Аудан әкімі қанша жалақы алады?

Республикалық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі әкімдердің қызмет барысындағы ашықтығы мен халыққа жақындығын көрсетуге мүмкіндік беретін «Сыбайлас жемқорлық біз үшін емес» республикалық акциясын бастады.

Мақсат – аудандағы атқамінерлердің жұмысына қоғамдық бақылау жүргізу. Акция барысында жобалық кеңсенің аудандағы өкілімен бірге аудан тұрғындарының аудан әкімдігінің жұмысына және сыбайлас жемқорлыққа деген көзқарасын білмек мақсатта пікірлеріне құлақ түрдік. Осы арқылы аудан әкімдерінің рейтингісі анықталмақ. Алдымен Бейбарыс ауылында атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап, тұрғындармен пікірлескенбіз. Қызу жұмыстар жүріп жатқандығы байқалады. Ауылішілік жол мен жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. 200-ден аса адам «екі қолға - бір күрек» тапқан.

adal21020

- Ауылдың тыныс-тіршілігі жақсарып келе жатыр. Көгалдандыру, жол салу жұмыстары қарқын алды. Газ, жарық, су бәрі келіп тұр. Биылғы ауылішілік жол құрылысы жұмыстарына халықтың ризашылығы шексіз. Бұрын балшық болып, баланы мектепке, балабақшаға апаруда, көлік қозғалысына қиындық туғызып еді. Осы жұмыстардың жүргізілуіне мұрындық болған аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов пен өзіміздің ауылдық округ әкімінің аппаратына алғысымыз шексіз,-дейді ардагер-ұстаз Сания Казиева.

Бейбарыс ауылындағы 600-ге жуық оқушысы бар А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің жанынан бастауыш сынып оқушыларына арнап мектеп құрылысы басталмақшы. Зейнеткер апамыз «Кез келген адам жауапты жұмысқа тағайындалған уақытта алдына міндет, мақсат қояды. Сол анттан таймай, таза жұмыс жасаса ғана сыбайлас жемқорлықтың жолы кесіледі» деген пікірде.

- Қазіргі кезде ел басқарудың жаңа форматы өмірге келіп, билік пен халықтың арасы жақындай түсуде. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев та, мемлекетіміздің қазіргі басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөздерінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», билік пен халықтың арасындағы ашықтық жайлы жиі қозғалып келеді. Ашықтық деген ол - халықтың өз пікірін аса білімділікпен, білімдарлықпен билікке ашық айта алуы, талабын қоя білуі. Биліктегілер, абыройлы қызметтегілердің жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, халықтың мүддесінен шыға алмай отыруы, әрине, адамдарды қынжылтады. Осы қоғам дертіне айналған жегіқұртпен күрес өз деңгейінде болмаса, биліктің халық алдындағы абыройы артады деп ойламаймын,-дейді аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Жібек Мұғауова.

Сыбайлас жемқорлықпен күреске барлық адам ұлты мен алған біліміне қарамай өз деңгейінде үлес қосу керек. Осы бағытта елімізде «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өмірге келді. Олар халық тарапынан түскен арыздарды өз деңгейлерінде тиісті орындарға жеткізуге атсалысады. Бұл жобалық кеңсе қарапайым халықтың биліктің алдына өз талаптарын қоюына үлкен жол ашады.

- Аудан әкімдігі «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірге бірқатар жұмыстар жасады. Осы жақында Ақтоғай, Бейбарыс ауылдары тұрғындарының өтініштері негізінде жобалық кеңсе өкілдерімен, сала мамандарымен бірлесе ауылда жасалып жатқан жол, оның сапасын тексеру бағытында зерттеу жасауға қол жеткіздік. Жобалық кеңсе өкілдері берген ұсыныстарды қабылдап, жұмыстарымызды жетілдірмек ойымызда бар. Ел Президентінің халықпен кері байланысты нығайту бойынша тапсырмасы негізінде аудан орталығына «Ашық әкімдік» кеңсесінің ғимаратын ашуға жұмыстанып жатырмыз,-дейді аудан әкімі Ж.Ахметов.

«Сыбайлас жемқорлық біз үшін емес» республикалық акциясына үн қосқан аудан басшылары өз жалақыларын жариялауы қажет болатын. Аудан әкімінің айтуынша, тамызға дейін 310 мың теңге көлемінде жалақы алып келсе, бүгінгі күні екі есеге ұлғайып отыр. Махамбет ауданында биылғы жылы «Кәсіпкерлерге арналған үкімет», «Бизнес-инкубатор» ашылған болатын. «Бизнес-инкубатордың» кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге көмегі бар. Сол көмекке ие болғандардың бірі – Тілекші Бисембай.

a

- Бүгінгі күні елімізде кәсіпкерлерге, әсіресе, жастарға көптеген қолдаулар көрсетілуде. Оларға түрлі оқыту курс тарына қатысуға, тегін гранттар мен несиелерге ие болуға мүмкіндік мол. Өткен жылы «ZhasProject» жобасына қатысып, қаржылай қолдауға ие болып, менталды арифметика, жылдам оқу, каллиграфия курстарын өткізудеміз. Осы оқу жылында шахмат курсын қосып отырмыз. Алдағы уақытта робототехника курсын қосу да жоспарымызда бар. Бұл жердің артықшылығы, біріншіден, орталықта орналасуы және кәсіпкерлерге жалдауға бастапқы айында тегін беріп, кейін қолжетімді баға қоюы. Біздерге осындай мүмкіндікті сыйлаған аудан әкімдігіне, кәсіпкерлік және туризм бөліміне өз атымнан және қолдауды сезінген барша жас кәсіпкерлердің атынан зор ризашылығымды білдіргім келеді,-дейді оқу орталығының жетекшісі.

Халықтың сенімінен шығу биліктегілер үшін қандай маңызды болса, өтініші мен арызы аяқсыз қалмауы кез келген қазақстандық үшін үлкен маңызға ие. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың аяқ алысына қарап, тұрғындардың шағымы да азайып келе жатқандығын байқау қиын емес.

А.ҚАЗБЕК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT