Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Атырауда «Абай орталығында» қайырымдылық марафоны өтті.
«30 игі іс» акциясы аясындағы шараны облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова ашып, марафонның өңір басшысының бастамасымен және демеушілердің қолдауымен өтіп отырғанын айтты.
-Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, елімізде «30 игі іс» қайырымдылық марафоны өтуде. Атырау облысында да акция аясында көп балалы отбасыларға, ерекше қажеттіліктері бар балалардың аналарына, жалғыз басты аналарға көмек көрсетілуде. Мейірімділік пен қайырымдылық акциялары жыл соңына дейін жалғасады,- деді Бақытгүл Хаменова.
Марафон барысында ерекше балалары бар аналарға және көп балалы отбасыларға 15 мың теңге көлемінде қаржылай сертификаттар, азық-түліктер пакеті және гүлдер табысталды. Осындай сыйлықтарға облыс бойынша 2000-нан аса атыраулық ие болды. Сертификат алғандардың бірі Мнупар Жамбылова. Ол сал ауруына шалдыққан немересін тәрбиелеп отыр.
– Қызымның бес баласы бар. Олардың бірі сәби күнінен сал ауруына шалдыққан. Бес баланы бағып-қағудың өзі оңай емес. Оның үстіне ерекше қамқорлықты қажет ететін сәбидің күтімі мүлдем қиын. Сондықтан, ерекше қамқорлықты қажет ететін Саида житенімді өз жауапкершілігіме алдым. Әркез еміне алып барамын. Жиенімізді емдету мақсатымен Қазақстанның барлық үздік клиникаларында болдық. Оның емі үшін үнемі көмек көрсетіп келе жатқан әкімдік өкілдері мен қала тұрғындарына алғыс айтамын. Мереке алдында ерекше балаларға тағы да қамқорлық жасалуда. Ризашылығымыз шексіз, – дейді Мнупар Жамбылова.