Су шайған Бақсай каналының бастауын ретке келтіру мақсатында жағаға топырақ төгіліп, №11 Өрт сөндіру мен Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері іске кірісті.
Кенет сол жердегі бір адамның ауыр жарақат алғандығы анықталып, жедел жәрдем шақыртты. Шұғыл жеткен медицина қызметкерлері науқасты зембілге салып, ауруханаға қарай асықты. Полицейлер канал маңына күзет қойды. Бір мезгілде тоқ желісінің істен шыққандығы хабарланып, «АтырауЖарық» мекемесі жұмысшылары құлағалы тұрған бағананы ретке келтірді.
Бұл Махамбет ауданында өткен «Көктем - 2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуындағы азаматтық қорғаныс қызметкерлерінің әрекеті. «2021 жылғы су тасқыны кезеңі жағдайларындағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбында өткен оқу-жаттығуға 15 техника мен 43 адам жұмылдырылды. Төтенше жағдай туындаған жағдайдағы іс-қимыл әрекеттеріне көз жеткізіп, баға беру мақсатында өткен практикалық жаттығуға «Қазсушар» РМК Атырау филиалы «Төменгі Жайық» өндірістік учаскесі, аудандық полиция бөлімі, аурухана, №11 Өрт сөндіру бөлімі, Төтенше жағдайлар бөлімі, «Атырау-Жарық» АҚ электр жүйелері мекемесі және аудандық әкімдіктің қызметкерлері мен техникасы жұмылдырылды.
– Аудан әкімі, азаматтық қорғау бастығы Р.Джанглишовтың оқу-жаттығу шарасын өткізу және дайындықта болу жөніндегі бұйрығына сәйкес арнайы жоспар бекітілді. Тиісті құжаттар, жарақтандырылған адам күштері, техникалар, құрал-жабдықтар дайындыққа келтірілді. Азаматтық қорғаныс қызметтерін дайындыққа келтіріп, жұмысын пысықтап, ұйымдастыруға негізделген оқу-жаттығу өз деңгейінде өтті, - деді аудан әкімінің орынбасары, оқу-жаттығу жетекшісі З.Мұқаш.
А.ҚАЗБЕК,
Сурет автордікі