Аурухананың ахуалы қалай?
2011 жылы аудан орталығынан 250 адамға арналған аурухана ғимараты салынып, халық игілігіне берілген болатын. Ғимарат барлық маманға қажетті кабинеттермен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, ота жасау орны мен аналарды босандыру бөліміне дейін бар. Соған қарамастан, соңғы жылдары ауыл тұрғындарының дені Атырау қаласындағы медициналық мекемелердің қызметін пайдалануда. Мұның себебі неде?
АУРУХАНАНЫҢ ҚАРЫЗЫ БАР
Әріге бармай-ақ жаңа аурухана ғимараты пайдалануға берілген 2011 жылдан бастар болсақ, бұл ауруханада Толғанай Ерпанева, Ермек Сабиров, Ерлан Сүйеуғалиев, Марат Шуақбаев, Ардақ Хайдаров, Базарбай Айташев, Елдос Қыдырсиыхов басшылық еткен екен. Қазіргі таңда Болат Калиев есімді азамат директорлық қызмет атқаруда. Бұлардың арасында ең көбі төрт жыл, ең азы төрт ай ғана басшылық еткендері бар. Соңғы бір жыл уақыттың ішінде 5 бас дәрігер ауысып үлгерген. Бұрын аудандық ауруханаға маман дәрігерлер тұрақтамайтын болса, енді олардың қатарын бас дәрігерлер толықтырып отыр. Бас дәрігерлердің жиі ауысу себебін махамбеттіктер өздерінше топшылауда.
-Аурухана қарызға белшесінен батқан. Осының кесірінен қызметкерлерге де, науқастарға да қажетті жағдай жасалмай отыр. Келген басшылардың барлығы, осы қарыздың кесірінен тұрақтамауда, – дейді аты-жөнін атамауды өтінген аурухана қызметкері. Бұл рас мәлімет пе? Әлде қаңқу сөз бе? Осы сұрақты аудандық аурухананың қазіргі бас дәрігері Болат Қалиевке қойған болатынбыз. Бас дәрігер қарыздың бар екенін растады.
-Аурухананың кредиторлық қарызы бар.Осы мәселенің шешімін табу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы және міндетті медициналық сақтандыру қоры басшыларымен түсіндірме тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бұл қарыз мекемені толықтай қажетті заттармен қамтамасыз етуге, сауықтыру және диффериенциалды төлем жасауға кедергі келтіруде. Ашып айтар болсақ, қарыздың кесірінен қаржы үнемділігі жоқ. Сол себепті қызметкерлерге еңбек демалысына қосылып берілетін сауықтыру ақысын төлей алмай отырмыз. Бұған қоса жеке қызметкерлерді жасаған жұмысына қарай бағалап, үстемақы беруге де мүмкіндік бермей отыр. Ең бастысы жалақыны уақтылы беріп отырмыз, – дейді Болат Ануарұлы.
ОТА НЕГЕ ЖАСАЛМАЙДЫ?
Жақында аудан тұрғыны Зулфия Тәжбентаева фейсбук әлеуметтік желісінде аудандық ауруханада соқыр ішекке ота жасайтын маманның жоқтығына және жедел жәрдемнің келіп болмайтындығына наразылығын білдіріп, пост жариялаған еді.
