Махамбет ауданында тұратын борышкердің төленбеген алиментінің берешегі 2 млн 257 мың 567 теңгеге жеткен. Осыған байланысты жеке сот орындаушы Махамбет аудандық сотына жүгініп, борышкердің берешегін өтегенге дейін жүргізуші куәлігін пайдалануды уақытша тоқтату туралы ұсыныс берген.
Алайда, борышкер жеке сот орындаушысының ұсынысымен келіспеген. Борышкер берешегін жұмысы болмауына байланысты төлей алмағанын, көлігімен табыс тауып жүргенін айтқан.
«Сот ұйғарымымен сот орындаушының ұсынысы қанағаттандырылып, борышкер Ш.-ның жүргізуші куәлігінің қолданысы алимент бойынша берешегі толық өтелгенге дейін уақытша тоқтатылды. Борышкер сот ұйғарымымен келіспей, апелляциялық шағым келтірді. Сот алқасының қаулысымен борышкердің берешегін төлеуге бағытталған нақты іс-әрекеттерді жасамағаны анықталып, сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылды», -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.