Ауданда қызылша індетіне 188 адам шалдыққан

Фото: freepik. com

Елімізде соңғы уақытта қызылша індетін жұқтырушылар саны артуда. Мәселен, өткен жылы ауданда қызылша ауруымен 120 адам ауырса, биылғы жылдың үш айының өзінде 68 адам шалдығып отыр. Оның ішінде 110 бала, 20 жасөспірім, 58 ересек адам. Қызылшаның қаупі, таралуы және оның алдын-алу жөнінде аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Кәмшат Әжденғалиеваға бірнеше сауалдар жолдаған едік.

– Алдымен, көпшілікке түсінікті болуы үшін қызылша қандай ауру екені жайлы және белгілерін ай­тып өтсеңіз?

- Қызылша – дене қызуының 38-40° С-қа дейін көтерілуімен, жалпы уланумен, шырышты көз, мұрын жұтқыншақ, жоғарғы ты­ныс алу жолдарындағы қабыну құбылыстарымен, кейіннен бөртпенің пайда болуымен сипат­талатын жіті инфекциялық ауру. Жалпы әлсіздік пайда болып, бас ауырып, тәбет төмендейді, ұйқы бұзылады.

Қызылша кезінде кейіннен бір-біріне бірігетін, қызғылт не­месе қызыл дақ түрінде бөртпелер шығады. Бірінші күні бөртпе құлақтың артына, бастың шаш бөлігіне, бетке және мойынға, кеуденің жоғары бөлігіне шығады. Екінші күні бөртпе денеге және қолдың жоғарғы бөлігіне шығады. Үшінші тәулікте бөртпе аяққа шығып, бетіндегісі бозарады.

- Бұл індет несімен қауіпті?

- Қызылшамен ауыратын науқас айналасындағылар үшін 7-10 күн ішінде қауіпті бо­лып табылады. Адамдардың табиғи сезімталдығы өте жоғары, ауырып сауыққаннан кейін адамдарда өмір бойына иммунитет пайда болады. Қызылшамен қайталап сырқаттану жағдайы өте сирек кездеседі. Қызылшамен сырқаттанған кезде күрделі асқынулар пайда болуы мүмкін. Оларға өкпенің қабынуы (пневмония), орта құлақтың қабынуы (отит), кей жағдайда эн­цефалит (мидың қабынуы) тәрізді өте күрделі жағдайлар жатады.

– Ауру қалай таралады?

- Инфекция көзі – науқас адам. Вирус ауа-тамшы жолы арқылы, сілемей тамшылары арқылы, түшкірген кезде, сөйлеген кезде таралады. Ауа ағымымен вирус айтарлықтай қышықтықққа таралуы мүмкін. Қызылшамен ауыратын науқас болған үй-жайдың ауасымен тыныс алған кезде қызылша жұғуы мүмкін. Егер адам қызылшамен ауырмаған болса және осы инфекцияға қарсы егілмеген болса, онда науқаспен байланыста болғаннан кейін негізінен жағдайдың 100%-да жұғу орын алады.

– Қызылшаның алдын алу жолдары айтып өтсеңіз?

- Аурудан сенімді қорғанудың бірден-бір жолы ұлттық егулер күнтізбесіне енгізілген қызылшаға қарсы вакцинация болып табылады. Балалардың қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеру, вакцинация болмаған жағдайда – қызылшаға қарсы профилактикалық егулер алу. Қызылшаға қарсы егілмеген балалардың әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуын, ойын- сауық сауда орталықтарындағы ойын алаңдарына баруын шектеу ұсынылады.

Қызылшаға қарсы вакциналар 20 жылға дейін сақталатын сенімді иммунитетті қалыптастырады. Вакцинация эпидемиялық ахуал төмендеген кезде жүргізілген болса да, қызылшаның өршуінің алдын алады.

- Ауруды үй жағдайында емдеуге болады ма?

- Қызылшаның арнайы емі жоқ. Алайда ауру белгілерін азайтуға көмектесетін шаралар бар. Мәселен, жаңа бөртпелер санын азайту үшін төсек-орын мен іш киімді жиі ауыстырсаңыз болады. Темпера­турада парацетамол негізінде антисеп­тик қолданған жөн. Аспиринді қолдану ұсынылмайды. Спиртті қолдануға бол­майды. Қарапайым диетаны сақтаған жөн. Бұл аллергендердің барлық түрін болдырмау үшін қажет. Диетада көбірек сүт және көкөніс өнімдері бо­луы керек, көп сұйықтық ішу керек. Шамамен бір айдан кейін ауру аза­яды. Қылшықтар кетіп, олардың ор­нына қыртыстар пайда болады. Олар жоғалғаннан кейін теріде ешқандай із қалдырмайды.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521