Жайықтың бұқар бетін жайлаған, Өткел мөлтек ауданы бір кездері гүрілдеп тұрған орман шаруашылығының орталығы еді. Ал, қазір бұл жерде небәры 20 шақты үйдің тұрғылықты халқы мен осы маңға азын-аулақ малын бағып, қора-қопсысын қарап кетіп жүретін 5-6 үй қалған.
Аудан орталығынан таяқ тастам жерде жатқанымен, Өткелдің өмір сүру деңгейі өткен ғасырда қалып қойған ба дерсің. Көлік қатынайтын қара жол мен Жайықтың іргесінде тұрып, ауыз суға зар болып отырған олар, қыста қайғы, жазда уайымға айналған жаяу жүргіншілер өткелін сұрап жүргелі де біраз жылдың жүзі болыпты. «Осы күнге дейін талай әкімнің де, әкімдіктің де есігін тоздырдық» деген өткелдіктер бұл жолы мәселесін редакцияға айтуды жөн санапты.
2018 жылы ауданымызда Жайық өзенінің үстінен ұзындығы 860 метр, 180 тонналық алып көпірдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Аталмыш жол-магистралдық құрылысын Атырау-Орал, Атырау-Индер бағытында қатынайтын көліктер мен Жайықтың арғы бетін жайлаған ауылдар игілігіне пайдаланғанымен, өткелдіктер пайдасын көре алмай отыр. Себебі, ауылдан көпірге қатынайтын 6 шақырымдық қара жолға жеңіл көлік шыдамайды. Жаңбырлы күндері батпағы екібастан жүргізбейді. «Ауылда бары өзі екі көлік болса, кезек-кезек бұзылып, жолда қалып жатамыз»-деп налиды тұрғындардың өзі. Бірақ осыған қарамастан балаларды мектепке тасымалдауға көмек көрсетіп отырған аудандық білім бөліміне ата-аналардың алғысы шексіз.
Жанымызды шүберекке түйіп өтеміз
Роза Лұқпанова, Өткелдің тұрғыны:
-Күні кеше жергілікті әкімдіктің мұз үстіне салып берген жолын көріп жағамды ұстадым. Аула салатын ағашты жылымның жанына жайып тастапты. Салмағы сәл ауыр адам басса, ағашымен судың астына кетері сөзсіз. Бұл бізге мұздан өтуге емес, өлтіруге салған дүние секілді. Ана жолы 10 күндеп мұз қатқанша ауылдан қатынас болмай қалды. Ортақшыл мен Есболдан шақырған таксилер Махамбетке дейін бірде 1000 теңге сұраса, бірде зар қылып келмей де қояды. Сіріңкенің 1 талы таусылса, балалар мен қарттар ауыра қалса, аудан ортылығына шабамыз. Себебі, дәріхана мен дүкен бізде атымен жоқ. Ондай кәсіпті ашатын жастар да қалаға кетіп қалған. Осы тұрған жыңғылдай келіншектер де жұмыс жасап, бала-шағасына нан тапқысы келеді. Судан өте алмай әлек болып, тұсаусыз байланып отыр. Аудандық поштаға қызметке тұрған менің өзім күніне 5-6 рет мұздан жанымды шүберекке түйіп, зорға өтіп келем. Бізге жылдар бойы уәде еткен үлкен көпірді салмаса да, қыста мұздан өтетін «трапты» неге тастай етіп жасап бермейді?
Айдалада қалғандаймыз
Айнагүл Жұманова, көпбалалы ана:
-Мен көпбалалы ана, әрі күміс алқа иегерімін. Жолдасым екеуміз біраз жыл осы ауылда тұрып, бала-шағалы болып, ел қатарлы еңбек етіп жатырмыз. Алайда, балаларымыз өскен сайын осы судан өту мәселесі бізді де теріс айналмады. Қазір кішкентайларды бағып, жұмыссыз үйде отырмын. Жергілікті әкімдік бізге аудан орталығынан үй беріп, көшіріп әкетсе, құба-құп барар едік. Шыны керек, мына ауылда айдалада қалғандаймыз. Кейде аудан орталығында концерт, КТК болып жатқанын естісек те бара алмаймыз, балаларды да жібермейміз, себебі кешкісін мұздан өтіп қайту қорқынышты.
