшмандар алдымен сол колоннаны бірінші көздеп ататын. Кейде бұл колонна да қауіпті аймақтан аман- есен өтіп кетіп жататын кездері болады. Сегіз айдай колоннада қызмет етіп, одан әрі жұмысым ішкі батальонда жалғасты. Онда бұзылған, өртенген БТР, БМБ- ларды жөндеумен шұғылдандық. Көбінесе бұзылған, өртенген жүк көліктері Термизден көп келетін. Соларды бірден қабылдап, жөндеуге кірісеміз. Қайткен күнде де автокөліктерді жөндеп бәрін сақадай-сай қылып қоямыз. Дайын көліктерді айдап кетеді де, орнына бұзылған, өртенгендер түсіп жатады. Батальонда 7-8 айдай жұмыс істедім.
Ал жаңа көліктерді Термизден шекараға дейін айдап әкелетін. Оны Хайредонға дейін әкелгесін көпірден БТР-ларды қабылдап, әр батальондарға бөледі. Көбіне жаңадан жасақталған батальондарға БТР-мен бірге жаңадан Қазақстаннан келген сарбаздарды да Хайредонда бөлетіні есімде. Кейбірі ұшақпен кетсе, кейбірі бөлімше, роталарға мерзімі аяқталған жауынгерлерді алмастыратын. Жаңадан келген жауынгерлерді мотоатқыштар полкіне, артиллерия, танк, барлау батальондарына бөліп әкетеді. Ауғандық тұрғындар, тіпті дұшмандар да колонналардың жүргізушілеріне жақындап, жанар-жағармай сұрайтын. Олар орыс тіліне жетік еді. Ал тіл білмегені тәжік, өзбек тілінде сөйлейтін. Кейбірі ымдап болса да түсіндіретін. Екі рет автоколоннаға душмандар шабуыл жасалды. Бір өзбек жігіт машинасы өртеніп, денесін түгел күйік шалып, қайтыс болғаны есімде. Оның денесі еліне темір табытпен жөнелтілді. Тағы бір есте қалғаны- әскер қатарына келгеніме 6 ай болғанда гарнизондағы бір полкте армян жігітті душмандар ұрлап, алып кеткенін білемін. Қанша іздегенімен оны ешкім таппады. Сонымен Ауған еліндегі қанды қырғыннан 1987 жылдың мамырында елге аман-есен оралдық.
1995 жылға дайін «Заурал» совхозында жүргізуші болып, еңбек еттім. Атырау қаласында бірнеше жерде еңбек еттім, АЙС мекемесінде жүргізушілік қызметті де атқарғанмын. 2016 жылдан бері «Казтрансойлда» күзетшілік қызмет атқарып келемін. Көп жылдан бері отбасымызбен Еңбекшіл ауылында тұрамыз. Жолдасым Маржан Еңбекшіл негізгі мектебінде қызмет етеді. Екеуміз жанұяда екі қыз өсіріп, тәрбиеледік. Бүгінде қыздарымыз бойжетіп, бір-бір мамандықтың иесі атанып, тұрмыс құрды, - дейді Лес Төлеуұлы.
Ауған жерінде интернационалдық борышын өтеп, аман-есен елге оралған қос ардагер өткен күндерін осылай еске алды. Он жылға созылған ауған алапатына қатысқан әр жауынгердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА