Қыс. Жайық жағасы. Мұз үстінде таза ауамен тыныстап, бой жазып, балық аулап отырған біренсаран жанды кездестірдік.
«Балық түспесе де,көңіліміз бұрынғыдай» деп қос балықшы күлісіп алды. Әңгімемізді балалардың шуы бұзды. Жағаға жақын маңнан хоккей ойынының қызығына батып жүргендер екен. Балықшылармен қоштасып,соларға қарай аяңдадық.
Мұздың үстімен ақырын жүріп отырып алаңға да жеттік. Мектеп жасындағы балалар да, ересектер де жиналып қалған екен. Қолымыздағы фотоаппарат құрылғысын көрген балалар рейдтік жұмыстармен келгендер деп ойласа керек, ойындарын саябырсытып, кетуге дайындала бастағандай кейіп танытты. Келген жұмысымызды айтып, аудан айнасына суреттерің жарқырап шығады дегеннен кейін ғана қызу ойынға кірісті. Жан-жағы қоршалмаған,жөні түзу қақпасы болмаса да, коньки мен хоккей таяғын серік еткен жандардың көңілдері көтеріңкі. Қақпаны бұрынғыдай сөмкелерін қойып немесе тастан емес, көліктің дөңгелегінің сыртқы резеңкесінен (покрышка) жасап алыпты.
Бесінші сыныптан бері хоккей ойнап келе жатқан Сүлеймен Нұрланұлының айтуынша, бұл спорт түрі хоббиіне айналып кеткен.
- Жайықтың суы қатқан мезгілде хоккейге келуге асығамын. Үйде телефон мен компьютер қарап отыра бергеннен таза ауада хоккей ойнап, шыныққан денсаулыққа пайдалы. Қазір қашықтан оқу жүріп жатқандықтан үйден көп шыға да бермейміз. Таңертең сабаққа қатысып,түстен кейін осы жерге келеміз. Мектептен, полиция бөлімдерінен тексеруге келушілер көп болады. Ата-ананың рұқсатымен келетіндігімізді айтамыз. Сондай-ақ, бізбен бірге Али ағай (Али Төлеуов – әуесқой хоккейші. Қ.Б.) болады. Бір жағынан жаттықтырушы ретінде біздерге қалай шайбаны соғу керек, қалай қозғалу керек, соның бәрін үйретеді. Бұрын команда құрып, мектептер арасындағы жарысқа қатысатынбыз. Биылғы карантин мезгілінде ешқандай жарыс өтпеді. Жаңа корт салынса, достарымның қызығушылығы оянуы мүмкін ғой. Әйтпесе, көп ата-аналар балаларын Жайыққа жібергісі келмейді, - дейді 9-сынып оқушысы С.Нұрланұлы.
Екі-үш жыл бұрын қолға алынып, аудан орталығында ғана емес, Ақтоғай ауылында да хоккей корты ашылып, балалар ата-аналарымен бірге келіп, сырғанақ теуіп, хоккей ойнауға мүмкіндік алған-ды. Бірақ ауа райының құбылмалы болуына байланысты, солтүстік өңірдегідей қыс болмай жатып су құйып, алаң жасау мүмкін болмай тұр. Амалсыздан, Жайықтың жағасын жағалап, қауіпті екендігін білсе де, ойнауға мәжбүр.
- 2019 жылдың қысында хоккей корты салынып, суы құйылды. Мектепішілік жарыс та өткізілді. Біздің өңірдің климаты өздеріңізге белгілі, қыс болса да, қатты аяз болмайды. Содан бір маусымнан кейін іске аспай қалды. Корты бұзылып, жөндеу қажет ететін жағдайға жетті. Ауданда хоккей ойынын дамытқысы келіп жүрген әкелі-балалы әуесқой ойыншылар Теміржан мен Әли Төлеуовтер кортты цемент құйындысымен жауып, қысы-жазы қызмет жасатуға мүмкіндік беруге ұсыныс айтты. Қыста хоккей ойнаса, жазғы мезгілде ролик тебуге болатындай жағдай жасаса деген ойлары бар. Бәрі де қаржыға тіреліп тұр.Облыстық спорт басқармасына бұл ұсынысты жеткіземін. Болмаса демеуші арқылы жасатудың жолын қарастырып, жан-жағын қоршап,орындықтар орналастырып, жарық шамдарын орнатуды неге қолға алмасқа?! – дейді аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Абат Қабенов.
Ауылдық жерлерде балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау – заман талабы. Бұл біріншіден, жеткіншектердің теріс жолға түспей,бос уақыттарын пайдалы өткізуге септігін тигізеді. Екіншіден, спортты серік еткен балалар денсаулығы мықты, әрі батыл да ержүрек болып өседі. Хоккей спортын ауданда дамытқысы келіп жүрген әуесқой хоккейші Теміржан Төлеуовтің сөзінше, алаң салу туралы ұсыныс 10 жылдан бері айтылып келеді екен.
- Аудан әкімдігі де, спорт бөлімі мамандары да хабардар. Спорт мектебі жанындағы хоккей кортының табаны құйылып, жан-жағы тормен қоршалса, ауданнан команда жинақтап, қажетті құралдарын табуға болады. Әрине, қаржыға байланысты екені түсінікті. Шыны керек, біздің ауданда қысқы спорт түрі жоқ деуге болады. Хоккей ойынына қызығатын балалар да, ересектер де бар. Жеке хоккей алаңын ашып, балаларды осы спорт түріне тәрбиелеу жоспарда бар,-дейді Т.Шапайұлы.
Ауданда бұқаралық спорт түрлерін дамытуда қолға алынған іс-шаралар көп. Қазір жастардың көбі ауылда. Солардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, көпшіліктің қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығын ояту мақсатында хоккей алаңын жасақтаса, махамбеттіктердің қысқы спорт түріне қызығушылығы оянар еді.
Қ.БАҒЫТ