Бұдан бұрын жазғанымыздай, 29 қаңтардан бері Атырау облысында 65 жастағы зейнеткер іздестіріліп жатыр.
Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында тұрған зейнеткер 28 қаңтарда кешкі сағат 19:30 шамасында үйінен шығып кеткен. Содан бері әлі табылмай жатыр. Кейін оны сүңгуірлер Жайық өзенінен іздеді. Тіпті жоғалған ер адамды іздеуге көкпаршылар да қосылған еді.
«Махамбет ауданының Бейбарыс ауылындағы үйінен 28 қаңтарда белгісіз бағытқа шығып кеткен зейнеткерді іздестіру іс-шарасы әлі жалғасып жатыр. Оны іздестіруге кеше, 6 ақпанда тікұшақ тартылды. Тікұшақпен Сарайшық және Бейбарыс елді мекендерінің маңынан 50 шақырым радиуста, Жайық өзенінің бойымен әуеден барлау жүргізілді. Жоғалған зейнеткерді іздестіруге төтенше жағдайлар департаментінен 4 қызметкер, «Казавиаспас» АҚ-ның МИ-8 тікұшағының 3 адамдық экипажы мен туыстарынан 3 адам қатысты», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.