Көз ашқалы көргеніміз осы
Ару Аманғалиева, «Өткел» мөлтек ауданының тұрғыны, белсенді жас:
-Жылдың төрт мезгілінде де бізге судан өту мәселесі қарап тұрады. Өткен жылы қоғамдық жұмыстың жанынан бір кәсіпкерге қайықпен тасымалдауды тапсырған еді, оны да көп ұзамай заңсыз деп алып тастады. Ауылдың жасы да , кәрісі де қайық есуге әбден шыңдалып алған. Себебі көзімізді ашқалы көріп келе жатырғанымыз сол. Әр үйдің жеке қайығы да жоқ. Оны шығарса тексеріс жасап, құжаты жоқ деп, айыппұл салып жіберген кездер де болды. Ал, қазіргідей қыс мезгілінде амалсыз мұздан өтіп, барып келіп жүрміз.
Тұрғындардың осы өтініш-тілегінен соң бей-жай қарап отыра алмай, аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлына арнайы кіріп, көргенімізді айттық. Ол кісінің жауабы мынадай болды:
-Қазіргі таңда 20-ның үстіндегі үйі бар «Өткел» мөлтек ауданы Махамбет селолық округіне қарайды. Алайда, «орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің аумағы болғандықтан бұл жердегі тұрғындарға қандай да бір жағдай жасауға заңды түрде біздің құқымыз да жоқ. Бұның барлық бір кездерде сол маңнан шаруашылық үшін халыққа жер бергеннің кесірі болып отыр. Жаяу жүргіншілер өткелін салу мәселесі бүгінгі күннің басты жоспарында тұр. Бұл өте көп қаражатты қажет ететін жоба болғандықтан біраз кідіріп қалды. Алайда, осы жылы Жайық өзені жағалауын бекіту және жөндеу жұмыстары барысында біз осы мәселені көтеріп, мердігерлермен келіссөз жүргізетін боламыз. Жолдың жайын айтар болсақ, 6 шақырымдық жолды жөндеу жұмыстарын қарастырамыз. Алайда, қазір жол мәселесімен алдыңғы кезекте тұрған Ақтоғай, Бейбарыс сынды ауылдардың бар екенін ескерген жөн. Өткелдің болашағы не болады? Ауыл тұрғындарының басым бөлігі көпбалалы аналар, оларға үй беру мәселесі шешіле ме? Осы мөлтек ауданды, орталыққа көшіру мәселесі осы күнге дейін қаралды ма?
Халыққа қатынайтын уақытша өткел салу қарастырыл ма? деген сауалдарға аудан басшысы:
-Алдағы уақытта тұрғындардың санын анықтап, үй-жер кезегіне тіркейтін боламыз. Себебі, бұл ауылдың болашағы, бұдан әрі дамуы екіталай дүние, «Уақытша өткел» салуға да заң бойынша рұқсат етілмейді. Себебі, оның өзінің жауапкершілігіне алатын арнайы мекеме, мамандар, құтқарушылар болуы керек, -деп жауап берді.
Ал, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, Азаматтық қорғау майоры Бағдат Абдулиннің жауабы бойынша:
-Қазір ауа-райының құбылмалы болуына байланысты мұздың беріктігі осал. Әр жерден тесіліп, жылым шығуда. Сонымен қатар, мүмкіндік қарастырылып, барлық қауіпсіздік шаралары жасақталып, құралдармен қамтамасыз етілген жағдайда ауылдық елді мекендер бар жерге уақытша өткел ұйымдастырылады. Осы орайда аудандағы құзырлы органдар мен жергілікті әкімдіктің мамандарымен өткелдің орны белгіленеді. Дәл қазіргідей құбылмалы ауа райында, өткелсіз мұздан өту адам өміріне өте қауіпті. Стандарт бойынша, жаяу жүргіншіні 10-12 см қалыңдықта, жеңіл көлікті 20-25 см қалыңдықтағы қатқан мұз көтереді деген тұжырым бар. Әуесқой балықшылардың да мұндай мезгілде жалғыз мұзға шықпауын сұраймыз. Себебі, ауданымызда жағалау құтқарушылары жоқ. «Батыс өңірлік аэроқұтқару жасағы» да өткен жылы қызмет көрсетуін тоқтатты.
Ауыз суға аузымыз тие ме?