-«Махамбет аудандық аурухана »,- деп айқайлаған аты ғана екен. Жаныңды қоярға жер таппай дауа іздегенде аты арқыраған 103-ке ғана соға аласың. Әттең ол аты шулы «Жедел жәрдем» жыбырлап келгенше сен тәуір де болып кетесің немесе оның сары жәшігінде саған қажет бір ине де табылмас... Қазан айының 19-нан 20-на қараған түні сіңлім қатты ауырып жедел жәрдем шақырдық. Аудандық ауруханада анализдерін алған соң облыстық ауруханаға апарып ота жасату қажеттігін айтты. Науқаспен бірге баратын бір медбике табылмады. Сіңлім жол бойы ауырып барды. Қолымызда бір дәрі немесе укол жоқ. 70 шақырым жолда бір нәрсе болса не болар еді?! Облыстық ауруханада қабылдамай таң бозара ауылға қайта келдік. Аудандық ауруханада соқыр ішекке ота жасалмайтын болса, аурухана несіне жұмыс жасап тұр?! Махамбеттей батырдың ауылында бір ота жасайтын дәрігердің болмағаны ма? Посттың ұзын ырғасы осындай. Бұл постқа Серик Есенжанов атты желі қолданушысы: «ай осы сұрақтарыңа ешкім жауап бермейді-ау, ешқашан жақсы өзгерістер көрмейтін шығармыз. Осылай жазды деп сені жамандайды. Бұл жүйенің әлсірегені, кешегі жаздағы қырылған халықтың обалын кім көтереді. Халық бір-біріне көмектеспегенде шығын одан да көп болатын еді. Шама келсе, барлық сақтық шараларын алып, ауырмай бағу керек, әйтпесе қауіп көп» десе Альфия Утепқалиева есімді желі қолданушысы: «соқырішекті айтасыз-ау, шығып кеткен қолды салатын адам болмай, Атырау асқанбыз» деп пікір қалдырған. Аудандық ауруханада неге ота жасалмайды? Күрделі болмаса да жеңіл-желпі оталарды жасауға хирург мамандардың біліктілігі жетпей ме? Бұл сұраққа аурухана басшылығы былай дейді:
-Аудан бойынша 2 хирург маманымыз бар. Екеуі де жас маман. Ота жасалмауының себебі хирургтардың біліктілігінің төмендігінен емес, ота кезінде наркоз беретін анестезиолог-реаниматолог мамандардың жетіспеуінен. Бұған қоса жалпы тәжірибелік дәрігерлер, көз дәрігері, тері аурулары дәрігері және құлақ пен тамақ дәрігері тапшы. Ал ауылдық округтерде мамандардың көпшілігі бала күтімімен үйде отыруына байланысты жетіспеушілік бар. Жалпы биыл 1 хирург, 1 терапевт, 1 жалпы тәжірибелік дәрігермен толықтырылды. Ғимараттар санитарлық эпидомиологиялық талаптарға толықтай сәйкес емес. Қажетті құрал- жабдықтар мен дәрі-дәрмектер орталық аурухана арқылы қамтамасыз етіледі. Ортақшыл, Ақтоғай, Сарайшық және Махамбет ауылындағы 2 дәрігерлік нысандар күрделі жөндеуден өтуде.
НАУҚАСТАРДЫ ӨЗГЕ АУРУХАНАҒА ЖІБЕРМЕУ КЕРЕК
Аудандық ауруханада 4 жыл басшылық етіп, зейнеткерлікке шыққан, «Алтын дәрігер» аталымының иегері Ермек Сабировтан аурухананың қазіргі ахуалы туралы көзқарасын сұраған едік.
-Ауруханалар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынға айналғалы бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан әр ауруханаға халық санына қарай қаржы бөлінеді. Бұл жерде «науқас қай жерде болса ақша сол жерде» принципі жүреді. Қай аурухана науқастарды көп қабылдаса, сол аурухананың қаржысы көбейеді. Махамбет ауданы қалаға ең жақын орналасқан аудан. Алмалы, Береке, Бейбарыс, Ақжайық, Алға ауылдары қалаға тиіп тұр. Бұл ауылдардың тұрғындары учаскелік дәрігерлерінен қаладағы емханаларға жолдама алып алады да қалаға қаралады. Аудандық ауруханада халыққа ең қажетті мамандар жоқ. Бар мамандардың өздері де тұрғындарды өздері емдегенше, жолдамасын беріп қалаға асырып жіберуді әдетке айналдырған. Ота жасалмайды, босану жасындағы әйелдердің басым көпшілігін қалаға жібереді. Мәселен бір жылда аудан бойынша 400 әйел босанса, соның 100-і ғана аудандық перзентханадан, қалған 300 –і қаладан жеңілденеді. Мұның кері әсері аудандық ауруханаға тиеді. Себебі жолдамамен басқа ауруханаға барған науқастың қаралу ақысы, ауданға бөлініп тұрған қаржының шетінен, өзге ауруханаға автоматты түрде аударыла береді. Бұл аудандық аурухананың қарызға батуына себепші болады. Сондықтан біздің орталық ауруханаға ұйымдастырушылық қабілеті мықты басшы керек. Дәрігерлердің науқасты ешқайда жібермей, өздері емдеуін талап етіп, ай сайын қанша адамның қай ауруханаға қаралғанына бақылау жасап, ақшаның далаға кетпеуін жолға қою қажет. Өзім басшылық еткен жылдары осы мәселеге қатты қарадық. Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінген ақшадан бөлек, өзіміздің ақылы қызметімізден жылына 20 млн. табыс түсіріп отырдық.
