Жерді мақсатсыз пайдаланушыларды қатаң сынға алды.
Ақжайық аулында тұрғындармен кездескен Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов жерді мақсатсыз пайдаланушыларды қатаң сынға алды.
-Бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында пайдаланылмаған жер телімдерін мемлекетке қайтаруға байланысты мәселені қозғады. Атырау облысы бойынша жасалған мониторинг қорытындысына сәйкес жерге қатысты заң бұзушылық тек Махамбет және Исатай аудандарында орын алған.
Соңғы үш жылда Махамбет ауданы бойынша 23,3 мың гектар, яғни 198 жер учаскесі игерілмеген. Аудан әкімдері мен жер қатынастары бөлімінің басшылары көп жылдардан бері, жерді заңсыз беру жұмыстарымен айналысқан.
Бір сөзбен айтқанда жерді маташа қиып бөліске салып отырған. Тұрғын үй саламын деп бірнеше гектар жерді алып, тұрғындарға сатумен айналысқандар да кездесіп отыр. Бұл мәселе Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.
Осы олқылықтың орнын толтыру мерзімі 1 жыл уақытқа қысқартылды. Ендігі жерде ата-бабаларымыздан қалған асыл мұрамызды алыпсатарлардың тауарына айналдыруға жол бермеуіміз керек -деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Б.Сүйеуова