Жуырда облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен “Ауыл жастарының бастамаларын дамыту бағдарламасы” жобасы аясында ауыл жастарының әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруына арналған шағын гранттар байқауы өткізіліп, өз мәресіне жетті. Байқауға Махамбет ауданынан қатысқан екі үздік жоба иегерлері жеңімпаз атанды. Олардың бірі Ақжайық ауылындағы балалар ойын алаңына арналса, енді бірі– Сарайшықта жаңадан ашылатын «Work aut» жобасы.
Әр жоба үшін берілетін 1 миллион теңге көлеміндегі гранттар әлбетте үлкен әлеуметтік жобаларға жеткіліксіз. Әйтсе де, осы соманың өзін пайдалы дүние ашуға жұмсаймыз деген жастар табылып отыр. Солардың бірі Ақжайық ауылының тумасы Абай Қасымов. Абайдың «Балаларды қуантайық» деп аталатын әлеуметтік жобасының аясында, алдағы уақытта Ақжайықтағы 2-14 жас аралығындағы балаларға арналған ойын-сауық алаңы жаңартылып, жабдықталатын болады. Жоба авторының басты мақсаты – бүлдіршіндердің бір мезгіл ұялы телефоннан бас көтеріп, таза ауада, денсаулыққа пайдалы жаттығулармен айналысуы болып отыр.
«Ауылымызда балалар ойын алаңы біраз жыл бұрын салынып, бүгінде тозығы жетіп тұр. Соны қайта жаңартып, кең, қолайлы аумақта ауыл бүлдіршіндерінің пайдалы демалыс өткізуіне жағдай жасағым келеді. Біз жобаны ұсынар алдында ауыл әкіміне де таныстырып, алаңның орнын белгілеп қойдық. Бүгінде «Batr.kz» деп аталатын компаниямен келісіп, ең сапалы құрал-жабдықтарды алдырып жатырмыз. Алдағы уақытта осы әдемі ойын алаңының маңын ауылдың белсенді, кәсіпкер азаматтары, мектеп түлектері одан әрі көркейтіп, өз үлестерін қосады деген сенімім бар», -дейді грант иегері Абай Қасымов.
Ауылдағы қарадомалақтардың қамы үшін осындай ерекше жобаны дайындап жатқан Абай Қасымов бұған дейін де Ақжайық ауылының қоғамдық істеріне белсене араласып жүрген азамат. Ұстаздық қызметінен бөлек, кәсіпкерлік салаға да бет бұруы туып-өскен жері үшін игі іс атқарсам деген ниеттен туындағаны сөзсіз.
«Ауыл жастарының бастамаларын дамыту бағдарламасы» аясында 1 миллион теңгелік сертификатты жеңіп алған тағы бір белсенді азамат - Дулат Аралбай. Ел Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылған Жоғары оқу орындарын мемлекеттік грант бойынша жақсы көрсеткішпен (GPA 3,33-тен жоғары) бітірген түлектерді мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындау туралы жобасымен ағымдағы жылы Сарайшық ауылдық округі әкімі аппаратына бас маман болып жұмысқа орналасқан Дулат Бақсай селосының тумасы. Мемлекеттік қызметті таңдап келген жас маман өзі еңбек етіп жүрген ауылдың көркеюіне де үлес қосып отыр. Дулат ұсынған әлеуметтік жобаның да мақсаты- тұрғындарды, әсіресе жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Физикалық белсенділікті арттыру арқылы, денсаулықты дұрыстауға бағытталған жоба ұйымдастырушылар тарапынан қолдау тауып, жеңімпаз атанып отыр. Жобаның жетекшісі Дулат Берікұлының айтуынша, «Work aut» -тың пайдасы төмендегідей.
- Физикалық денсаулық: жаттығулар жүрек-қан тамырлары жүйесін нығайтады, бұлшықеттерді дамытуға және артық салмақты азайтуға көмектеседі.
- Психологиялық әл-ауқат: физикалық белсенділік стрессті азайтады және көңіл-күйді көтереді.
- Әлеуметтік байланыстар: жаттығу топтық шараларда өткізіліп, ауыл тұрғындарының арасында ынтымақтастық пен достықты нығайтуға мүмкіндік береді.
- Өмір сапасы: дене шынықтыру күнделікті өмірдегі белсенділікті арттырып, жалпы өмір сапасын жақсартады.
Ауылдың қоғамдық өміріне бейжай қарамай белсене араласып жүрген жас маман Дулат Аралбай алдағы уақытта да жаңа, тың жобалармен тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға үлес қосатынын айтты.
Мемлекеттік қызметкер ретінде менің бірінші кезектегі міндетім – еліме адал қызмет ету. Осы тұрғыда мен ауыл жастарының болашағына алаңдай отырып, олардың дамуы мен денсаулығына бағытталған жобаларға белсенді қатысуды жоспарлап отырмын. Сонымен қатар, басқа да әлеуметтік жобаларға қатысып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімді қосуға ниеттімін. Бұл менің өз ауылым үшін жасаған үлесім әрі менің патриоттық сезімімнің көрінісі. Жалпы, осындай бағдарламалар жастардың шығармашылық және кәсіпкерлік қабілеттерін дамытуға, олардың қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған маңызды қадам деп есептеймін. Ауыл жастарының осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өздерін көрсетуге ынта білдіруі ауылдардың тұрақты дамуына ықпал ететініне сенімім мол, - дейді жоба жеңімпазы Д.Берікұлы.
А.АЙНҰР