Қазан айының соңғы жексенбісі – әлеуметтік сала қызметкерлері күні.
Сол жандардың еңбектерін елеп, марапаттау мақсатында аудандық әкімдікте шағын жиын өтті. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасарлары М.Сейткалиев пен С.Аманшиева, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы С.Жайлашев, мәслихат хатшысы М.Мырзашев және әлеуметтік сала мамандары қатысты. Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары М.Жұмахметұлы әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегін ескеру маңызды екендігін атап өтті.
- Сіздердің жұмыстарыңыз оңай емес екені белгілі. Түрлі жағдайдағы жандармен кездесіп, бар жағдайын жасауға тырысып бағатындарыңыз ерлікпен пара-пар. Темірдей төзім мен сабырлықты талап ететін бұл жұмысқа кез келген адамның жүрегі дауалап, бара бермейді. Бүгінгі күннің батырларына теңеуге болатындай-ақ. Ал сіздер үшін ең басты марапат пен мәртебе – сол жандардың сіздерге айтқан алғысы дер едік. Осы орайда бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға табыс, жемісті еңбек тілеймін,- деді аудан әкімінің орынбасары.
Кезек мереке қарсаңында бір топ қызметкерді марапаттауға берілді. Облыс әкімінің алғыс хаты 30 жылдан бері жалғызбасты қарттармен тікелей жұмыс жасап жүрген Қарлығаш Бекешоваға, облыстық мәслихат хатшысыныың алғыс хаты аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маман есепшісі Қалампыр Умарова мен жұмыспен қамту орталығының бас маманы Айнұр Карткожаковаға берілсе, аудан әкімінің алғыс хаты Сәуле Шакимова, Роза Ибрашева, Калима Туленова, Қалығыз Сәрсенғалиева сынды әлеуметтік қызметкерлерге табысталды.
Салтанатты шараға қатысушылар арасынан Қоғамдық кеңес төрағасы мен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы сөз алып, ыстық ықыластарын, жыл лебіздерін жеткізді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