Жаңылдық Жоламанова зейнеткер:
- Біздің осы жан-айқайымызды естіп, жағдайымызға зер салатын атқамінерлер бар ма? Болса неге келмейді? Өткен жылы ауыз судың мәселесін, «Ақ бұлақты» айтып «Нұр Отанға», тіпті бұрынғы облыс әкімі Н.Асқарұлына да арызданғанбыз. 2019 да шешімін табады деген, алайда қаржы жоқ деп қайтарып салды. Көзі ашық адамдармыз, жаңалықтан естіп жатамыз, мемлекеттің қанша миллиард қаржысы игерілмей жатқанын. Сондай қаржы неге біз секілді мұқтаж елді мекендерге бөлінбейді. Иә, расында «Ақ бұлақ» бағдарламасы елімізде 2011 жылы іске қосылғанымен, әлі күнге барлық ауыл-аймақтарға жеткен жоқ. Сол уақытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «2020 жылы қалалардағы орталық сумен жабдықтауды пайдалану мүмкіндігі 100 пайызды құрауға тиісті. Ал ауылды мекендерде екі есе – 80 пайызға дейін өсуі керек» деп уәде етсе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: "Келесі өзекті мәселе – халықты сумен қамтамасыз ету. Таза ауыз су әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет", - деген еді елордада өткен ұлықтау рәсімінен кейін.
Өткелдіктердің ауыз су мәселесін аудан әкімінің орынбасары Зұлхарнай Мұқашев былай түсіндірді:
-Су құбырын орнатқан күнде ол өзін ақтай ма? Ол үшін насосты станция керек. Оған кеткен тоқтың шығыны мен операторға төленетін жалақыны да сол есептен шығаруымыз керек. Бұл мәселеден хабардармыз. Әлі де шешу жолдарын қарастырамыз.
Ит-құсқа жем болдық
Мизам Есениязов, «Өткел» мөлтек ауданының тұрғыны:
-Мына тұрған 7 көше жарығын 2 жыл арызданып қондырттық. Тоғайдың ортасында тұрғандықтан, ауылдың маңы жағалай «шакал» дейтін жыртқышқа толы. Азын-аулақ уақ жандықтың бәрін талап, жеп бітірген соң мал ұстаудан қалдық. Енді қазір мал түгілі, адам үшін қорқамыз. Себебі, кеш қарая үй маңын торуылдап, балаша жылап жүретін оларға ауылдағы екі иттің әлі жетпейді. Үйдегі ойын баласын да тысқа жібермей, бағып отырмыз. «Шакалдан» қорқып, мал ұстамасақ, «су жоқ» деп егін салмасақ, біз қалай күн көреміз? Ірі-қараның өзі жайылатын шабындықты да, жеке қожалықтар келіп, қоршап алған.
Сейлбек Зұлқашев, Махамбет аудандық ветеренарлық станциясы КМК-ның басшысы :
-«Бұралқы ит пен мысықты» жоюға бағытталған арнайы бағдарламаға жыртқыш аңдар кірмейді. Оған қоса, біздің ату құралдарымыз 10-15 м қашықтықтан аспайды. Ал, тоғайда өмір сүретін жабайы аңдарды кәсіби аңшылар, аңдып жүріп атып алмаса, ұстатпайды. Қыс мезгілінде жалпы қарсақ, түлкілердің құтыру ауруы күшейетіндіктен, адамға, малға шапса, бірден жұқтырып алады. Бұрын осының алдын алу үшін орман-тоғайларға, құтыруға қарсы қолданылатын дәрі-шоколад тасталынған. Қазір бұл әдісті қолданбайтын секілді.
Түйін:
Атырау қаласында осы бір айдың ішінде 3 мектеп жасындағы оқушы мұз ойығына түсіп, мерт болды. Әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген жантүршігерлік видеолар мен суреттер соның дәлелі. Өкінішке орай, бұл ретте балаларды қараусыз қалдырған ата-аналардың жауапсыздығы әрине. Ал, мамандар ше? Жағалау күзеті, құтқарушылар қайда қарап отыр? Облыс орталығында мұндай салғырттық орын алып жатқанда, ауыл маңында суға кетіп жатқан адамға қалай көмектесеміз. Қаладан келетін мамандарды күтеміз бе? Әлде өз өмірімізді қауіпке тігіп, көмекке жүгіреміз бе? Әрине, ақыл-есі дұрыс адам екінші әрекетті жасайды.
«Жайық» өзенінің бетіне жасанды өткел салуға рұқсат етілмеген болса, Махамбет ауылдық округі әкімінің орынбасары келіп, неге тақтайшадан жарамсыз трап жасап кетті? Барлық қажеттілігі аудан орталығына қарап отырған арғы беттегі бұл мөлтек ауданның болашағы не болмақ? Жолы жасалып, өткелі салына ма ол уақыттың еншісінде. Бірақ, өткелдіктер күндегі әдетінше шакалдың шабуылынан, мұздың ойылуынан қорқып, күйбең тірлігін жалғастырып жатыр.
Айнұр САТАЕВА