Отпантаудағы ұлы той

14 наурыз – Маңғыстау жұрты үшін ерекше күн. Бұл мереке таңғы араймен бірге басталады. Тіпті кейбір ауылдарда жұрт таң сібірлеп атпай жатып, көрісуге шығады. Мұның мәні – жаңа жыл­ды алғашқылардың бірі болып, қарсы алып, жақсылық тілеу. Ер­теде ата-бабаларымыз қыс бойы ауылдан ұзап шықпағандықтан, көктем келе көрісу арқылы бір-бірінің амандығын білісіп, жаңа күнді бірге қарсы алуды дәстүрге айналдырған.

Таң атқаннан бастап ауылдастар бір-бірін құшақ жайып, қарсы алып, төс қағыстырып, ақжарма тілектерін арнайды. Әсіресе, үлкендердің үйіне барып, батасын алу – біздің бұлжымас дәстүріміз. Бұл күн тек қана көрісу емес, араздықты ұмытып, ағайынның арасы жақындайтын, сағынысқан жандар қауышатын күн. Көрісу күні әр үйде үлкен қазан қайнап, наурыз көже дайындалады. Әр үйден көтеріңкі көңіл-күй мен шаттықтың лебі есіп тұрады. Бұл күні есік ашық, қонақ күту – міндет. «Көріспегенге – көрісу, ренжіскенге – кешірісу» деген қағида осы мере­кеде ерекше орын алады. Ауылда­стар ғана емес, алыста жүрген туған- туыстар да осы күні туған жерге оралуға тырысады. Кейбір ауылдарда «Сарқыт үлестіру» дәстүрі бар. Қонақ болып келген адамдарға дастархан­нан сарқыт ретінде бауырсақ, құрт, тәттілер мен еттен салып береді. Бұл «ырыс-бақыт өзіңмен бірге жүрсін» деген мағынаны білдіреді.

Алматыда бірге оқыған ақтаулық Эльмира Қыдырованың сөзінше, 13 және 14 наурызда «Адай ата-Отпан тау» тарихи - мәдени кешенінде Амал мерекесі аясында Бірлік отын жағу рәсімі, екі күн бойы мерекелік іс- шаралар өтеді.

– Маңғыстау тұрғындары Амал мерекесін осымен 17 жыл қатарынан Отпан тауында қарсы алып келеді. ойдағы-қырдағы ағайынмен құшақ- тасып көрісу үшін Атырау мен Ал­тай, Арқа мен Алатау арасындағы алты Алаштың балалары жылда осы жерде жиналады. Былтыр Амал­ды Мұңал ата руының ұрпақтары ұйымдастырған. Осылай жыл сайын ұйымдастырушылар өзгеріп оты­рады. Қосай, Тәзіке, Құнанорыс, Ақпан, Балықшы, Жеменей ата және басқа да аталардың ұрпақтары жалғастырып отырады. Отпан та­уында бабалар рухына бірлік оты жағылды. Қалыптасқан дәстүр бой­ынша от жағуға арналған алау эста­фетасы Адай руының өкілдеріне беріледі. Маңғыстаудың жұрты үшін Көрісу күні – татулықтың, берекенің, бірліктің символы. Біздің халық үшін бұл – жаңару, көктемнің басталуы ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата дәстүр. Осындай құндылықтарымызды сақтап, ұлықтай білейік! – дейді маңғыстаулық тұрғын.

Амал мерекесін Отпантауда тойлаудағы мақсат – ата аруағына тағзым ету, бір-бірімен, алыс-жақын ағайынмен туысқандықтың тамы­рын бекіту, тәуелсіз еліміз, кең- байтақ жерімізге ынтымақ, ырыс, береке-бірлік тілеу. Бұл күндері «От­пантау тарихи-мәдени кешені» елді ынтымақ пен бірлікке шақырар киелі орынға айналды. Ата-бабаларымыз көрсетіп, ұлағаттап кеткен өнеге - өсиет кеңестік кері саясат қанша ұмыттырғысы келгенімен жан- жүрегімізде қайта жаңғырып, 2008 жылы қайта өмірімізге келді.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT