Жыл сайын елімізде 5 қыркүйекте Қазақстан халықтарының тілдері күні тойланып келеді.
Аудандық әкімдік залында тіл мерекесіне орай шара өткен-ді. Жиналғандарды аудан әкімінің орынбасары С.Аманшиева құттықтап, толағай табыс тіледі. Ол ана тіліміз халқымыздың тарихы, ұлттық қазынамыз, ар-намысымыз екенін еске салды.
Сонымен қатар ауданда тілге байланысты бірқатар онлайн шаралар өтіп, фейсбук, инстаграм желілерінде тікелей эфирлер ұйымдастырылып жатқанын тілге тиек етті. Ол қоғам дамуына, аудан мәдениетіне үлкен үлес қосып жүрген бір топ тіл жанашырларын аудан әкімінің, облыстық тілдерді дамыту басқармасының «Алғыс хаттарымен» марапаттады.
Атырау облыстық тілдерді дамыту басқармасының «Алғыс хатына» ақын, Бақсай мәдениет үйінің директоры Қадыржан Қазымбекұлы, Махамбет аудандық өнерпаз үйінің басшысы, ақын, Серік Қойшығұлов,Ақтоғай ауылдық мәдениет үйінің басшысы Қаламқас Темірғалиева, «Жас дәурен» мәдениет үйінің директоры Мәншүк Жаленова, Редут ауылдық мәдениет үйінің басшысы Жаннат Жиенкулова, Сарайшық ауылдық мәдениет үйінің директоры Алма Тапахова,«,Шалқыма» мәдениет үйінің директоры Қайрат Жұмашев, Бақсай мәдениет үйінің әдіскері Жадыра Есенова, Сарытоғай мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Нұргүл Жалмұханова, Махамбет ауданынан көркемсөз оқу шебері, белсенді жас Алтынзер Талғат, ал Сарайшық ауылынан Ирина Чечина, Алға ауылынан жас ақын Ерлан Баймұханов және Ортақшылдан Азат Сабиров сынды он үш адам ілікті.
Ал аудан әкімінің «Алғыс хатымен» үш белсенді жас, атап айтсақ, Талдыкөл ауылынан белсенді жас, көркемсөз оқу шебері Әсемгүл Таяпова, жалғансайлық жас ақын Рақымжан Асқарұлы, Ортақшыл ауылынан белсенді жас Бексұлтан Маратұлы марапатталды. Марапаттарды аудан әкімінің орынбасары С.Аманшиева, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт, дене шынықтыру бөлімінің бас маманы Г.Бекбаева тапсырды.
Шынайы ризашылығын білдірген Бақсай мәдениет үйінің директоры Қ.Қазымбекұлы барша қауымды мерекемен құттықтап, тіл жанашыры ретінде өткен күндерді еске алды. Мерекелік шараны аудан әкімінің орынбасары С.Аманшиева қорытындылады.
А.Қуанышқалиева