Тағы бір айтарым, әрбір жалпы тәжірибелік дәрігер өзінің учаскесіндегі тұрғындарды бес саусағындай танып білуі тиіс. Бір жолы өзі, бір жолы медбикесі үйлерді аралап, жағдайды біліп тұру қажет. Өкінішке орай, науқастардың үйіне бір жылда бір рет бас сұқпайтын дәрігерлер бар. Өзіне қарасты аумақтағы науқастармен немқұрайлы қарым-қатынас жасау, алдына ауырып келгенде жолдамасын беріп, қала асырып жіберу аудан дәрігерлерінің беделінің төмендеуіне әкеліп соғуда. Бас дәрігерлердің жиі ауысуы да жақсы үрдіс емес. Аудандық аурухананың ахуалын қоғамдық кеңесте қарап, жас басшыға жол көрсету артық етпейді деп ойлаймын, – дейді Ермек Сабиров.
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Махамбетте туып-өскен, дәрігер мамандығын алған білікті мамандардың көпшілігі бүгінде Атырау қаласындағы түрлі ауруханаларда қызмет етуде. Ауданға келіп туған жерге туын тіккісі келетіндері жоқтың қасы. Осы орайда бүгінде облыстық ауруханада еңбек ететін білікті хирург Қайрат Тәжмағамбетовті сөзге тартқан едік. -Мен аудандық ауруханада 18 жыл қызмет еттім. Туған жеріме бір кісідей терімді төктім деп айта аламын. Балалар өскен соң, қалаға қарай қозғалуға тура келді. Қаладан үйімді алып, балаларымды оқытып, жұмысымды жасап жатырмын. Ауданда хирургия бөлімінің ешқандай ота жасалмай қаңырап тұрғаны менің де жаныма батады. Ота жасату үшін хабарласатын ауылдастарым өте көп. Махамбеттің тең жартысынан көбі облыстық ауруханада жүретіні жасырын емес.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Света Аманшиева, аудан әкімінің орынбасары: Аудандық әкімдік тарапынан ауданға келем деген мамандарға барлық жағдайды жасауға дайынбыз. Биылдың өзінде келген 5 жас маманды тұрғын үймен қамтамасыз еттік. Оның біреуі Таңдай ауылына келіп орналасты. «Дипломмен-ауылға» жобасымен келген мамандар көтерме ақысын алуда. Жан-жақтан мамандар шақырту жұмысы жалғаса береді.
ТҮЙІН
Мақаланы түйіндей келе мынадай қорытындыға келуге болады. Ауруынан айыққысы келген аудан тұрғындарының Атырау аса беруінің негізгі себебі ауданның қалаға жақын орналасуы, қажетті мамандардың тапшылығы, кейбір дәрігерлердің өз жұмысына немқұрайлы қарауы, бас дәрігер мен қызметкерлердің арасында кері байланыстың, бақылаудың жоқтығы. Бұл олқылықтың орнын толтыру бас дәрігердің басты міндеті болмақ.
Б.СҮЙЕУОВА