Махамбеттік қолөнерші шеберлік сағатын өткізді

Қазақтың қолөнерi – ұлтымыздың ежелден келе жатқан асыл мұрасы. Атадан балаға мирас болып келе жатқан осы құндылықтарымызды бүгiнгi күнде жалғастырып, насихаттап жүрген ауданымызға танымал қолөнерші Зина Қуанышқалиева Махамбет ауылында қыз-келіншектер үшін шеберлік сағатын өткізді.  Ұлттық өнерімізді дәріптеуге арналған шараның ұйымдастырушысы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы.

   Бір күнге созылған шеберлік сағатына  қолөнерге қызығушылығы басым 10 қыз-келіншек қатысты.  Шеберлік сағатында меринос қойының жүнінен ер адамдарға арналған тақия басу жұмысы үйретілді. 

-Маған бұл өнер марқұм анамнан дарыған. Анамнан қалған текемет басу, киіз бұйымдарын жасау істерін жалғастыру мақсатында білімімді жетілдірдім. Қазір өзім де шәкірт тәрбиелейтіндей дәрежеге жеттім. Әже-апаларымыз бізге мирас-мұра етіп  қалдырған,  жоғалып бара жатқан ұлттық құндылығымызды заманауи түрде қайта жаңыртуға өз үлесімді  қосып, алған білімімді кейінгі жастарға үйретіп, мұра қылып қалдыруды парызым деп білемін. Киіз бұйымдарына деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Оны бесіктегі баладан, еңкейген кәріге дейін тұтына алады.  Өйткені,  емдік қасиеті  мол. Бір температураны ұстап тұрады, 37 градуста, суықтан сақтап, терлетпейді. Суық өткізбейді, бойдағы термен бірге бөлініп шыққан улы заттан арылтады. Бұрындары, ата-әжелеріміздің денсаулығы, белдері аяқтары ауырмаған. Себебі олар киіз төсенішке жататын болған. Аяқтарына мәс киіп, жүннен тоқылған шұлық, киізден белдемше таққан. Сол заманның үлкендері аяқ сырқырап ауырады дегенді білмеген. Шала туған нәрестені киізден жасалған бөрікке салып, дамытып адам қылған. Киіз төсеніш бар  шаңды ауаға үйге таратпай өзіне жинап тұрады. Шеберлік сағатын өткізу үшін арнайы шақырған «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына, сабағыма келіп қатысып, қызығушылықпен білім алған қыздарға ризамын – дейді қолөнерші.

«Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының директоры Жексенбай Пазуловтың айтуынша бүгінде көптеген әйел аналар тігіншілікке бет бұрып, киізден бұйым жасау ісі кенже қалып жатқан көрінеді.

-Оның үстіне шаруа қожалықтарында малдың жүні ешқандай пайдаға асырылмай қоқысқа айналып жатыр. Он саусағынан өнері тамған Зина секілді апалар ауылымыздың қыз-келіншектеріне жүннен бұйым жасау ісін үйретсе, шәкірттері алған білімін шыңдап, өз кәсіптерін ашса нұр үстіне болар еді деген оймен бүгінгі шараны ұйымдастырдық. Ұлттық өнерімізді кәсіпке айналдырып, нәсібін арттыруға ынталы апа-қарындастарымыздың қызығушылық танытып, шеберлік сағатына қатысқаны мені қуантты. Алға қарай да мұндай сабақтарды жиі ұйымдастыруға жұмыстанатын боламыз, - дейді ол.

Шеберлік сабағына қатысып, жүннен тақия жасауды үйренген сарытоғайлық Лариса Сахиева қолөнердің қыр-сырын үйреткен Зина Қуанышқалиева мен осы шараны өткізген «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына барша қатысушылардың атынан алғыс білдірді.

Шеберлік сабақ соңында оларға  білім алғаны жөнінде сетрификат табыс етілді.

Б.Сүйеуова

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT