Атыраулық 93 шәкірт "Елбасы медалімен" марапатталды

Атырау қаласындағы 7 білім беру ұйымында және Құрманғазы мен Жылыой ауданында 93 шәкірт  «Елбасы медалімен» марапатталды.

Аталған жобаға Атырау өңірі бойынша 600-ден аса оқушы мен студенттер қатысты, деп хабарлайды Атырау облысы Білім беру басқармасының баспасөз қызметі.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында өткен марапаттау рәсіміне облыстық Білім беру басқарма басшысы Сатқан Есенғалиев  арнайы барып, марапаттауға қатысты.

Облыстың бас педагогы Сатқан Ыбырайұлы Назарбаев қорының қолдауымен «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры іске асырған «Ел үміті» жобасының маңызына тоқталып, жеңімпаздарды құттықтады. Сондай ақ басқарма басшысы жеңімпаздарға  медаль, төсбелгілерді табыс етті.

Осылайша, Атырау облысы бойынша «Елбасы медалін» Құрманғазы ауданы Абай атындағы о/м., Қызылқоға ауданы Б.Аманшин ат о/м., Атырау  облысы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп- лицей  интернаты,

Атырау  облыстық  дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар ұлттық гимназия,  Атырау  облыстық  дарынды балалар мектеп- интернаты, «Білім-Инновация» лицей- интернаты,  Назарбаев зияткерлік мектебі,  IT  мектеп-лицейі, Атырау  облысы дарынды балаларға арналған Жылыой  лицей  интернаты, Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжі, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі шәкірттері иеленді.

«Елбасы медалін» иеленген 104 шәкірттің 11-і 2020 жылы марапатталса, қалған 93 қатысушы 30 наурызда өткен салтанатты рәсімге қатысты.

Еске сала кетелік, «Елбасы медалі» - жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Бағдарлама 7 негізгі бағытты, яғни,  спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар, жорықтар, еңбек практикасын қамтиды.

Жоба 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған. Бағдарламаға қатысу арқылы, жастар өз уақытын басқаруға, мақсат қоюға және оған жүйелі түрде қол жеткізуге, салауатты өмір салтын ұстануға,  өзін-өзі дамытуға дағдыланады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT