Аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов тұрғындармен есепті кездесу жиналысын өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев қатысты.
Аудан басшысы Жәрдемғали Бахуұлы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылы жүзеге асатын жобалары туралы баяндама жасады.
Баяндамадан соң кезек жарыссөзге берілді. Алдымен сөз алған ардагер Асқар Құрманбаев күні кеше күллі қазақ елінің қабырғасына батқан бес періштенің өліміне қынжылыс білдіріп «осындай жағдай өзімізде орын алмауы үшін, ауданымыздың елді-мекендерінде өмір сүріп жатқан жағдайы төмен отбасыларды есепке алып, нақты жұмыстар жүргізу қажет-ау» деген ойын ортаға салды. Бұған қоса Жайықтың жағасын мекендеген, облыс орталығына ең жақын аудан бола тұра ауыл халқының ауыз суды әлі күнге тасып ішетініне қынжылыс білдірді. Сонымен қатар Сарайшық ауылында орналасқан Қ.Қарашаұлы атындағы орта мектептің тарлығын да тілге тиек етті. Аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Мәндірғали Оразғалиев ауданға қарасты ауылшаруашылығы өнімін өндіретін ірі кәсіпорындардың өнімі аудан халқы үшін қолжетімді болуы керектігіне тоқталды. Ал, ауданға белгілі кәсіпкер Жеңісбай Досқайыров барша кәсіпкерлерді күнкөрісі төмен отбасыларға көмек қолын созуға, ауылшаруашылығы саласында оқып жатқан студент жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге бір кісідей атсалысуға шақырды. Барлық сөйлеушілер аудан әкімі Ж.Ахметовтың жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.
Аудан басшысы одан әрі тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Келесі кезекте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев өткен жылы жалпы облыс бойынша қол жеткен жетістіктерді саралап, алдағы уақытта жасалатын жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.
Жиынды аудан әкімі Ж.Ахметов қорытындылады.
Б.Сүйеуова.