Жаңа жыл қарсаңында жастар жылының қорытындысымен атқарылған жұмыстарды саралап, келер жылға арналған жоспарлар мен ұсыныстарды тыңдау мақсатында аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы жастармен кездесіп, ашық әңгіме алаңын құрды.
Қоғамның сан саласында қызмет етіп жүрген белсенділерге аудан басшысы ең алдымен табысты еңбектері үшін алғыс айтып:
- Қоғамдағы кез келген өзгерістің, жаңашылдықтың басында жастар жүруі тиіс! Себебі, Махамбеттің гүлденуі, Атыраудың танылуы, еліміздің дамуы тікелей сіздерге байланысты. Болашақтың еншісіндегі әрбір игілікті істі өздеріңіз қолға алмасаңыздар, сырттан келіп ешкім жасап бермейді,-деді өз сөзінде.
Дөңгелек үстел басында емен-жарқын әңгіме айтып, жақсы тілектер мен ұсыныстарды ортаға салған бұл кездесуде үлкен мен кішінің арасындағы ілтипат та сыйластық та, өзара келісім мен келелі пікірлер де болды. Әсіресе, «Жарқын болашақ» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дана Ғасырбек өз кезегінде, еріктілерге арналған ендігі жылда көптеген жаңа жобаларды жүзеге асырып, жастарды жұмыла жұмыс жасауға шақырды.
Қашанда жастарға қолдау көрсетіп, демеп жүретін аудан әкімінің орынбасары Светлана Ертілеуқызы да бұл кездесуде өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтты. Бір ұжым, бір орта ғана емес, бір жанұяның балдарындай, кез келген шараның аясында бірауыздан келісіп, орталықта басқоса білетін жастардың ұйымшылдығына Жастар ресурстық орталығының басшысы Жандос Дүйсембаев та өз алғысын білдірді.
Сонымен қатар жолым, жөнім бөлек демей, илегенім бір терінің пұшпағы деп, осы ортадан табылып жүрген бірқатар белсенді жастар да аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталса, жастар жанашыры ретінде Светлана Ертілеуқызы мен аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Жексенбай Пазулов арнайы «Алғыс хатқа» ие болды.
А.САТАЕВА