Байрақты бәсекедегі жеңістерімен құттықтап, алғыс білдірді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай каратэ-до кекушинкайдан балалар-жасөспірімдер, қыздар және жастар, ерлер мен әйелдер арасында Ақтау қаласында өткен ҚР чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін және олардың жаттықтырушысын Махамбет ауданының әкімі Ринат Джанглишов қабылдады. 12 облыстың басын қосқан байрақты бәсекеде Атырау облысының намысын қорғаған аудан спортшылары 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальды еншілеп, абыройлары асқақтаған болатын.
- Байрақты бәсекедегі жеңістеріңізбен құттықтай отырып, алғыс білдіргім келеді. Мен де каратэмен айналысқанмын. Жарысқа қатысу, сайыстан орын алу тыңғылықты дайындықты, еңбекті қажет ететіндігін білемін. Сіздердің асқан асуларыңыз, шыққан белестеріңізге шын қуаныштымыз. Жеңісті күндеріңіз көп болсын,- деген аудан әкімі Р.Бауыржанұлы спортшыларға және жаттықтырушылары Айгерім Қадырбекқызына алғыс хат табыстап, гүл шоғын ұсынды.
Жеңімпаз спортшыларды қабылдау салтанатына қатысқан аудандық мәслихат хатшысы К.Мажиев сөз алып, қыздарды жеңісімен құттықтай келе, болашақта жоғары жетістіктер тіледі. Каратэ-до кекушинкайдан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионы Айгерім Айшуақова да арнайы қабылдау ұйымдастырған аудан басшысына алғысын білдіріп, жергілікті басқарушы орган тарапынан қолдау болса, бұдан да жоғары белестерді бағындыратындығына сендірді.
- Біріншіден, біздерге қолдау көрсеткен каратэ федерациясына, облыстық спорт басқармасына алғыс айтамыз. Қазақстан Республикасының құрама командасына іліккен Зульфия алдағы өтетін әлем чемпионатына дайындалады. Дайындықты бастап кеттік десек те болады. Аудан әкімі Ринат Бауыржанұлына да біздерді жеңісімізбен құттықтап, алғыс білдіріп жатқаны үшін рахмет. Наурыз мерекесі құтты болсын, - деп тілегін білдірді жаттықтырушы.
Әкімнің қабылдауында болып, марапатқа ие болған спортшылардың ішінде Зульфия Жайдарқызының шоқтығы биік. Ол жастар арасында бақ сынап, І орынды жеңіп алып, «ҚР Спорт шебері» атағын қорғады. Аружан Нұржайыққызы ақтық сынға дейін жетіп, екінші орынға ие болса, Аряна Сәлімгерей, Эльвира Абилтаева, Ұлжан Ризабекқызы қола жүлдеге қол жеткізді.
- Каратэ спортымен 12 жасымнан бері айналысып келемін. Өткен жылы жасөспірімдер арасындағы жарысқа қатысып, «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын қорғаған болатынмын. Осы жылы жастар арасында өз бағымды сынап, «Спорт шебері» атағына ие болдым. Сонымен қатар менімен бірге жарысқа барып, олжалы оралған қыздарды да жүлделерімен құттықтағым келеді. Алға қарай да үлкен жетістіктерге жетемін деген сенімдемін. Жаттықтырушымыз Айгерім Қадырбекқызына алғысымыз шексіз,- дейді З.Жайдарқызы.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Сурет автордікі