Атырауда әлеуметтік нысан саны артады

Атырау қаласында биыл бір «ТШО» серіктестігі және тоғыз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы барлығы он балабақша пайдалануға берілмек, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов баспасөз брифингінде мұнайлы мекеннен бой көтеретін маңызды әлеуметтік нысандарға тоқталды. – «НКОК» және «Игілік» («ТШО») бағдарламасы есебінен 480 орындық үш балабақша құрылысы басталады, - деді ол.

– Сонымен бірге, қазір салынып жатқан 4024 орындық тоғыз мектептің үшеуі биыл аяқталмақ. Осы жылы тағы төрт мектептің (2010 орын) құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарлануда. Бұдан бөлек, орта кәсіптік білім беру колледждерінің шалғайдан келетін студенттері үшін облыс орталығынан 200 орындық жатақхана мен Аққыстау ауылынан кәсіптік лицей салынуда. Денсаулық сақтау саласы бойынша да биыл 375 орындық жеті нысан (фельдшерлік-акушерлік пункттер, отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар, медпункт, аурухана) салынып жатыр. Оның алтауы биыл пайдалануға берілмек. Сол сияқты, «НКОК» қаржысына Береке мөлтекауданында 50 келушіге арналған жанұялық-дәрігерлік амбулатория мен Атырау қаласында балаларға арналған оңтайландыру орталығына 80 орындық жапсаржай салу жоспарлануда.

Сондай-ақ, Атырау қаласында Бірінші Президент саябағы «НКОК», ал, облыстық, қалалық мұрағат, Бейбітшілік және келісім сарайы «ТШО» қаражатына салынбақ. Мәдениет үйлері де назардан тыс қалмайды.

Сарытоғай ауылында 200, Мұқырда 400, Тасшағылда 300 және Азғырда 100 орындық нысан тұрғызылуда. Сонымен қатар, қазір құрылысы жүріп жатқан алты спорт нысанының төртеуі биыл бітеді деп күтілуде.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT