Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы көмекке мұқтаж ауыл тұрғындарына да 50 мың теңгеден қаржылай көмек берілетін болды.
Осы ақпарат республикалық БАҚ беттерінде жариялана салысымен «NurOtan» партиясы Махамбет аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Әженовке хабарласып, қаржылай көмектің нақты кімдерге берілетінін білдік.
-"Birgemiz" қоғамдық қоры 2020 жылдың 20 наурызында елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен COVID-19 пандемиясы жағдайында халықтың тұрмысы төмен тобына көмек көрсету үшін құрылған болатын. Бұған дейін 23 қаланың 360 мыңнан астам отбасы бірінші және екінші толқын аясында 50 мың теңгеден біржолғы төлем алды. Елбасы ендігі жерде көмекке мұқтаж ауыл тұрғындарына қаржылай көмек беруді тапсырды. Бұл әлеуметтік көмек 7 санат бойынша беріледі.
1. Аз қамтылған көп балалы отбасылар
2. І топ мүгедектері
3. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар
4. Тыл еңбеккерлері
5. Ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер
6. 18 жасқа дейінгі жетім балалар
7. Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген мүгедектер.
Осы 7 санатты зерделей келе аудан бойынша 150 тыл еңбеккері, 840-тан астам аз қамтылған көп балалы отбасылар бар екенін анықтадық.
Қордан бөлініп отырған қаржы барлығын бірдей қамтамасыз етуге жетпейді. Сондықтан ауылдық округ әкімдеріне зерделеу жұмысын жасап, нақты тізім шығару тапсырылды. Осындай зерделеудің нәтижесінде 1100 отбасының тізімі жасалып, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімі арқылы тексеріліп, орталыққа жіберілді. Енді орталықтан қаржы қалай жіберіледі, солай әлеуметтік көмек өз иесін табатын болады, – дейді Р.Әженов.
Б.Сүйеуова